Таяу күндері Меккеде ұмра қажылықта тауап жасап жүрген қажылар күн қатты ыстық болып қиналады. Бір мезетте қараса, аспанда кішкентай ғана бұлт пайда болып, күннің бетін жауып тұрып алады. Қажылар қуанып тауаптарын жалғастырып, Аллаға мадақ айтады.
Бұл тосын оқиғаны кейбіреулер Алланың мұғжизасына балап видеоға, фотоға тартып дүние жүзіне таратып та жіберді.
Әлбетте, бұл оқиғада ойланған адам үшін үлкен ғибрат бар, бейне бір Алла Тағала: «Ей, пенделерім! Сендердің рия үшін істеген таудай істеріңнен, тарыдай болсын Менің ризалығымды қалап жасаған амалдарың артық. Сол амалдарың мына кішкентай бұлт күннің көзін тасалағандай, сендерге тозақ отынан қалқан болады», деп тұрғандай.
Расында Құраннан кейін келетін «Сахих Бұхари» кітабындағы ең алғашқы хадис: «Шынында амалдар ниетке байланысты…», деп келгендей, мұсылман адам қандай да бір сауапты істі аз көрмей Алла ризалығы үшін жасауға тырысып, ал қандай да бір күнәні жеңіл деп санамай, Алладан қорқып жасамаса, міне дұрыс жол осы емес пе?!
Сондықтан таудай рия араласқан амалдан гөрі, тарыдай болсын Жаратқанның ризалығына лайық амал жасауды нәсіп етсін баршамызға!
Қуат ҚАБДОЛДА










