Қазақ даласындағы жер-су атауларының әрқайсысы – үнсіз жатқан киелі тарих. Кейбір атаулар табиғаттың ерекшелігін білдірсе, енді бірі ел жадында қалған қайғылы оқиғалардан туған. Осындай тағылымды топонимдердің бірі – Созақ өңіріндегі Малайұшқан.
Бұл атау жай ғана жердің аты десек, қателескен болар едік. Бұл тәуекел мен тағдыр, жастықтың албырттығы мен ажалдың арасындағы бір сәттік хикая. Халық жадында сақталған мұңды аңыз.
Қаратаудың Созақ даласы бетіндегі Төртши аталатын тұсында нешеме көне қоныстар мен өзен-сайлар бар.Соның Борсылдақ Мыңжылқы мен Келіншек тауының түйіскен жерінде алыстан көзге түсетін садақ тәрізді иілген қызыл жартас орналасқан. Оның батыс беті тіп-тік құз болып келеді. Адам аяғы жете бермейтін сол шыңдарға бүркіттер ұя салып, балапан басады екен.
Ол замандары негізінен Торлан асуы маңында отыратын аз үйлі Уақтардың екі ағайынды жігіті осы маңда күркөріс жасап, кірме болып жүрген деседі. Кіші інісінің аты – Малай көрінеді. Жас жігіттің жүрегі өжет, мінезі қайсар болса керек. Бір күні ол әлгі көкпен таласқан қиядағы бүркіттің балапандарын алуға ниет етеді.
Ағасы оған қарсы болады. Өйткені құз аса қауіпті еді. Бірақ жастықтың қызуы мен тәуекелге толы жүрек Малайды тоқтатпайды.
Ақыры күндердің бір күнінде бірнеше дос-жараны жиналып, олар жартасқа барып, үш арқанды жалғап, Малайды құзға түсіреді. Ол аман-есен ұяға жетіп, бүркіттің балапандарын қабына салып, төмен жібереді. Алайда бар ісін тәмамдаған соң, беліндегі арқанын сол жерге қиялап өскен тобылғыға іліп қойып, бір адам сәжде жасап, иіліп тұра алатындай жайнамаз көлеміндей ғана қалтарыста намаз оқуға кіріседі. Бес уақыт намаздың қайсысы екені беймағұлым. Бесін бе екен, екінті ме екен, оны ел жадынан тарс шығарып алыпты. Дейтұрғанмен осы тұс жағдаяттың ең терең әрі ең әсерлі жері.
Өлімнің дәл алдында тұрғанын сезді ме, әлде ғайыптан хабар алып, ақтық сапар алдында мұсылмандық парызын өтеуді ойлады ма, оны бір Алла біледі. Алайда халық жадында Малайдың құз басында намаз оқығаны жақсы сақталып қалған.
Мұның бәрі енді, сол көрініске куә болғандардың сөзінен өрбіген ғой. Содан не керек, жанкешті жігіт намазын аяқтап, тобылғыға ілінген арқанға қарай беттеген сәтте аяғы тайып кетеді. Сол мезетте жас жігіт 200 құлаш шамасында биік құздан төмен қарай құлдилап ұша жөнеледі. Ұшқаннан ұшып, жартас астындағы киіз үйдей үлкен қойтасқа соғылып, денесі кері серпіліп қайта ұрылады. Кері серпілгенде де 5-6 құлаш көтеріліп түскен дейді. Айтушылар бойынша, оның денесі адам танымастай хәлге түскен екен.
Дәл сол сәтте ағасы да мән-жайды сырттан естіп, алыстан «Мұныңды қой» деп ұрсып шектеуге асығып келе жатады. Бірақ болары болып, ол інісінің төмен қарай зулап бара жатқанын көргенде, атын аямай қамшылап:
– «Қиқу! Қиқу! Малай ұшты! Малай ұшты!», – деп айқайлап далбалақтап шаба берген екен.
Содан бері халық бұл жерді «Малайұшқан» деп атап кетіпті.
P.S. Қазақ дүниетанымында жер атауы ешқашан жайдан-жай қойылмаған. Әр атаудың астарында елдің қауымдық жады, тарихи тәжірибесі, рухани тәлімі жатады. Малайұшқан – сондай қасіретті естеліктің бірі.
Бұл хикая-оқиғаның бірнеше мағына аңғарылады:
Біріншіден, қазақтың қыран құсқа деген айрықша құрметі көрінеді. Бүркіт – еркіндік пен ерліктің символы. Қазақ баласы үшін қыранның балапанын алу – жай ғана кәсіп емес, батылдықтың белгісі болған.
Екіншіден, бұл хикая адам өмірінің нәзіктігін еске салады. Бір сәт бұрын ғана құз басында намаз оқып тұрған алымды жас келесі сәтте ажал құшады. Бұл – «Ажал айтып келмейді» деген халық даналығының нақты көрінісі.
Үшіншіден, хикаядағы намаз эпизоды ерекше мәнге ие. Қазақ дүниетанымында қандай жағдайда да Жаратушыны ұмытпау – имандылықтың белгісі. Малайдың соңғы әрекетінің бірі намаз болуы – халықтың діни санасындағы терең нышандық образ. Оның астарында қайтсе де «намазды қаза қылмау» идеясы жатыр.
Бүгінде Малайұшқан атауы Созақ даласындағы көптеген көне топонимдер секілді өткеннің үнін сақтап тұр. Мұндай оқиғалар – халықтың тарихи жадын, дүниетанымын, қорқынышы мен сенімін, тәуекелі мен тағдыр туралы түсінігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін рухани мұра.
Сондықтан жер атауларын зерттеу – тек географияны тану емес, халықтың жан дүниесін тану. Ал Малайұшқан – сол жан дүниеде сақталған қасіретті де қасиетті естеліктің бірі.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ







