Әлеуметтік желіде тараған бір бейнежазба немесе орынсыз пікір кейде тұтас ұлтқа қатысты теріс көзқарас қалыптастыруы мүмкін. Әсіресе, адамның әрекетін оның ұлтымен немесе діни сенімімен байланыстыру қоғамдағы өзара сенімге сызат түсіреді. Яғни ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауда стереотиптерден арылу мен ақпаратты сын көзбен қабылдаудың маңызы зор.
Стереотип сенімге сызат түсіреді
Қоғамдағы алауыздық кейде үлкен оқиғадан емес, қарапайым сөзден басталады. «Олардың бәрі сондай», «бұларға сенуге болмайды», «біздің ортамызға жат» деген пікірлер күнделікті өмірде де, әлеуметтік желіде де кездеседі. Бір қарағанда, бұл жеке адамның көзқарасы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мұндай сөздер жиі қайталанса, тұтас бір қауымға деген күдік қалыптастырады.
Стереотип дегеніміз – белгілі бір топ туралы қалыптасқан жалпылама түсінік. Оның ықпалына түскенде адам нақты жағдайды зерттеудің орнына бұрыннан таныс пайымға сүйенеді. Біреудің мінезін ұлтымен, дүниетанымын киімімен, ниетін діни ұстанымымен байланыстырып бағалайды. Мәселен, бір адам заң бұзды делік. Оның әрекетін нақты дерекке сүйеніп талдауға болады. Бірақ «бұл ұлттың адамдары осындай» деген қорытынды жасалса, жеке жауапкершілік тұтас қауымға жүктеледі. Оқиғаға еш қатысы жоқ адамдар да күдікке ілігеді.
Бір адамның әрекетін тұтас халықтың мінез-құлқымен байланыстыру қоғамдық келісімге нұқсан келтіреді. Мұндай көзқарас адамдарды жеке қасиеті мен іс-әрекетіне қарай емес, белгілі бір топқа қатыстылығы бойынша бағалауға итермелейді. Мәселен, көшеде екі азамат жанжалдасты. Оның себебі тұрмыстық келіспеушілік болуы мүмкін. Алайда оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіге жарияланып, қатысушылардың ұлты ерекше көрсетілсе, жағдай басқаша сипат алады. Тіпті оқиғаға ешқандай қатысы жоқ адамдардың арасында да түсінбеушілік туындауы ықтимал. Дін мәселесінде де осындай жағдай кездеседі. Кейде діни уағыздың қысқа үзіндісі бастапқы мазмұнынан ажыратылып жарияланады. Соның салдарынан бір адамның сөзі бүкіл діни қауымның ұстанымы ретінде қабылдануы мүмкін. Белгілі бір топ туралы жаңсақ пікірі бар адамның бәрін радикалды идеяның жақтаушысы деуге болмайды. Дегенмен мұндай түсініктер өзгені кемсітуге, құқығын шектеуге немесе зорлық-зомбылықты ақтауға ұласса, қоғамдық қауіп күшейеді.
Әлеуметтік желідегі арандатушылықтың қаупі
Ақпараттық технологиялардың дамуы адамдар арасындағы байланысты жеңілдеткенімен, жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы материалдардың таралуына да жол ашты. Бұрын белгілі бір ауылда немесе қалада болған жанжал сол өңірдің шеңберінде қалуы мүмкін еді. Қазір бірнеше секундтық бейнежазба қысқа уақытта мыңдаған адамға таралады. Оның қайда, қашан түсірілгені немесе оқиғаға не себеп болғаны белгісіз болса да, желі қолданушылары пікір білдіруге асығады. Әсіресе ұлт пен дінге қатысты мәселелерде ақпараттың бұрмалануы қауіпті. Өйткені мұндай жарияланымдар адамдардың эмоциясына әсер етіп, қалыптасқан түсініктерді күшейтуі мүмкін.
Әлеуметтік желіден ашу туғызатын хабарды көргенде, оны бірден шындық деп қабылдап, таратуға асықпаған жөн. Алдымен ақпараттың қайдан шыққанын, оқиғаның қашан және қай жерде болғанын анықтау қажет. Қысқа бейнежазбада оқиғаның маңызды бөлігі көрсетілмеуі, ал оған жазылған тақырып мазмұнын бұрмалауы мүмкін. Сондықтан бейненің толық нұсқасын қарап, хабарды басқа сенімді дереккөздермен салыстыру асығыс қорытындыдан сақтайды.
Ақпаратты тексеру қарапайым талап болып көрінгенімен, оның қоғамдық келісімді сақтаудағы маңызы зор. Себебі жалған немесе бұрмаланған мәліметтің салдары виртуалды кеңістікпен шектелмейді. Ол нақты адамдардың қарым-қатынасына, бір-біріне деген сеніміне әсер етуі мүмкін. Мәселен, әлеуметтік желіде бір адамның әрекеті оның ұлтына немесе діни сеніміне байланыстырылып жарияланса, сол қауымның өзге өкілдері де негізсіз айыптауға ұшырауы ықтимал. Сондықтан ақпарат таратушының да, оны қабылдаушының да жауапкершілігі маңызды. Әсіресе ұлтаралық және дінаралық қатынастарға қатысты жарияланымдарда нақты дерек пен жеке пікірдің ара-жігін ажырату қажет.
Қоғамдық келісім әр азаматтан басталады
Ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау тек мемлекеттік органдардың немесе қоғамдық ұйымдардың міндеті емес. Бұл – әр азаматтың күнделікті қарым-қатынасынан басталатын ортақ жауапкершілік. Қоғамдағы өзара сыйластықтың қалыптасуына отбасы тәрбиесі де әсер етеді. Бала үлкендердің өзге ұлт пен діни сенім өкілдері туралы айтқан сөзін естіп өседі. Егер отбасында адамдарды ұлтына немесе дүниетанымына қарап кемсіту қалыпты жағдайға айналса, мұндай көзқарас келесі ұрпаққа да берілуі мүмкін. Ал өзгенің дәстүріне құрмет көрсету, адамның қадір-қасиетін бағалау және әркімнің жеке жауапкершілігін түсіндіру балалардың дүниетанымын қалыптастыруға көмектеседі. Қазақстанда түрлі этнос пен діни сенім өкілдерінің қатар өмір сүруі қоғамдағы өзара түсіністік пен жауапкершіліктің маңызын арттырады. Сондықтан әрбір азаматтың сөзі мен әрекеті қоғамдық келісімді нығайтуға да, әлсіретуге де ықпал етуі мүмкін.
Балауса СЫЗДЫҚОВА,
Қызылорда облысы діністері
басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу
орталығының» бөлім басшысы









