Газа секторындағы 2 миллионға жуық палестиналыққа шұғыл баспана мен азық-түліктен бөлек ең қажетті заттар қажет. Бұл туралы БҰҰ-ның Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыс ұйымдастыру жөніндегі Таяу Шығыстағы агенттігі (БАПОР) мәлімдеді. Қыс мезгілі жақындағанымен, Израиль шабуылдарынан туындаған гуманитарлық дағдарыс әлі де жалғасып отыр.
Агенттік мәлімдемесіне сәйкес, Газа секторының 1 млн 980 мың тұрғыны, яғни анклав халқының 94 пайызы шұғыл түрде баспана мен азық-түлікке жатпайтын күнделікті қажетті заттарға мұқтаж.
БАПОР деректеріне сүйенсек, халықтың 58 пайызы баспана тапшылығынан аса ауыр немесе дағдарыстық жағдайда өмір сүріп жатыр.
Қыс мезгілі басталар алдында жүргізілген қажеттіліктерді бағалау жұмыстары палестиналық босқындар орналасқан 113 нысанды қамтыған. Мамандар қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 18 уақытша баспананы анықтады. Олардың төртеуі опырылып құлау қаупі өте жоғары, алтауы жоғары, сегізі орташа деңгейде деп бағаланған.
Агенттік мәліметінше, Газа тұрғындарының 84 пайызы таза әрі қауіпсіз ауызсуға қол жеткізуде тұрақты қиындықтарға тап болып отыр. Сонымен қатар палестиналық отбасылардың 89 пайызында негізгі гигиеналық құралдар жеткіліксіз.
2025 жылғы 10 қазанда атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеніне қарамастан, Израиль Газа секторына соққы жасауды жалғастырып келеді.
Газа секторы Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бітім күшіне енгеннен бері Израиль шабуылдарынан 1 602 адам қаза тауып, 5 794 адам жараланған.
Ал 2023 жылғы қазаннан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 74 мыңнан асып, жараланғандар саны 175 мыңға жеткен.






