Дін – адамды ізгілікке, сабыр мен мейірімге, жауапкершілікке тәрбиелейтін рухани құндылық. Алайда кейде діни ұстанымды берік сақтау мен қоғамнан оқшауланудың ара-жігі ажыратылмай жатады. Кейбір адамдар діни көзқарасын өзгерткеннен кейін туған-туысымен араласуды азайтып, бұрынғы достарынан алыстап, тіпті өзі өмір сүріп отырған қоғамның құндылықтарын түгелдей теріске шығара бастайды. Мұндай әрекеттерді діндарлықтың белгісі деп қабылдауға бола ма? Адамның имандылығы оны қоғамнан бөлектей ме, әлде керісінше, айналасына жақындата ма? Осы мәселелер жөнінде Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» аға мамны Нұрдәулет Бауыржанмен әңгімелестік.
– Әуелі негізгі ұғымның басын ашып алсақ. Діндар болу дегеніміз не? Адамның діни сенімі оның күнделікті өмірінен, қоғаммен қарым-қатынасынан қалай көрінуі керек?
– Діндар болу дегеніміз – белгілі бір діни рәсімдерді орындаумен немесе сыртқы келбетті өзгертумен ғана шектелмейді. Ол – адамның ішкі дүниесіндегі сенімнің, имандылықтың, адамгершілік ұстанымдарының көрінісі. Шынайы діндарлық адамның мінезінен, сөзі мен ісінен, өзгелерге деген қарым-қатынасынан байқалуы керек.
Ислам дінінде имандылық пен көркем мінездің орны ерекше. Адамның құлшылығы оны өтірік айтудан, біреудің ақысын жеуден, тәкаппарлықтан, әділетсіздіктен сақтауы тиіс. Егер бір адам діни рәсімдерді орындағанымен, айналасындағыларға дөрекілік танытып, өзгелерді менсінбей, қоғамға зиян келтірсе, оның діни түсінігіне сын көзбен қарау қажет.
Демек, діндарлық – адамның қоғамнан алыстауы емес, керісінше, сол қоғамда жауапкершілікпен өмір сүруі. Сенім адамның бойындағы ізгі қасиеттерді күшейтіп, айналасына пайдасын тигізуге жетелеуі керек.
– Бірақ соңғы жылдары кейбір азаматтардың діни ұстанымы өзгергеннен кейін қоғамнан алшақтай бастағанын байқаймыз. Туыстарымен араласпайды, бұрынғы достарынан бас тартады, тіпті зайырлы өмір салтын ұстанатын адамдарды төмен санайды. Мұның себебі неде?
– Мұндай жағдайдың бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, адам діни білімді толық меңгермей тұрып, белгілі бір топтың ықпалына түсіп қалуы ықтимал. Екіншіден, діни мәселелерді біржақты түсіндіретін ақпарат көздеріне тәуелді болуы мүмкін. Үшіншіден, өзінің діни ұстанымын өзгелерден жоғары қоюға бейім көзқарас қалыптасуы мүмкін.
Мәселен, адам белгілі бір діни түсінікті қабылдағаннан кейін айналасындағы адамдарды екіге бөле бастайды. Бірін өзіне жақын, екіншісін адасқан немесе дұрыс жолда емес деп бағалайды. Сөйтіп, бұрынғы достарымен араласуды доғарып, туған-туысының пікірін тыңдаудан қалады.
Бұл жерде мәселе діннің өзінде емес, діни түсініктің қалай қалыптасқанында. Өйткені ислам адамды туыстық қатынасты үзуге, жақындарын менсінбеуге немесе қоғамнан безінуге шақырмайды. Керісінше, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуға, өзара көмек пен сыйластықты сақтауға үндейді.
– Демек, діни оқшаулану адамның сенімінен емес, сол сенімді түсіндіру тәсілінен туындауы мүмкін ғой?
– Дәл солай. Діни сенім мен діни оқшаулануды шатастырмауымыз керек. Адамның құлшылыққа көбірек уақыт бөлуі, белгілі бір діни талаптарды орындауы немесе өмір салтын өзгертуі өздігінен қоғамнан оқшауланды дегенді білдірмейді.
Оқшаулану – адамның әлеуметтік байланыстарын саналы түрде үзуі, өзгелермен қарым-қатынас жасаудан бас тартуы, өзін қоғамның қалған бөлігінен жоғары немесе бөлек санауы арқылы көрінуі мүмкін. Әсіресе діни ұстанымын өзгелерге міндеттеп, өз көзқарасымен келіспейтін адамдарды жау санау – алаңдатарлық құбылыс. Мұндай түсінік уақыт өте келе адамның отбасымен, достарымен, әріптестерімен қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін.
Бірақ әрбір тұйық мінезді немесе әлеуметтік байланысы аз адамды радикал деп бағалауға болмайды. Мұндай қорытынды жасау үшін адамның нақты әрекеттері мен ұстанымдарын ескеру қажет.
– Деструктивті діни ағымдар адамның қоғамнан оқшаулануына қалай ықпал етеді? Бұл белгілі бір идеологиялық тәсіл болуы мүмкін бе?
– Иә, кейбір деструктивті топтарда адамның бұрынғы әлеуметтік ортасынан алыстауына әкелетін тәсілдер кездеседі. Мұның мақсаты – адамның сыртқы ықпалдан тәуелсіз ойлау қабілетін әлсіретіп, топтың ішкі түсініктеріне тәуелділігін арттыру. Алғашында мұндай топтың өкілдері адамға ерекше көңіл бөліп, жанашырлық танытып, өзін түсінетін орта қалыптастыруы мүмкін. Әсіресе өмірінде қиындық көрген, жалғыздықты сезінген немесе рухани ізденісте жүрген адамдар мұндай ықпалға тезірек берілуі ықтимал.
Кейін оның бұрынғы достары мен туыстарына деген көзқарасы өзгеріп, айналасындағыларды діни сауатсыз немесе адасқан адамдар ретінде қабылдай бастауы мүмкін. Тіпті отбасының пікірін тыңдамауға, тек белгілі бір топтың өкілдерін ғана сенімді ақпарат көзі санауға бейімделеді.
Мұның қауіптілігі – адам бірте-бірте өз бетінше ойлаудан қалып, белгілі бір идеологиялық ортаның ықпалына түседі. Сондықтан діни оқшаулануды кей жағдайда адамның санасын бақылауға бағытталған ықпал ету механизмдерінің бірі ретінде қарастыруға болады.
– Мұндай өзгеріс адамның отбасындағы қарым-қатынасына қалай әсер етеді? Мәселен, ата-анасын діни талаптарды дұрыс орындамайды деп айыптайтын, туыстарымен дастарқанда бірге отырғысы келмейтін жастар бар.
– Отбасы – қоғамның ең маңызды тірегі. Исламда ата-ананы құрметтеу, туыстық байланысты сақтау, жақындарға қамқорлық жасау ерекше насихатталады. Сондықтан діни ұстанымды сылтау етіп, ата-анадан теріс айналу немесе туған-туыспен араласуды тоқтату дұрыс түсінік емес.
Әрине, отбасында діни көзқарасқа қатысты келіспеушіліктер болуы мүмкін. Бірі белгілі бір дәстүрді ұстанса, екіншісі оған басқаша қарайды. Бірақ бұл өзара сыйластықты жоюға себеп болмауы керек. Мысалы, ата-ананың діни білімі баласынан төмен болуы мүмкін. Бірақ бұл баласына оларды менсінбеуге құқық бермейді. Діни білім адамның тәкаппарлығын емес, кішіпейілдігін арттыруы тиіс.
Егер жас адам өз сенімін отбасы мүшелеріне дөрекілікпен таңып, олардың өмір салтын түгелдей жоққа шығарса, бұл жерде діни тәрбиенің мазмұны туралы ойлану қажет. Сенім адамды жақындарынан алыстатпай, керісінше, олардың алдындағы жауапкершілігін тереңдете түсуі керек.
– Кейбір азаматтар «менің діни ұстанымым осындай» деп, қоғамдағы ортақ ережелерді, заң талаптарын немесе басқа адамдардың таңдауын мойындағысы келмейді. Діни сенімнің шегі қай жерден басталып, қай жерде аяқталады?
– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл дегеніміз – әр азаматтың ар-ождан бостандығы бар, яғни дінді ұстануға да, ешқандай дінді ұстанбауға да құқығы бар. Мемлекет азаматтарды діни сеніміне қарай бөлмейді. Заң алдында бәрі тең. Алайда ар-ождан бостандығы басқа адамдардың құқығын бұзуға немесе заң талаптарын орындамауға негіз бола алмайды. Әр азамат өзінің діни ұстанымын сақтай отырып, қоғамдық тәртіпті, заңды және өзге адамдардың таңдау еркіндігін құрметтеуі қажет.
Діндар адам да қоғамның мүшесі. Ол да салық төлейді, еңбек етеді, бала тәрбиелейді, қоғамдық өмірге араласады. Сондықтан діни сенім мен азаматтық жауапкершілік бір-біріне қарсы қойылмауы керек. Зайырлылық дінге қарсы ұстаным емес. Ол – әртүрлі сенім иелерінің бір мемлекетте тең құқықпен, өзара құрмет негізінде өмір сүруіне мүмкіндік беретін қағида.
– Қоғамнан оқшауланудың тағы бір көрінісі – адамның өзін ғана дұрыс санап, өзгелердің барлығын қателесуші деп қабылдауы. Мұндай көзқарас діни радикализмге ұласуы мүмкін бе?
– Әрине, бірақ мұнда да асығыс қорытынды жасамау керек. Өз пікіріне сенімді болу немесе діни мәселеде белгілі бір ұстанымды қорғау өздігінен радикализм емес. Алайда өзге көзқарасты мүлдем мойындамау, өзгелерді жаппай айыптау, діни айырмашылықты өшпенділікке айналдыру – қауіпті үрдіс.
Діни радикализм көбіне төзімсіздікпен, ымырасыздықпен және қоғамдағы ортақ қағидаларды теріске шығарумен ұштасады. Адам өзінің көзқарасын жалғыз ақиқат деп қабылдаған кезде, өзгелердің пікірін тыңдау қабілетін жоғалтуы мүмкін.
Ал мұндай ортада сыни ойлау әлсірейді. Адам өзіне ұсынылған ақпаратты тексермейді, белгілі бір топтың айтқанын бұлжытпай қабылдайды. Уақыт өте келе бұл дүниетанымдық тұйықталуға алып келуі ықтимал. Сондықтан діни сауаттылықпен қатар, сыни ойлау мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Адам өз сенімін сақтай отырып, өзгелердің құқығы мен көзқарасына құрметпен қарауды үйренуі керек.
– Жастар әлеуметтік желілердегі қоғамнан оқшаулануға итермелейтін уағыздарды, осындай теріс ақпаратты қалай саралауы керек?
– Қазіргі ақпарат кеңістігінде діни мазмұндағы материалдардың көп болуы өздігінен діни сауаттылықтың артқанын білдірмейді. Өйткені ақпараттың сапасы мен оны ұсынатын адамның білімі маңызды. Жастар ең алдымен уағыз айтып отырған адамның кім екенін, оның діни білімі мен ұстанымын, қандай дереккөздерге сүйенетінін анықтауы керек. Әсіресе эмоцияға құрылған, қорқыныш пен үрей тудыратын, қоғамды «біз» және «олар» деп бөлетін материалдарға сақтықпен қараған жөн.
Егер біреу «сенің отбасың сені түсінбейді», «бұрынғы достарыңмен араласпа», «басқа пікірдегі адамдардың барлығы адасқан» деген мазмұндағы үндеулер жасаса, оның мақсаты мен салдарын ой елегінен өткізу қажет. Діни білімді қысқа видеолардан ғана іздеу де дұрыс емес. Күрделі мәселелерді білікті теологтерден, дінтанушылардан және ресми діни оқу орындарының мамандарынан сұраған жөн.
– Ал діни ұстанымға байланысты қоғамнан оқшаулана бастаған адаммен қалай сөйлескен дұрыс? Оның жақындары қандай әрекет жасауы керек?
– Ең алдымен, ондай адаммен қарым-қатынасты үзбеу керек. Оны бірден айыптап, «сен радикалсың» деп кінәлау мәселені шешпейді. Керісінше, оның неге мұндай көзқарасқа келгенін түсінуге тырысқан жөн. Жақындары сабырмен сөйлесіп, пікірін тыңдап, қажет болса білікті мамандардың көмегіне жүгінуі керек. Кей жағдайда кәсіби психолог пен теологтің бірлескен жұмысы пайдалы болуы мүмкін.
Сонымен бірге адамның күнделікті өмірге араласуына жағдай жасаған дұрыс. Отбасылық кездесулер, ортақ істер, қоғамдық шаралар оның әлеуметтік байланыстарын сақтауға көмектеседі. Ең бастысы, адамға өзін қоғамнан бөліп тастамай-ақ, діни сенімін ұстануға болатынын түсіндіру қажет. Діндарлық пен әлеуметтік белсенділік бір-біріне қайшы емес.
– Әңгімемізді түйіндесек, діндар адам мен қоғамнан оқшауланған адамның басты айырмашылығы неде?
– Ең басты айырмашылық – адамның өзгелерге деген қарым-қатынасынан көрінеді. Діндар адам өз сенімін сақтай отырып, өзге адамдардың құқығын құрметтейді, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді, жақындарына мейіріммен қарайды.
Ал оқшаулануға бейім адам өзінің көзқарасын өзгелерден жоғары қойып, әлеуметтік байланыстарын үзуге, айналасындағы адамдарды қабылдамауға бейім болуы мүмкін.
Біз дін мен қоғамды бір-біріне қарсы қоюдан арылуымыз керек. Өйткені адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Оның сенімі де, білімі де, еңбегі де айналасындағы адамдармен қарым-қатынас барысында көрініс табады. Шынайы имандылықтың өлшемі – адамның қаншалықты көп адамнан алыстағаны емес, қаншалықты көп адамға жақсылық жасай алғаны. Дін адамды қоғамнан бөлетін қабырғаға емес, адамдарды ізгілікке біріктіретін рухани көпірге айналуы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Е.Ерғалиұлы











