Сұрақ: Ата-ананың дұғасында хикмет бар ма?
Жауап: Иә, ата-ананың дұғасында хикмет бар. Бүгінгі ата-ана кешегі перзент болған кісілер. Перзент ұясында жақсы тәрбие көрсе, ата-ана оның жемісін көретіні хақ. Ата-ана перзенттеріне үлгі болғаны – қайырлы іс. Ата-ананың дұғасында перзент үшін істің алға басуына, берекелі болуына, рухани қорғау болуына, ұрпақ өміріне үлес қосатын хикметтер мен тәрбиелік мән бар. Үлкендерден бата алу аздық етпейді.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, ал, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», «Үш дұға ешқандай күмәнсыз міндетті түрде қабыл болады: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына жасаған дұғасы» деген. Мұндай мазмұндағы хадистер көп айтылған. Жалпы мәні мен мақсаты ата-анасын ренжітпей, олардың ақ батасы мен ризашылығын алу. Ал, жақсы перзент болалмай ата-анасын ренжітсе, қасиетсіз болса, олардың теріс батасыда қабыл болатыны белгілі.
Үлкендерден бата алу үрдісі баланы үлкенді сыйлауға, мейірімділікке, кішіпейілділікке және жауапкершілікке тәрбиелейтіні белгілі. Демек, «Қарғыс алма, алғыс ал» демекші, қандай жағдай болсада ата-анаға жақсылық жасау перзентке міндет екен.
Икрам АЙТАЕВ









