Сұрақ: Былапыт сөздің салдары қандай?
Жауап: Ислам – адамға жақсы атақ әкелмейтін жағымсыз іс-әрекеттер мен сөздерді құптамайтын дін. Жағымсыз іс-әрекеттер адамды күнәға апарады. Ислам мұсылманға немесе кез келген адамға былапыт сөз айтудан, біреуді балағаттауға және тіл тигізуден қайтарады. Шариғатта мұндай амалдар үлкен күнә болып саналады.
Ислам тағылымында өзгені балағаттап, ренжіткен адам оның хақысын жеген болып есептеледі.Шынайы мұсылман өзгелерге тілімен де, қолымен зиян тигізбеуге тиіс. Әдетте былапыт сөз сөйлеу иманның әлсіздігін, адам деңгейінің төмендігін көрсетеді. Мұсылман адам тек жақсы сөз сөйлеуі керек, егер айтар жақсы сөзі болмаса, үндемегені абзал болады. Ал, жаман қасиет иесі болуына діннің қатысы жоқ. Бұл өзінің дұрыс тәрбие алмағандығы.
Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Аллаға иман еткен кісі – міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді емес», десе, тағы бір хадисінде: «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Алла Тағаланың былапыт сөз айтатын кісіге ашуы келеді», деп, жағымсыз іс-әрекеттерден қайтарған.
Демек, балағат, былапыт сөздерді айту адамгершілікке және діндарлыққа лайықты амал емес екен. Жамаз сөзден арылып, жақсылыққа үміттенген абзал.
Икрам АЙТАЕВ








