Дүйсенбі, 2 Қараша, 2026
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

«Имантау» жұмбағы: аңыз бен ақиқат

02.11.2026
- Қоғам
0
5
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

Сарыарқаның сайын даласын жағрапия ғылымында «Қазақтың ұсақ шоқылары» деп атайды. Шынында бұл өлкеден Айыртау, Ұлытау, Көкшетау, Ерейментау, Имантау, Әулиетау, Жаңғызтау, Сарытау, Сандықтау, Бөлектау секілді шоқы-қырат пен шағын шыңдарды көптеп кезіктіруге болады. Барлығының атауы жердің бедері мен бет-бейнесін сипаттайтын мағынасы мәлім сөздерден құралған. Тек Имантау ғана еріксіз назар аудартады. Мұндағы «иман» сөзі не мағына береді? Оның шығу төркіні қандай? Әлі күнге толық жауабы жоқ бұл сұрақтың түп-төркінін анықтау – тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселе.

Имантау – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында, Көкшетау қыратының орта тұсында орналасқан шоқылардың бірі. Биіктігі – 621 метр, ұзындығы – 7, ені – 5 шақырым шамасында. Солтүстік жағында Имантау көлі бар. Ал оның оңтүстік-шығыс жағасынан Имантау ауылы қоныс тепкен. Байсары көлінен бастау алатын Иманбұрлық өзені Имантау көліне шығыс жағынан құйып, батыс бетінен ағып шығады да, дала төсімен ирелеңдей ағып, Есілге барып қосылады.

«Иман» сөзімен байланысты осы жағрапиялық атаулардың шығу төркініне қатысты түрлі болжам бар. Ғаламтордағы ашық дереккөздерге зер салсақ, екі түрлі нұсқасы айтылады. Біріншісі – оның мағынасы «Киелі тау» дегенді білдіреді дейді. Яғни араб тілінен енген «иман» (сенім) сөзімен тікелей байланыстырылады. Екіншісі – «Орта ғасырларда осы өңірде халық арасында беделі зор Иман атты адам өмір сүріпті. Тау соның есімімен аталған» деген аңыз.

Ресми дереккөздер мен зерттеу еңбектерінің мәліметтері де сан-саққа жүгіреді. Мәселен, белгілі филолог, топонимист Еркебай Қойшыбаевтың 1985 жылы жарық көрген «Қазақстанның жер-су аттарының сөздігінде» мұндағы «иман» дегеніміз көне түркінің «йаман» сөзінен туындағаны, яғни таудың аты «Жамантау» мағынасын беретіні жазылған.

Құздағы соңғы намаз немесе Малайұшқан

Құздағы соңғы намаз немесе Малайұшқан

26.10.2026
Демографиялық өсім – өркендеу негізі

Демографиялық өсім – өркендеу негізі

26.10.2026

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова «Айыртау ауданының елді мекендері тарихынан» атты еңбегінде: «Имантау туралы аңызда: ерте-ерте-ертеде, ешкі құйрығы келтеде арқада Көкшетау және Имантау деген екі ақсақал болыпты. Дуалы сөзімен дүйім жұртты аузына қаратқан шешен, тіркесе теңселген түйелі көшімен таң қалдырған байлар, біріне-бірі бәсеке келеді екен ол заманда», деп басталатын аңызды келтіреді.

Ал 2021 жылы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы құрастырған «Солтүстік Қазақстан облысы топонимдері» атты еңбекте: «Қазақ топонимиясындағы «иман» сөзімен келетін атаулардың бəрін кісі есімінен шығаратын үрдіс бар. Сонда əр облыста Иман атты кісіге жер-су аттары таңылып отырған ба? Кездейсоқтықтың да өзіндік алғышарттары болады, ендеше мұндағы «иман» сөзі антротопоним емес. Ол діни мағына беретін ар, иман сөзі де емес. Біздің ойымызша, көне түркінің «йаман», «жаман» сөзі, не моңғолдың иман – «қызылшілік өсімдігі» немесе ямаа(н) «ешкі, ешкілі» сөздерінің бірінен шығатындай» деген ғалым Бердібек Бияровтың пікірін алға тарта отырып, «Имантау» атауы «Қызылшілік өсімдігі өсетін не ешкі мекендейтін тау» деген мағына береді деп топшылайды.

«Иман» сөзінің «йаманмен» (жаман) байланысы болуы мүмкін деген болжамға Омбы облысының 1825 жылғы картасы да жанама дәлел болатындай. Бұл картадан (суретте) таудың Имантау, ал жанындағы көлдің Имантау емес, Иманкөл деп жазылғанын көреміз. Сондай-ақ Йаманқыстау, Йаман-Йал деген жерлерді де көзіміз шалады. Яғни бұл өлкеге бұрынырақта «йаман» сөзі таңсық болмағанға ұқсайды. Әлде бұның бәрі «йаман» да, «иман» да емес, мүлдем басқа сөзден туындаған ба?

Имантаудың сырына бойлап, құпиясын ашу мақсатында кезінде Сібір мен Солтүстік Қазақстан даласын кезіп, маңызды мағлұматтар қалдырған орыс зерттеушілерінің де еңбектерін шолып шықтық. Мәселен, Имантау жеріне табаны тиген картограф Николай Красовскийдің 1868 жылы жарық көрген «Материалы для географии и статистики России. Область сибирских киргизов» атты, Сібірді зерттеуші Иван Словцовтың «Путевые записки, веденные во время поездки в Кокчетавский уезд Акмолинской области в 1878 году» атты еңбектерінде Имантау жайында егжей-тегжейлі мәліметтер берілгенімен, тау атауы қайдан пайда болғаны туралы ештеңе айтылмайды.

Белгілі татар тарихшысы Зуфар Махмутовтың «Көкшетау мен Ақмола облыстары татарларының тарихы» атты зерттеу еңбегінде де Имантау жайында көп мәлімет бар. Алайда бұдан да топонимнің шығу төркінін топшылаған бірде-бір сөз таппадық.

Содан жуырда орыстың ботаник-географы Дмитрий Литвиновтың 1904 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген «Киргизское преданіе о произрастаніи дуба въ Акмолинской области» («Ақмола облысында емен өскені жайында қырғыз (қазақ) аңызы») атты еңбегі қолымызға түсе қалды. Кириллицаның ескі нұсқасымен жазылған кітап бұған дейін қазақ тіліне аударылмаған әрі қазақ баспасөзінде ешқашан жарық көрмеген. Тіпті ғылым саласында елеусіз қалған еңбекке ұқсайды. Осы кітаптан біз мақаламызда көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты қызықты мағлұматтарға кез болдық.

Д.Литвинов «Q. pedunculata EHRH.» деп аталатын еуропалық емен ағашының ареалы шығыста Орал тауларынан ары аспайтынын, ал оған өте ұқсас «Quercus mongholica FISCH.» атты манчжуриялық емен Байкал аймағынан бастап шығысқа қарай жайылғанын жаза келе, қазір бүкіл Сібірде (сондай-ақ қазіргі Солтүстік Қазақстан аймағында) бұл ағаш түрі өспегенімен, бұрын аталған екі ареалды байланыстыратын аралық емен түрі болғаны туралы болжам жасайды. Оған себеп – Алтайдағы Бұқтырма жерінен «Q. Etymodrys UNG.» атауы берілген емен іздерінің табылуы, әрі қазақ жері мен Сібірдегі географиялық атауларда «емен» сөзінің кездесуі.

«Бұл байланысты Алтайда «Quercus Etymodrys UNG.» өскен сол алыс заманда ғана болған деу қате болар еді. «Q. pedunculata EHRH.» мен «Q. mongholica FISCH.» ағаштарының жүйеліжақындығы Еуропа мен Манчжуриядағы бұл емендердің таралу аймақтарының бұрын бір-бірімен байланыста болғанын, салыстырмалы түрде таяудағы уақытта еуропалық емен бір жағынан, манчжуриялық емен екінші жағынан Сібірдің түкпіріне қазіргіден де әлдеқайда әрірек (шығысқа һәм батысқа қарай) енгенін көрсетеді», деп жазады ғалым.

Д.Литвинов өз еңбегінде 1816 жылы Солтүстік және Орталық Қазақстанға келіп, өлкенің географиясы мен геологиясын зерделеген, соның ішінде Имантаудың флорасы мен фаунасы жайында құнды деректер қалдырған белгілі орыс тау-кен инженері Иван Шангиннің экспедициялық жазбаларынан назар аударарлық мәліметтерді келтірген. Бұл жазбалар ешбір жерде толық көлемде жарық көрмеген, тек оның кейбір үзінділері 1820 жылы «Сибирский вестник» журналында жарияланған. Д.Литвиновтың жазуынша, сол қысқа үзінділердің өзінде Имантаудағы емен туралы маңызды ақпараттар бар.

И.Шангин өзінің сапары барысында жергілікті тұрғындардан Имантаудың қарағайлы орманы арасында еменнің өскені, тау атауындағы «иман» сөзі еменді білдіретіні туралы аңыз естігенін жазыпты. Кейін еменнің бәрі кесіліп, бөліктерге бөлініп, елге таратылған. Жергілікті халық бұл ағашты кие тұтып, одан жасалған бұйымдарды үйлерінде сақтайтыны баяндалған.

«Қалай болғанда да, біз бұл аңызбен санасуымыз керек. Өйткені Шангин жойылған соңғы ағаштардың сүрегінен жасалған тұмарларды көрген және олардың еменге ұқсайтынын байқаған. Бұл заттай дәлелдің болуы аңыздың шынайы негізіне мұқият қарауға мәжбүр етеді», деп жазады Д.Литвинов.

И.Шангин «Имантау» атауының «иман» (сенім) сөзімен байланысты болуы жайында қазақ арасынан естіген екінші аңызды да келтіреді. Алайда Д.Литвинов оның сенімсіздеу екенін, бұдан гөрі бірінші әңгіме шындыққа көбірек жақындығын ескертіп өткен.

Сондай-ақ И.Шангин жазбасындағы тағы бір қызықты мәліметке назар аударады. «Имантау тауының ормандары мен көл ортасындағы аралдан біз жабайы шабдалы (Amygdalus nana), жабайы шие (Prunus), орманоты (Asarum), шолпанкебіс (Cypripedium) өсімдіктерін таптық», деп жазады И.Шангин.

Д.Литвиновтың айтуынша, бұл жерде мән беретін маңызды жайт – Имантауда орманоты өсімдігінің кездесуі. Ал орманоты мен еменнің таралу аймақтары көбінесе бір-бірімен сәйкес келеді.

«Asarum»-ның маңызы оның таралуы еменнің таралуын еске түсіретіндігінде. «Asarum»Орал жотасынан өтіп, Тобольск губерниясының орманды аймағынан табылған. Сондай-ақ бұл түрдің Томск губерниясындағы Кузнецк Алатауында оқшауланған мекені белгілі. Оны осы аймақтың флорасын егжей-тегжейлі зерттеген П.Крылов ашқан болатын. Әдетте реликтікөсімдіктер әрқашан топтармен пайда болады. П.Крыловтың Кузнецк Алатауының жөке ағашы бар аймағынан «Sanicula europaea L.», «Actaea spicata L. v. Melanocarpa», «Bromus asper MURR.», «Festuca silvatica VILL.» сияқты еуропалық түрлерді тапқаны сияқты, Имантау тауында да «Asarum» жалғыз емес деп күтуге болады… Міне, осы пайымдаулардың негізінде бұл жерде бұрын еменнің өскені туралы аңыз біздің көз алдымызда үлкен ықтималдыққа ие болады», деп топшылайды Д.Литвинов.

Біздің пайымдауымызша, Имантаудың бұрын Ементау аталғаны туралы осы болжам – шындыққа ең жақын нұсқа. Жалпы, Қазақстанмен жапсарлас Сібір өлкесінде «Имантау» атты топоним жалғыз емес екенін де айта кету керек. Мәселен, Башқұртстанда да «Имәнтау» атты тау мен «Имәнкүл» атты көл бар. Екеуі қатар орналасқан. Имән – башқұрт тілінде «емен» деген сөз. Кеңестік өлкетанушы Николай Шувалов аймақта емен өспегенімен, жер-су атауында бұл сөздің кездесуінің себебін емен ағашының жергілікті тайпаның тотемі болуы мүмкін деп түсіндірген.

Біздің ойымызша, бұл да башқұрт жерінде есте жоқ ескі заманда емен өскенін білдіретін дәлел болуы әбден мүмкін. Ал жергілікті халықтың еменді кие тұтуы аталған болжамды жоққа шығармайды. Өйткені жалпы түркі халықтары емен секілді көпжылдық ағашты киелі санап, құрмет тұтқаны белгілі.

Бұл мақаламыз өлке тарихын зерттеуші мамандардың назарын аударып, «Имантау» жұмбағына қатысты аңыз бен ақиқат арасын ажыратуға септігін тигізіп жатса, құба-құп. Шын мәнінде, жер-су атаулары халықтың тарихи жадын сақтаған асыл мұра екені рас. Әрбір атаудың артында уақыт көмескілеген сыр жатуы мүмкін. Бәлкім, киелі Имантау да бүгінгі ұрпақ ұмыт қалдырған сондай бір сырды өз тілінде сыбырлап тұрған шығар, кім біледі…

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Таңбалар: басты тақырыпЕментауИмантау
БөлісуТвитергеБөлісуБөлісу

Ұқсас мақалалар

Құндылығын білген “құлдыққа ұшырамайды”
Видео

Құндылығын білген “құлдыққа ұшырамайды”

31.10.2026
Ислам

Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас

24.10.2026
Тағы жүктеу
Келесі жазба
Газаға жасалған шабуылдан тағы 8 палестиналық қаза тапты

Газаға жасалған шабуылдан тағы 8 палестиналық қаза тапты

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Танымал тақырыптар

  • Шынайы тәуекел

    Шынайы тәуекел

    242
  • Құздағы соңғы намаз немесе Малайұшқан

    43
  • Заңсыз діни білімнің зардабы ауыр

    24
  • Шымкент: Ардагерлер кеңесінің форумы өтті

    22
  • Деструктивті діни ағым деген кімдер?

    22

Соңғы жарияланымдар

Газаға жасалған шабуылдан тағы 8 палестиналық қаза тапты
Жаңалықтар

Газаға жасалған шабуылдан тағы 8 палестиналық қаза тапты

02.11.2026
«Имантау» жұмбағы: аңыз бен ақиқат
Қоғам

«Имантау» жұмбағы: аңыз бен ақиқат

02.11.2026
Құран байқауының жеңімпаздарын марапаттады
Жаңалықтар

Құран байқауының жеңімпаздарын марапаттады

02.11.2026
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00