Жаһандық экспансияның әсері ме, кейінгі уақытта өзіміздің ортаға ғана тән қоғамдық құндылықтардың кейбірі құбылып барады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет құлдырып, сыйласудың құны түсіп бара жатқандай. Мұның бәрі қарым-қатынас әдебінің әлсіреуінен туып жатқан келеңсіздіктер десек те болады.
Жалпы, қазақ «Сәлем – сөздің атасы» деген. Әрине, сәлемдесу бір бөлек, сол сәлемдесудің орындалу әрекетінің дұрыс-бұрыстығы да мәселеге айналғалы қашан…
Амандасқан сәттен біз адам бойындағы ізетті, оның ұясынан ілген өнегесін көреміз. Яғни амандасу – өзара құрмет пен ұлттық тәрбиенің алғашқы көрінісін ұсынады. Жалпы, осы амандасу туралы тың ой түюімізге, қоғамда қалыптасқан әдеттерге жаңаша қарауымызға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистер алдында сәлемдесу мәдениетіне қатысты айтқан пікірі түрткі болды.
Амандасу әдебі, бұл – адамның тәрбиесін танытатын белгілердің бірі. Біз күнделікті өмірде сәлемдесуді сан мәрте қайталайтындықтан оны қарапайым әрекеттердің бірі деп қабылдап кеткенбіз. Алайда оның астарында адамға деген құрмет, кішіпейілділік, ізет пен ықылас жатыр. Біреумен кездескенде жылы жүзбен сәлемдесу, хал-жағдайын сұрау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – қоғамдағы қарым-қатынастың мәдениетін айқындайтын қасиеттер. Кейде қарсы алдыңдағы адамға оған деген ризашылығың мен ренішіңді сәлемдесу амалдарымен-ақ ақтара салуға болады.
Бірақ кейінгі жылдары осы сәлемдесудің ерсі элеметтері көбейіп кеткені жасырын емес. 2004 жылы студент атанып, қалаға алғаш келген кезімізде ауылда көрмек түгілі, ойымызға да кірмеген нәрселерді көріп, көңіл құлазыған. Бірінші курстың алғашқы күндерінде-ақ өзіміз қатарлы зіңгіттей жігіттердің құшақтасып, бет сүйісіп амандасқанын көргенде ауылға қайтадан безіп кеткіміз келген. Бізбен параллель оқыған топтың қыз-жігіттерінің ерінмен сүйісіп амандасқанын да көріп, жерінгенбіз. Айта берсек, қазіргі буынның да өздеріне тән «қылықтары» аз болып тұрған жоқ.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда амандасу әдебіне қатысты айтқан пікірі назар аударуға тұрарлық. Президент журналистерге берген кезекті сұхбатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту, жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мәселесіне тоқталды.
Мемлекет басшысы жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келгенін жеткізді. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс еместігіне назар аударды. Себебі бұл біздің салтымызда жоқ, дәстүрімізге жат нәрсе. Президент әсіресе, әскери форма киген адамдардың, генералдардың осындай әрекеті көзге түрпідей тиетінін жасырмады.
«Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек», деді Мемлекет басшысы.
Яғни біз күллі әлемге қалайша таныламыз десек, мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз кекректігін ашық айтты. Президент бұл мәселені жеке бір қимылдың төңірегінде ғана қозғаған жоқ. Ол қоғамдық ортада тазалық пен тәртіпті дәріптеу, өзгені құрметтеу, күнделікті өмірде әдеп сақтау қажеттігіне назар аударды. Демек амандасу мәдениеті – адамның сыртқы әрекетінен бөлек, оның ішкі мәдениеті мен айналасына деген көзқарасын танытатын маңызды өлшем.
Дәстүрлі ортада амандасудың да өз жөн-жосығы болған. Адамның жасы, туыстық жақындығы, қоғамдағы орны, кездесудің мәні ескерілген. Үлкенге құрмет білдіру үшін қолды кеудеге қою, қос қолдап амандасу, ізетпен иілу секілді ишараттардың әрқайсысы белгілі бір мағына берген. Мұның бәрі адамның кіммен қалай қарым-қатынас жасайтынын реттеп қана қоймай, қоғамдағы сыйластықты сақтауға қызмет еткен.
«Qazaqstan» ұлттық телеарнасына пікір білдірген ақын, драматург Нұрлан Оразалин қазақтың көрісу дәстүріне тоқталады. Оның айтуынша, көрісудің халық санасында сақталған өзіндік мәні бар. Адамдар қаралы үйге көңіл айту үшін көріссе, Наурызда бір жылға аман жеткеніне қуанып, бір-бірімен құшақтасып, ізгі тілектерін білдірген. Яғни құшақтасу дәстүрі болғанымен, оның өзіндік орны мен себебі бар.
Ал филология ғылымдарының докторы, академик Қансейіт Әбдезұлы дәстүрлі амандасу үлгілерінде үлкенге құрмет көрсетудің маңызына назар аударады. Ғалымның пікірінше, бұрын ақсақалдар мен үлкен кісілер қолын кеудесіне қойып, оң қолын ұсынып амандасқан.
Этнограф Досымбек Қатыра да қазақтың амандасу салтында жағдайға қарай қалыптасқан ерекшеліктер болғанын атап өткен. Оның түсіндіруінше, ұзақ уақыт көрмеген адамдардың құшақтасып қауышуы мен күнделікті амандық сұрасуы бірдей болмаған.
Бұл пікірлер амандасу мәдениетінің тек сыртқы рәсім емес екенін көрсетеді. Оның мәні – адамға лайықты құрмет көрсету, қарым-қатынаста шектен шықпау және өзіңді де, өзгені де сыйлау.
Мұның өзі дәстүрдің мәні сыртқы қимылдың өзінде ғана емес, сол әрекеттің қандай жағдайда жасалатынында екенін аңғартады. Жақын адаммен сағынысып көрісу – бір басқа, күнделікті ортадағы амандасу – бір басқа. Сондықтан ұлттық әдепті дәріптегенде тарихи ерекшеліктерді ескеріп, әр рәсімнің мағынасын дұрыс түсінген жөн.
Жасұлан СЕЙІЛХАН











