Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында медицина саласын жаңғыртуға қатысты алда тұрған міндеттерге айрықша тоқталды. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жетілдіру, учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру – кезек күттірмес мәселе. Осы орайда, Құрылтайда «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және қызметіне берілетін кепілдіктер туралы» жеке заң әзірлеу мәселесі талқыланып жатыр. Біз заң жобасының бастамашысы, Құрылтай депутаты Дана Медеуовамен болған сұхбатымызда саладағы кадр тапшылығы, білікті мамандардың елден кетуі, денсаулық сақтау жүйесіне қажет өзгерістер секілді түйткілді жайттардың тереңіне бойлап көрдік.
Әділ табыс – тиімді еңбек негізі
– Дана Теміртайқызы, медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметіне берілетін кепілдіктер туралы жеке заң не үшін қажет? Оның басты мақсат қандай?
– Ең алдымен, медицина қызметкерлері – елдің ұлттық стратегиялық ресурсы деген ақиқат қағидатты мойындауымыз қажет. Мемлекет қауіпсіздігі туралы сөз қозғағанда, әдетте қорғаныс, экономика, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін алға тартамыз. Алайда оның тағы бір іргелі құрамдас бөлігі – халық денсаулығы екенін ұмытпаған абзал. Азаматтары сапалы медициналық көмекке қол жеткізіп, денсаулық сақтау жүйесі білікті маман тапшылығын сезінбеген жағдайда ғана мемлекеттің қуатты болатыны күмәнсіз.
Бүгінде медицина қызметкеріне орасан зор жауапкершілік жүктелген. Соған сәйкес оның құқықтық мәртебесін, еңбек кепілдіктерінің қорғалу тетіктерін күшейту қажет. Қолданыстағы заңнама кәсіби қызмет пен әлеуметтік қолдаудың негізгі шараларын реттегенімен, бұл жүйені сапалық тұрғыдан жетілдіру керек. Өйткені кәсіби мәртебе мен кепілдіктерге қатысты нормалар көбіне әртүрлі құқықтық актілерде жеке-жеке орналасқан. Сондықтан Құрылтай депутаттарынан құрылған арнайы жұмыс тобы дәрігерді қорғаудың нақты құқықтық тетіктерін бекітетін жеке заң қабылдауды ұсынып отыр.
Медицина қызметкеріне лайықты еңбекақы мен құқықтық кепілдіктер бермей, одан алатын емнің нәтижесі үшін аса жоғары жеке жауапкершілікті талап ету қисынсыз. Дәрігердің қауіпсіздігі, кәсіби өсуі мен әділ табысы – оның адал әрі тиімді еңбек етуіне негіз болатын жағдайлар.
– Медицина қызметкерлерін мемлекеттің стратегиялық ресурсы деп атадыңыз. Бұл іс жүзінде нені білдіреді?
– Бұл мемлекеттің медицина кадрларын аса маңызды ұлттық құндылықтың бірі ретінде бағалауы керек екенін айғақтайды. Білікті маман даярлау ұзақ жылғы оқу мен тәжірибені, мемлекет пен болашақ маман тарапынан қомақты қаражатты талап ететіні белгілі. Бірақ жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломның өзі жеткіліксіз. Нағыз кәсіби маман көп жылғы клиникалық тәжірибе барысында қалыптасады. Осындай маман кәсіптен немесе елден кеткенде, біз бір дәрігерден ғана айырылмаймыз, жинақталған тәжірибеден, кәсіби құзыреттерден, болашақ тәлімгерден әрі азаматтарымызға сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігінен қол үземіз.
Сондықтан тәжірибелі мамандардың жүйеден кетуі ерекше алаңдатады. Мұндай шығынның орнын медицина университеттерінің түлектерін көбейту арқылы ғана толтыру мүмкін емес. Жаңа кадрларды даярлаумен шектелмей, оларды салада ұстап қалу, кәсіби қалыптасуы мен тәжірибесін келесі буынға жеткізуіне жағдай жасау қажет. Демек, медицина кадрларын сақтау – мемлекеттің ұзақ мерзімді ұлттық мүддесіне қатысты мәселе.
Біз кадр тапшылығын тек толықтыру саясатынан мамандарды ұзақ мерзімге тұрақтандыру жүйесіне көшуді ұсынамыз. Ол үшін кәсіби мамандардың өз саласында қалуына, мансаптық өсуі мен еңбегінің лайықты бағаланатынына көз жеткізуіне мүмкіндік беруіміз керек.
– Расында, білікті мамандардың шетелге кетіп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Бұл алаңдатарлық құбылыстың бірі. Жаңа заң бұл үрдісті қаншалықты өзгерте алады?
– Заң жобасын әзірлеу барысында біз өзімізге Қазақстанда білім алып, тәжірибе жинаған дәрігер неге лайықты еңбек жағдайы мен кәсіби мүмкіндікті өз елінен емес, тыс жерден іздейді деген маңызды сұрақ қойып, іздендік. Әрине, кәсіби көші-қонның себептері сан алуан. Алайда, еңбекақы деңгейі мен еңбек жағдайлары шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар әлеуметтік қорғалу, мансаптық өсу мүмкіндігі мен шет елдегі дәрігер мамандығының қоғамда беделді болуы да ықпал етіп отыр.
Осыған орай, «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және қызметіне берілетін кепілдіктер туралы» заң жобасында еңбекақы төлеуді жетілдіру, ауылдық жердегі мамандарға қосымша кепілдіктер беру, кәсіби дамуды қолдау әрі кәсіби құқықтарды қорғау тәсілдері қарастырылған.
Алайда кадрдың кетуін бір заңмен, бір күнде тоқтату мүмкін емес екені шындық. Бұл үшін жүйелі әрі дәйекті мемлекеттік саясат қажет. Соған қарамастан, мұндай заңның қабылдануы мамандарымыздың кәсіби болашағын Отанымен байланыстыруына жол ашатын маңызды қадам болады деген үміттеміз. Ел денсаулығын сақтау жолындағы ауыр жүкті көтеріп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегін тиісті бағалап, оларға мемлекеттік деңгейде лайықты қолдау көрсететін уақыт жетті.
Дәрігер құқығы қорғалуы қажет
– Осы жерде заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің күнделікті өмірінде нақты нақты қандай өзгерістер боларына кеңінен тоқталып өтсеңіз.
– Болашақ заңның тек жалпы анықтамалар мен декларативті нормалардан тұратын құжатқа айналмауы біз үшін өте маңызды. Оның құндылығы медицина қызметкерінің жұмыс орнында сезінетін шынайы өзгерістермен өлшенеді. Біз өзара байланысты бірнеше бағытты қарастырып отырмыз.
Біріншіден, медицина қызметкерінің ерекше кәсіби мәртебесін заң жүзінде бекіту. Бұл медициналық қызметтің айрықша қоғамдық маңызын, кәсіби жауапкершілік деңгейін әрі оны атқару кезінде арнайы кепілдіктердің қажеттілігін мойындауды білдіреді.
Екіншіден, біліктілікті, жұмыстың күрделілігін, кәсіби тәуекелдерді және жауапкершілік дәрежесін ескере отырып, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру. Күрделі клиникалық шешімдер қабылдап, жоғары жүктемемен жұмыс істейтін медицина қызметкерінің еңбегі жалақысына сай болуға тиіс.
Үшіншіден, кәсіби қауіпсіздік, тәуелсіздік және құқықтық қорғау кепілдіктерін күшейту. Дәрігер пациенттің мүддесін, клиникалық көрсетілімдерді және кәсіби стандарттарды басшылыққа алып, заңсыз араласу мен қысымсыз медициналық шешім қабылдай алуы керек.
Төртіншіден, әлеуметтік кепілдіктерді дамыту. Мұнда материалдық қолдау да, тәлімгерлік пен біліктілікті арттыруға, еңбекке қабілеттілікті қалпына келтіруге және кәсіби қажудың алдын алуға жағдай жасау да маңызды.
Сонымен қатар елдің әр өңірінде сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуы үшін ауыл медицинасы қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлеміз. Біз әр маман мемлекеттік қолдауды сезінуі керек деп ойлаймыз.
– Қазір қоғамда көп талқыланып жатқан тағы бір өзекті мәселе – кейінгі кезде жиілеп кеткен дәрігер мен пациент арасындағы түсініспеушілік пен дау-дамайлар. Осы орайда, медицина қызметкерлерінің қорғалуын күшейту пациент құқықтарын шектеуге әкелмей ме?
– Иә, шын мәнінде, бұл – аса маңызды мәселе. Медицина қызметкерінің құқықтарын қорғау біржақты болмауы керек, пациент те қорғаусыз қалмауға тиіс екенін ерекше атап өткім келеді. Пациент сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек алуға, шағымының объективті қаралуына әрі заңды негіздер болған жағдайда келтірілген зиянның өтелуіне құқылы. Сонымен бірге дәрігердің де өз әрекеттерінің әділ бағалануына, кәсіби тәуелсіздікке және негізсіз айыптаудан қорғалуға құқығы бар.
Осы орайда, медицина саласының өзіндік ерекшелігін ескеруіміз қажет. Әр адамның денсаулығы әртүрлі. Қабылдаған ем алдын ала болжағандай нәтижені бермеуі де мүмкін. Клиникалық хаттамалар, кәсіби стандарттар мен барлық қажетті рәсімдер дерттен айығудың толыққанды кепілі бола алмайды. Сондықтан заң жобасында мұндай жағдайда кінәні бірден дәрігердің мойнына артпау туралы маңызды қағидатты бекіту ұсынылады.
Әрбір жағдай клиникалық ахуалды, кәсіби стандарттарды және іс жүзінде қабылданған шешімдерді ескере отырып, жан-жақты қаралуға тиіс. Бұл дәрігерді жауапкершіліктен босату емес, шынтуайтында – әділдіктің кепілі. Дәрігер емдеуден қорықпауы, ал пациент өз құқықтарының қорғалатынына күмәнданбауы керек. Осындай ортақ шешім қоғам мен медицина қауымдастығы арасындағы сенімді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
– Саладағы түрлі тосын оқиғалар төңірегінде қоғамдық резонанс көбіне ресми тергеу басталмай тұрып-ақ туындайды. БАҚ пен әлеуметтік желідегі жарияланымдар, эмоция араласқан талдаулар мен оқиғаның түрлі нұсқалары фактілер анықталмай жатып қоғамдық пікір қалыптастырады. Мұндай ақпараттық қысым тергеудің объективтілігіне қаншалықты әсер етеді?
– Бұл шынымен де назар аударуды қажет ететін күрделі мәселе. Кейде қоғамдық талқылау ресми қорытынды шықпай жатып түпкілікті үкім шығаратын өзіндік сотқа айналады. Өкінішке қарай, мұндай жарияланымдардың астында дәрігерге, тіпті оның жақындарына қарғыс айтылған пікірлер де жазылады. Менің ойымша, бұған мүлде жол беруге болмайды.
Қоғамның болған оқиға туралы білуге құқығы бар екені сөзсіз. Алайда бұл тексерілмеген мәліметтерді таратуға немесе маманды дәлелсіз көпшілік алдында айыптауға құқық бермейді. БАҚ пен жарияланым авторлары таратқан ақпараттың шынайылығы үшін жауап беруге тиіс. Дәрігердің жылдар бойы қалыптастырған беделі бірнеше сағаттың ішінде-ақ күйреуі мүмкін. Көптеген пікір жазушылар «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген ұстанымды басшылыққа алатыны жасырын емес. Кейін күдік расталмаса да, сенімді қайтару мен абыройды қалпына келтіру өте қиын болғандықтан, кейде қоғамның қысымы салдарынан, өкінішке қарай, дәрігер кәсібін тастап кетіп жатады.
Осы жерде аталған мәселеге қатысты өзге елдердің тәжірибесіне назар салып өтуге болады. Мысалы, Оңтүстік Кореяда медициналық дауларды реттеу рәсімі құпия жүргізіледі, ал Жаңа Зеландияда дәрігердің есімін алдын ала жария етуге шектеулер қойылады. Германияда маманның кәсіби беделіне әсер ететін мәліметтерді жарияламас бұрын оның ұстанымын сұрап, нақты айыптауларға жауап беру мүмкіндігін ұсыну қажет. Израильде болса, сот талқылауы аяқталмай тұрып дәрігердің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтерді БАҚ-та тарату диффамация үшін жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ал Түркияда негізсіз айыптаулар мен дәрігердің кәсіби ар-намысын қорлайтын әрекеттер өтемақы төлеуге негіз бола алады.
– Дәрігер құқықтары бұзылған жағдайда, оларды қорғайтын арнайы институт қажет пе? Заң жобасында мұндай норма қарастырылған ба?
– Иә, қарастырылған. Талқыланып жатқан оң өзгерістің бірі – медицина қызметкерлерінің кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметін, яғни арнайы институт енгізу. Іс жүзінде емдеу үдерісіне заңсыз араласу, басшылықтың немесе үшінші тұлғалардың қысымы, қосымша жауапкершілікті негізсіз жүктеу, еңбек заңнамасының бұзылуы, жекелеген пациенттер мен олардың өкілдері тарапынан қорқыту мен қорлау сияқты түрлі жағдайлар кездеседі. Дәрігерлер тиісті заң көмегінсіз, қайда жүгінерін білмей, күрделі құқықтық мәселемен бетпе-бет келіп жатады.
Біздің ойымызша, мұндай өтініштерді тәуелсіз қарайтын, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге жәрдемдесетін әрі жүйелі проблемаларды анықтайтын арнайы институттың болуы аса маңызды. Бірақ оның шынайы тәуелсіздігі мен тиімділігін мемлекеттік деңгейде қамтамасыз ету қажет.
Адами капиталға салынған инвестиция
– Көп талқыланатын мәселенің тағы бірі – жалақы. Дәрігерлердің жауапкершілігі мен жұмыс жүктемесі жоғары, ал материалдық сыйақы оған қаншалықты сай? Осы орайда еңбекақы жүйесінде қандай да өзгерістер бола ма?
– Әрине, дәрігердің кәсіби жауапкершілік деңгейі оның еңбекақысына сәйкес келуге тиіс. Мұндай өзгерістерді іске асыру үшін салмақты қаржылық-экономикалық негіздеме қажет, қаржыландыру көздерін айқындалып, құзыретті мемлекеттік органдар өзара келісуі керек.
Күн сайын күрделі клиникалық шешім қабылдайтын дәрігердің, жоғары жүктемемен жұмыс істейтін мейіргердің, жедел қызмет немесе ауылдық аурухана маманының еңбекақысы ақылға қонымды әрі әділ жүйе бойынша төленуі қажет. Сондықтан құрылған жұмыс тобы лауазымды, біліктілікті, атқарылатын міндеттердің күрделілігін, кәсіби тәуекелдерді, жұмыс қарқындылығын және басқа да объективті өлшемдерді ескеретін салалық жүйе қалыптастыруды талқылап жатыр. Медицина мамандығының беделін тек сөзбен көтеру мүмкін емес. Ол лайықты еңбекақымен нығайтылуға тиіс.
– Ал еңбек жолын енді бастаған, жалақысы төмен жас дәрігерлерді қолдаудың жеке шаралары қарастырылған ба?
– Жас мамандарды қолдау – біздің бастамамыздың маңызды бағытының бірі. Дәрігер ұзақ уақыт білім алып, даярлықтан өтсе де, алғашқы еңбек жолындағы жалақысы пациенттердің денсаулығы мен өмірі үшін мойнына алған жауапкершілігіне тең келмейді. Сондықтан заңда «жас маман» ұғымын бекітіп, жұмыстың алғашқы жылдарында қосымша қолдау шараларын қарастыруды ұсынамыз. Жас дәрігер кәсіби жолының алғашқы күндерінен бастап мемлекеттің қолдауын сезініп, болашағын отандық денсаулық сақтау саласымен байланыстырғаны маңызды.
– Бұл бастаманың бәрі қаржыны талап ететіні белгілі. Жеке заң қабылдау мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірмей ме, қалай ойлайсыз?
– Кез келген маңызды заңнамалық бастама мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін міндетті түрде ескеруі қажет. Біз мұны жақсы түсінеміз. Алайда бұл мәселеге тереңірек үңілу қажет. Білікті мамандар кәсіптен кеткенде кадр тапшылығы туындайды, қалған қызметкерлердің жүктемесі артып, салдарынан кәсіби қажуға әкеледі. Мұндай жағдайда, сайып келгенде, мемлекет те, қоғам да елеулі шығынға ұшырайды. Сондықтан медицина қызметкерлерін қолдауға бөлінетін қаражатты шығын емес, адами капиталға салынатын ұзақ мерзімді инвестиция деп қарастырған жөн. Бюджет шығыстарына байланысты әрбір кепілдік есеп-қисапқа, қаржыландыру көздерін айқындауға әрі іске асырудың нақты тетіктеріне негізделуге тиіс.
– Бұл заң қабылданса, медицина саласына оңтайлы әсерін тигізерін көріп отырмыз. Ал қарапайым тұрғындарға оның шарапаты тие ме?
– Мен бұл заң бәрімізге қажет әрі пайдалы болатынына сенімдімін. Себебі әр адам медициналық жәрдемге жүгінеді. Сол сәтте білікті, мұқият әрі кәсіби даярлығы жоғары маманның көмек бергенін қалаймыз.
Ал медициналық көмектің сапасы дәрігер жұмыс істейтін жағдайларға тікелей байланысты екенін ұмытпау қажет. Шаршаған, шамадан тыс жүктемелерден қажыған, заңды мүддесі қорғалмаған медицина қызметкеріне жауапты клиникалық шешім қабылдау әлдеқайда қиын. Сондықтан оның өзін қорғай отырып, біз медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға да алғышарт жасаймыз.
Мен үшін ең басты нәтиже – дәрігерлеріміз бен мейіргерлеріміздің өміріндегі нақты өзгерістердің орын алуы. Сонда медициналық көмектің сапасы да жоғары деңгейге көтеріледі. Бұл мамандықты саналы түрде таңдаған жастар өз болашағына алаңсыз болуын, сан жылдық тәжірибесі бар мамандардың мансаптық мүмкіндіктің жоқтығынан елден кетпеуін шын жүректен қалаймын. Олар құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалғанын сезініп, мемлекет пен қоғам олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетсе деймін. Ең бастысы – азаматтарымыз өз кәсіби болашағына сенімді мамандардан сапалы медициналық көмек алуға тиіс.
Заң жобасы қазір талқыланып жатқандықтан, медицина қауымдастығы, сарапшылар, мүдделі мемлекеттік органдар өздерінің сындарлы ұсыныстарын жолдаса, жаңа заңды жасауға ат салысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Денсаулық сақтау саласының дамуы тек ауруханалар салу мен заманауи жабдық сатып алу емес. Оның тиімділігін ең алдымен сол мекемелерде еңбек ететін адамдар айқындайды. Болашақта денсаулық сақтау жүйесі қуатты әрі тұрақты болсын десек, адам өмірін сақтауға тынымсыз еңбек етіп жүрген дәрігерлерге бүгіннен бастап қамқорлық жасауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ









