Түркі мемлекеттері ұйымының тарихы 2009 жылғы 3 қазаннан бастау алады. Сол кезде Әзербайжанның Нахчыван қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылған болатын. Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан басшылары қол қойған Нахчыван келісімі дүниеге бауырлас елдердің жаңа бірлестігі құрылғанын әйгіледі.
Одан кейінгі жылдары кеңес құрамына Түрікменстан мен Өзбекстан елдері де қабылданып, 2021 жылы 12 қарашада өткен Ыстанбұл саммитінде кеңес атауы Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді. Әу бастан бұл ұйымның алдына қойған мақсаты да айқын: ол – түркітілдес елдердің саясат, экономика, мәдениет, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастығын нығайту. Ыстанбұл саммитінен кейін бірқатар сарапшылар жаңа бірлестіктің саяси немесе әскери блок емес, тарихи тамыры, тілі мен сенімі, дәстүрі ортақ елдердің өзара рухани бірлігі әрі түрлі саладағы алыс-берісін жандандыруға арналған құрылым екенін айтқаны белгілі.
Дегенмен кейінгі кезде Түркі мемлекеттері ұйымын жаңадан күш алып келе жатқан «әскери альянс» деп сипаттайтын пікірлер де жоқ емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 15 мамырда Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде айтты.
«Ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, кейінгі кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды», деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемінің бірлігін нығайту еліміз үшін аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық екенін шегелеп айтты.
«Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң. Мұндай ұстаным еліміз үшін – маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Санаулы күн бұрын Түркия астанасында өткен ТМҰ-ның 13-саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ойын тағы да қайталады. Ол алда тұрған міндеттер мен басымдықтарды айқындау қажет екенін алға тарта отырып, ұйымның ең жоғары деңгейінде қол қойылған шарттардың ережелерін бұзуға болмайтынына назар аударды. «Биыл мамыр айында Түркістанда өткен ең жоғары жиында мен Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек деп айтқан едім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы», деді Президент.
Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесіне назар аударған саяси сарапшылар Қазақстан тарапы ұстанып отырған бағыт-бағдардың аймақтық тұрақтылық пен тұтастықты сақтау мақсатындағы маңызды қадам екенін айтады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының аға оқытушысы, саясаттанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, Президентіміздің Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одақ емес және болашақта да ондай құрылымға айналмауға тиіс деген сөзін биыл екінші рет қайталауы кездейсоқ емес.
«Меніңше, бұл – елдің көпвекторлы сыртқы саясатының салмақты қағидасы. Астана түркі ынтымақтастығын қолдайды, бірақ оның жаңа геосаяси немесе әскери блокқа айналғанын қаламайды», деген ол Президент ұстанымының бірнеше себебін атап айтты. Соның біріншісі – еліміздің аймақтық қауіпсіздік міндеттемелері мен геосаяси жағдайы ТМҰ елдерінен өзгеше болуы.
«Түркия – НАТО мүшесі, Қазақстан – ҰҚШҰ мүшесі. Өзбекстан әзірге әскери одақтарға қосылмады. Әзербайжанның Түркиямен әскери серіктестігі терең. Ал Түрікменстан бейтарап. Осындай жағдайда қауіп-қатер туралы ұстанымдары әртүрлі түркі елдерін ортақ әскери міндеттемелерге біріктіру – олардың ұлттық мүдделері мен қауіпсіздік саясатына қайшы. Осы қайшылыққа Тоқаев назар аударды», дейді сарапшы.
Екінші себеп – Түркі ұйымының экономикалық, институционалдық әлеуеті әскери ықпалдастықтан да маңыздырақ. Ж.Момынқұловтың айтуынша, алдымен Орта дәлізді, Каспий тасымалын арттыру, кедендік рәсімдерді жеңілдету, өзара инвестицияны арттыру, энергетика және цифрлық, технологиялық ынтымақтастық әлдеқайда өзекті. Түркі интеграциясы сауда көлемімен, бірлескен кәсіпорынмен, технологиялық жобалармен және халықтың тұрмысымен өлшенуі қажет.
«Үшіншіден, саммитте қорғаныс өнеркәсібі ынтымақтастығын дамыту, Түркияда бірлескен білім беру колледжі бағдарламасын құру мүмкіндігі қаралды. Яғни іс жүзінде әскери жақтары да жоқ емес. Демек, әскери-техникалық ынтымақтастық пен әскери одақтың арасында айырмашылық бар. Біріншісі технология алмасуға, мамандар даярлауға және қорғаныс өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Екіншісі мемлекеттерге өзара әскери міндеттемелер жүктейді. Қазақстан алғашқы бағытқа мүдделі, бірақ екіншісіне қосылу оның сыртқы саяси еркіндігіне қайшы», дейді саясаттанушы.
Ж.Момынқұловтың айтуынша, Президент Қ.Тоқаевтың Ресейді «ТМҰ+» форматына бақылаушы ретінде қосылуға шақыруы да Қазақстанның көпвекторлы ұстанымын білдіреді.
«Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстанның да өзіндік ұлттық мүдделері бар. Туыстығымыз мемлекеттердің сыртқы саяси таңдаулары бірдей болуы керек дегенді білдірмейді. Ұйымның болашағы бір мемлекеттің жетекшілігіне емес, қатысушылардың тең құқылы ынтымақтастығына сүйенгені маңызды. Қазақстан түркі елдерімен қорғаныс өнеркәсібін, технологиялық және экономикалық байланыстарды дамыта береді. Бірақ бұл ынтымақтастық елдің егемендігіне, сыртқы саяси дербестігіне, басқа халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмеуге тиіс», дейді ол.
Саясаттанушы сондай-ақ түркі әлемінің әлеуеті тек әскери күшпен өлшенбейтінін, оның шынайы мүмкіндігі өзара сауданы, өндірістік кооперацияны дамыту, жаңа көлік бағыттарын ашу және технологиялық тәуелділікті азайту бағыттарынан байқалуға тиіс екенін атап өтті. «Қ.Тоқаевтың әскери одақ туралы ескертуді қайталап айтуы – Қазақстанның ТМҰ ішіндегі өзіндік ұстанымын білдіретін маңызды саяси белгі. Түркі интеграциясы еліміздің сыртқы саяси таңдауын тарылтпай, керісінше, экономикалық әрі стратегиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуі керек», деп сөзін түйіндеді ол.
Шетелдік саяси сарапшылар да Түркі мемлекеттері ұйымының әскери альянсқа айналарына күмәнмен қарайды. Мәселен, Каспий стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Александр Караваевтың айтуынша, ұйымның жақын болашақта НАТО үлгісіндегі әскери альянсқа айналуы екіталай.
Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы айтқан «ТМҰ, ең алдымен, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық алаңы болып қалуы керек» деген ұстанымы бүгінде де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті. Сарапшының пікірінше, Қазақстан ұйым аясында экономикалық даму, цифрлық трансформация, көлік және мәдени ынтымақтастық бағыттарына басымдық береді. Ал әскери және геосаяси мәселелерде анағұрлым сақ саясат ұстанады.
Сонымен қатар сарапшы ТМҰ Шанхай ынтымақтастық ұйымы немесе Еуразиялық экономикалық одақ секілді нақты белгілі бір бағытты көздейтін құрылым емес, мүше мемлекеттер өз басымдықтарын ортақ күн тәртібіне шығаратын көпбағытты алаң екенін жеткізді.
Шын мәнінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» тақырыбындағы Анкара басқосуында атап өткендей, бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – Қазақ елінің мызғымас қағидаты. Ал тәуелсіз түркі баласының басын біріктірген танымал ұйым өзінің бастапқы мұратынан жаңылмай, ынтымақ пен бірлікті нығайтатын бастамаларға ұйытқы бола беруі қажет. Ең маңыздысы, түрлі саяси шиеленістерге, аймақтық жанжалдарға себеп болуы мүмкін әрекеттерден іргесін аулақ салғаны абзал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген Қазақ елінің басты ұстанымы да осы.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ









