Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпарат алмасу жылдамдығы артқан сайын жастардың дүниетанымына әсер ететін факторлар да көбейді. Әсіресе дін атын жамылған түрлі жат ағымдардың жастар санасына ықпал етуі қоғам үшін өзекті мәселенің біріне айналды. Жастар – кез келген мемлекеттің болашағы, елдің интеллектуалдық және рухани әлеуеті. Сондықтан олардың діни көзқарасының дұрыс қалыптасуы ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың маңызды кепілі.
Радикалды топтардың басты ерекшелігі – жастардың психологиялық әлсіз тұстарын пайдаланып, олардың санасын біртіндеп өз идеологиясына бейімдеуі. Мұндай ұйымдар адамды күшпен емес, оның сеніміне ену арқылы өз қатарына тартады. Сондықтан олардың ықпалы ең алдымен жастардың психологиясынан көрініс табады.
Ең алдымен, жастардың жат ағымдардың ықпалына түсуіне діни сауаттылықтың төмендігі себеп болады. Діни білімді жүйелі түрде алмаған жас діни мәселелерде сенгіш келеді және шынайы діни құндылықтарды жалған идеологиядан ажырата алмайды. Теріс ағым өкілдері Құран мен хадистердің жекелеген үзінділерін өз мақсаттарына сай түсіндіріп, жастардың санасына күмән ұялатады. Нәтижесінде жас адам өзін ақиқат жолындамын деп ойлағанымен, шын мәнінде қоғамнан оқшаулануға алып келетін көзқарастарды қабылдай бастайды.
Психолог мамандардың пікірінше, адамның белгілі бір топқа тиесілі болуға деген қажеттілігі жоғары болады. Әсіресе өтпелі кезеңдегі жастар өзін түсінетін ортаны іздейді. Жат ағым өкілдері дәл осы қажеттілікті шебер пайдаланып, жастарға ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсеткендей әсер қалдырады. Соның нәтижесінде жас адам өзінің бұрынғы ортасынан алыстап, жаңа топтың талаптарына толықтай бағына бастайды.
Интернет пен әлеуметтік желілердің кең таралуы да бұл мәселені күрделендіріп отыр. Қазіргі жастардың басым бөлігі ақпаратты интернеттен алады. Әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы бейнероликтер, қысқа уағыздар, түрлі пікірталастар өте көп. Алайда олардың барлығы бірдей сенімді дереккөз емес. Кейбір материалдар жастардың эмоциясына әсер етіп, қоғамға, мемлекетке немесе дәстүрлі құндылықтарға қарсы көзқарас қалыптастыруды көздейді. Интернеттегі жалған ақпараттың шындыққа ұқсап көрінуі жастардың сыни ойлау қабілетін әлсіретіп, манипуляцияға ұшырауына себеп болады.
Жат ағымдардың психологиялық ықпалы көбінесе адамның қиын кезеңдерімен байланысты. Отбасындағы түсініспеушілік, достар арасындағы келіспеушілік, жұмыссыздық, қаржылық қиындықтар немесе өмірден өз орнын таба алмау секілді жағдайлар жастарды рухани тірек іздеуге итермелейді. Осындай сәттерде теріс пиғылды топтар өздерін қамқоршы, кеңесші ретінде көрсетіп, жастарды біртіндеп өз ықпалына алады. Олар адамның қорқынышын, жалғыздығын немесе күйзелісін пайдаланып, психологиялық тәуелділік қалыптастыруға тырысады.
Жат ағымдардың ықпалына түскен жастардың мінез-құлқында белгілі бір өзгерістер байқалады. Олар өз отбасынан, достарынан алшақтай бастайды, бұрынғы қызығушылықтарын жоғалтады, өзгелердің пікірін қабылдамайтын күйге түседі. Кей жағдайда агрессия, төзімсіздік, өзінен өзгелерді кінәлау, қоғамды қабылдамау секілді қасиеттер қалыптасады. Мұның бәрі тұлғаның психологиялық тұрақтылығына кері әсер етіп, оның әлеуметтік бейімделуін қиындатады.
Бұл мәселеде отбасының рөлі ерекше. Өкінішке қарай, қазіргі таңда көптеген ата-аналар балаларының интернетте қандай ақпарат тұтынатынына жеткілікті көңіл бөле бермейді. Материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз еткенімен, рухани және психологиялық қолдауға уақыт тапшы болып жатады. Ал жасөспірім үшін ата-анамен ашық қарым-қатынас пен сенімге негізделген тәрбие – кез келген теріс ықпалдың алдын алатын маңызды фактор.
Жат ағымдардың таралуына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының немесе арнайы мекемелердің міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жастардың діни сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, дәстүрлі дін туралы дұрыс ақпарат беру және отбасылық тәрбиені күшейту – мәселенің алдын алудың негізгі жолдары.
Қорыта айтқанда, жат ағымдардың жастар психологиясына әсері тек діни мәселе ғана емес, әлеуметтік, психологиялық және идеологиялық мәселе болып табылады. Сондықтан жастарды теріс идеологиялардың ықпалынан қорғау үшін білім беру ұйымдары, отбасы, мемлекеттік мекемелер мен қоғам өкілдері бірлесе жұмыс істеуі қажет. Білімді, саналы әрі ұлттық құндылықтарды құрметтейтін ұрпақ қана елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі бола алады.
Қарлығаш ҚОЙШЫБАЕВА,
Қызылорда облысы дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу
орталығының» психолог маманы










