Қоғамда жастар арасындағы радикализм мәселесі әлі де өзекті. Өйткені бұрын көше кезген деструктивті діни ағым өкілдері қазір интернетте әрекет етуде. Олардың ең басты көздейтін нысанасы да – жастар. Бұл келеңсіздіктің қалай алдын аламыз? Осы мәселені Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» аға маманы, теолог Олжас Нарымбетовпен бірге талқылап көрдік.
– Жастар арасындағы діни радикализм мәселесі әлі де саябырсымай тұр. Бұл құбылыстың өзектілігі неде?
– Иә, бұл – бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселенің бірі болып қалып отыр. Өйткені жастар – қоғамның ең белсенді әрі ізденімпаз бөлігі. Олар жаңа идеяларға тез қызығады, түрлі ақпаратты жылдам қабылдайды. Бірақ дәл осы ерекшелік кей жағдайда қауіпке де айналуы мүмкін.
Қазір ақпараттық кеңістік шексіз. Әлеуметтік желілерде, түрлі платформаларда діни мазмұндағы материалдар өте көп. Оның бәрі дұрыс әрі сенімді ақпарат емес. Кейбір топтар жастардың діни сенімге қызығушылығын пайдаланып, өз идеологияларын тықпалауға тырысады.
Радикалды көзқарастар көбіне діни сауатсыздықпен ғана байланысты емес. Оның астарында психологиялық, әлеуметтік, тәрбиелік факторлар да жатады. Сондықтан мәселені тек қауіпсіздік тұрғысынан емес, қоғамдағы тәрбие, білім және ақпараттық саясат тұрғысынан да қарастыру қажет.
– Жастар радикалды идеялардың ықпалына неге тез түседі?
– Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен олар өмірдің мәнін, өз орнын іздейтін кезеңнен өтеді. Бұл жаста адам көптеген сұрақтарға жауап іздейді: «Мен кіммін?», «Өмірдің мақсаты қандай?», «Не дұрыс, не бұрыс?» деген секілді. Егер осы сұрақтарға дұрыс ортадан жауап таппаса, басқа ақпарат көздеріне жүгінеді. Ал радикалды топтар дәл осындай психологиялық жағдайды тиімді пайдаланады.
Олар жастарға қарапайым әрі нақты жауаптар ұсынады. Барлық мәселені «ақ» пен «қараға» бөліп көрсетеді. Мұндай тәсіл жас адамға бастапқыда түсінікті әрі тартымды көрінуі мүмкін.
Тағы бір мәселе – жалғыздық сезімі. Кейбір жастар қоғамда өзін қажетсіз сезінуі мүмкін. Ал радикалды ұйымдар оларға «сен бізге керексің», «біз – сенің шынайы ортаңбыз» деген идеяларды ұсынады. Сондықтан бұл жерде тек діни фактор емес, әлеуметтік-психологиялық мәселелер де маңызды.
– Демек, радикализмнің алдын алу тек діни түсіндірумен шектелмейді ғой?
– Әрине. Кейде адамдар радикализмнің алдын алу үшін тек дәріс оқу немесе уағыз айту жеткілікті деп ойлайды. Бірақ біз көтеріп отырған мәселе әлдеқайда күрделі.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сапалы білім беру, спорт пен шығармашылыққа жағдай жасау – мұның бәрі де өзіндік профилактика. Өйткені адам өмірде өз орнын тапқанда, алдына мақсат қойған кезде, бос жүрмей, бар уақытын пайдалы іске арнағанда оның күмәнді ұйымдарға еріп кету ықтималдығы төмендейді.
Біз кейде жастардан «неге бұлай болды?» деп сұраймыз. Бірақ одан бұрын «оларға қандай орта қалыптастырдық?» деген сұрақ қоюымыз керек.
– Бұл мәселеде отбасының рөлі қандай?
– Отбасының орны ерекше. Бала алғаш тәрбиені де, құндылықтарды да үйден алады. Кей жағдайда ата-аналар баласының діни қызығушылығына мүлде мән бермейді немесе керісінше, бұл тақырыптан қашады. Мұндай жағдайда жасөспірім жауапты интернеттен іздейді.
Қазір әлеуметтік желілердегі белгісіз уағызшылар мен түрлі арналардың ықпалы өте жоғары. Сондықтан ата-аналар балаларымен ашық сөйлесуі керек. Егер бала діни сұрақ қойса, оны бірден тыйып тастау дұрыс емес. Керісінше, пікірлесіп, бірге іздену маңызды. Отбасында сенім мен ашық қарым-қатынас болса, сыртқы ықпалдың қаупі азаяды.
– Әлеуметтік желінің ықпалы туралы айттыңыз. Оның қаупі неде?
– Бүгінде жастардың көп уақыты интернетте өтеді. Ақпаратты кітаптан емес, көбіне қысқа видеолар мен әлеуметтік желіден алады. Мәселе сонда – интернетте ақпараттың шынайылығы әрдайым тексерілмейді. Әдемі сөйлейтін, эмоцияға әсер ететін кез келген адам өзін сарапшы ретінде көрсете алады.
Радикалды идеяларды таратушылар көбіне кәсіби психологиялық әдістерді қолданады. Олар бірден қауіпті үндеу жасамайды. Алдымен адамның сеніміне кіреді, күнделікті мәселелерді қозғайды, сосын біртіндеп өз көзқарасын енгізеді. Сондықтан жастарға тек діни сауат емес, медиасауат та қажет.
Қазір «ақпараттық иммунитет» деген ұғым бар. Яғни адам кез келген ақпаратты сүзгіден өткізе білуі керек.
– Ал діни сауаттылықтың маңызы қандай?
– Бұл бірінші кезектегі маңызды талаптың бірі. Бірақ діни сауаттылық деген тек діни терминдерді білу емес екенін еске тұтқан жөн. Ең алдымен адам дінді кімнен үйреніп жүргенін түсінуі қажет. Ақпараттың қайдан келгенін саралай алуы керек.
Кейде адам бірнеше видеоны көріп алып өзін дін мәселесінің маманы санап кетеді. Бұл қауіпті құбылыс. Дін – өте жауапты сала. Сондықтан жастарға сенімді ақпарат көздерін таңдауды үйрету маңызды.
Діни білім жүйелі түрде, ресми және сенімді ортадан алынуы керек. Бұл орайда біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медреселер мен жоғары оқу орындарын ұсына аламыз.
– Радикализмнің алдын алуда мектеп пен басқа да оқу орындарының рөлі қандай?
– Білім беру ұйымдарының рөлі өте үлкен. Мектепте тек пәндік біліммен шектелмей, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет. Жастар кез келген ақпаратты талдай алуы керек. Сонымен бірге ашық диалог алаңдарын көбейткен жөн. Жастар өз сұрақтарын еркін қоя алуы қажет.
Кейде олар діни тақырыптағы сұрақтарын айтуға қысылып жатады. Содан кейін өзіне қажетті жауапты интернеттен іздейді. Бұның алдын алу үшін дін мамандарымен кездесулер, пікірталастар, танымдық іс-шаралар өткенген жөн деп ойлаймын.
– Жастар арасындағы діни радикализмнің алдын алу үшін нақты қандай қадамдар қажет деп ойлайсыз?
– Жоғарыда бірқатарын айтып өттік. Дегенмен ойымды қысқаша жүйелеп жеткізер болсам, біріншіден, жастардың діни және медиасауаттылығын арттыру қажет. Екіншіден, отбасындағы қарым-қатынасты нығайту керек. Үшіншіден, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Төртіншіден, интернеттегі сапалы әрі тартымды контентті көбейту қажет. Бесіншіден, жастарды қоғам өміріне белсенді араластыру керек. Өйткені қоғамға қажет екенін сезінген адам бөтен идеологияны іздеп кетпейді.
– Әңгімеміздің соңында жастарға қандай ой айтасыз?
– Қазіргі ақпарат заманында кез келген нәрсені қабылдамас бұрын оның қайдан шыққанын саралау өте маңызды. Әсерлі сөздің бәрі ақиқат бола бермейді. Кез келген діни мазмұндағы видео немесе парақша дұрыс бағыт көрсетеді деп айтуға болмайды.
Ең бастысы – асығыстыққа жол бермеу, сұрақтарды сенімді мамандарға қою және сыни ойлауды жоғалтпау. Өйткені қауіп көбіне білімнің жоқтығынан емес, тексерілмеген ақпаратқа соқыр сенуден басталады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Е.ЕРҒАЛИҰЛЫ









