Сұрақ: Намаз жайлы қысқаша сипаттама айтасыз ба?
Жауап: Бес парыздардың ішінде күнде бес уақыт орындалатын ерекше құлшылық түрі – намаз. Пайғамбарлардың бәрі намаз сынды құлшылық амалдарын орындаған.
Мұсылманға Миғраж түнінде бес уақыт намаз оқу парыз етілді. Оның парыздығы Құран мен сүннетпен нақтыланған. Намаз оқудағы мақсат – Жаратқан Аллаға бойұсыну. Рухани маңыздылығы – адамды жаман істерден тыяды, жүрекке тыныштық сыйлайды және Алламен тікелей байланыс орнатады.
Құран Кәрімнің жүзге жуық жерінде намаз оқуды бұйырып, оның адам баласы үшін маңыздылығы айтылған. Сондай-ақ намазда Алланы мадақтау, ұлықтау, Оған шүкіршілік білдіру, тәубеге келіп кешірім сұрау, Одан жәрдем тілеу, дұға ету сияқты зікірлер де айтылады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды «Діннің тірегі», «Мүминнің миғражы», «Жұмақтың кілті», «Көзімнің нұры» деп түрлі атаулармен атағаны еңбектерде кездеседі. Хадисте: «Егер адам үлкен күнәлардан сақтанатын болса, бес уақыт намаз, жұма намазы мен келесі жұма намазы, рамазан айы мен келесі рамазан айы олардың арасындағы күнәлардың кешірілуіне себепші болады»деген.
Намаз түбіне үңілсе тән тазалығы, жан тазалығы мен рух азығы екендігін саналы адам түсінеді.
Икрам АЙТАЕВ










