Израиль армиясының атысты тоқтату режиміне қарамастан Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан бір бала бар сегіз палестиналық қаза тауып, тағы алты адам жарақат алды. Бұл туралы Анадолу агенттігі хабарлады.
Жергілікті ақпарат көздері мен денсаулық сақтау органдары өкілдерінің мәліметінше, Израиль армиясы Хан-Юнис және Газа қалаларына әуеден соққы жасаған.
Хан-Юнистегі жергілікті дереккөздердің хабарлауынша, Израиль әскері қаланың батыс бөлігіндегі әл-Мәуаси ауданында орналасқан мектептердің бірінің маңына соққы берген. Салдарынан бес палестиналық көз жұмған.
Ал Газа қаласындағы «Әш-Шифа» ауруханасының медицина қызметкері қаланың батыс бөлігіндегі әс-Саура көшесіне жасалған әуе шабуылы салдарынан бір бала бар үш палестиналықтың қаза тапқанын, тағы алты адамның жараланғанын мәлімдеді.
Газа Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Хан-Юниске жасалған шабуылдан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлері де бар.
2025 жылғы 10 қазанда Газа секторында атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеніне қарамастан, Израиль армиясы палестиналықтарға қарсы шабуылдарын жалғастырып келеді.
Бұған дейін Палестина Денсаулық сақтау министрлігі атысты тоқтату режимі күшіне енген 2025 жылғы 10 қазаннан бері Израиль шабуылдарынан 1 580 адамның қаза тауып, тағы 5 711 адамның жараланғанын хабарлаған болатын.
Ал 2023 жылғы қазаннан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 74 594 адамға жетті. Жараланғандар саны – 175 834 адам.






