Сұрақ: Арабша сөздерді қолдану тақуалықты білдіре ме?
Жауап: Қазақ тілі құрамында араб пен парсы кірме сөздері көп. «Субханалла», «Әлхамдулилла», «Аллаһу акбар» сынды діни термин сөздерді құлшылықта және т.б. кезде өзіндік қолданыс аясы бар. Қазақ тілінде «Құдай қаласа», «бұйырса», «рақмет», «Аллаға мадақтар болсын» сынды баламасы бар ұғымдарды білмегендіктен, дайын діни тіркестерді орынсыз қолдану қоғамда кездеседі.
Бір, екі арабша сөзді қолданып адам тақуа болып кетпейді. Кейбір адамдар араб тілінен енген діни сөздерді сөйлеу мәнерін ерекшелеу үшін мағынасына үңілмей қайталайды. Ал, «ахи», «ухти», «аъузубилла», «бидғат» деген жаңа діни термин сөздерін орынсыз қолдану, «уаллаһи», «биллаһи» деп ант-су ішу де белең алған. Мұндай жайттар қоғамда түсінбеушілікке әкелетін құбылыс.
Әдетте жалған сәлафи діни ағым мүшелері жоғарыдағы сөздерді айтумен көпшіліктен оқшауланып жүреді. Мұндай оқшаулануға себепші – радикалды шетелдік уағызшылар.
Кез келген діни термин сөзді қолданбас бұрын оның нақты қандай жағдайда айтылатынын білу қажет. Сонымен, өзіне тиесілі рухани, ғылыми немесе ғибадат аясында ғана құрметпен пайдалану дұрыс болмақ.
Икрам АЙТАЕВ










