Сұрақ: Мешітте қарапайым намазхан имамдыққа шыға ала ма?
Жауап: Жоқ, өте алмайды. Елімізде ҚМДБ-ға қарасты үш мыңға жуық мешіт тіркелген. Әр мешіттің бас имамы, наиб имамы (имам орынбасары) және басқа да қызметкерлері бар. Мешітте бес уақыт намаз рәсімін кезекші имам немесе наиб имам өткізеді. Жамағат имамға ұюға ниет етеді.
Мешіттегі намаз оқу тәртібі ханафи мәзһабы бойынша орындалады. Жамағат намазына үлгере алмаған азаматтар жеке өзі намазын оқып алады.
Имамдықтың өзіндік жауапкершілігі бар екенін ескерген жөн. Имам болу шарттарына мұсылман болуы, ақыл-есі дұрыс болуы, балиғат жасына толуы, ер кісі болуы, дәреті толық болуы, үзірден таза болуы, Құран сүрелерін тәжуид ережелеріне сай, мағынасы бұзылмайтындай етіп қатесіз оқи алуы, намаздың парыздарын, уәжіптерін, сүннеттерін және намазды бұзатын жағдайларды жақсы білуі т.б. сынды дүниелер кіреді.
Ал, түрлі діни идеологияға бейім азаматтар мешіттерде кездеседі. Олар жамағат арасында тақуа көрінгісі келеді. Ондай азаматтардан алыс болған дұрыс. Мешіттің өзіндік тәртібі мен ережелері бар. Аталған тәртібін сақтап, құлшылық амалдарын орындауда сауап бар екен.
Икрам АЙТАЕВ








