Ислам терминологиясында «иман» дегеніміз – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алла Тағала тарапынан жеткізген хабарларының, діни үкімдерінің ақиқат әрі шынайы екеніне күмәнсіз сену, оларды жүрекпен қабылдап, тілмен растау дегенді білдіреді. Яғни, иман – Алла Тағалаға, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың соңғы пайғамбары екеніне, сондай-ақ ислам дінінің негізгі қағидалары мен үкімдеріне сену, оларды мойындау және толық қабылдау.
Негізгі діни қағидалар – Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) сенімді жолмен жеткен, ислам дінінде нақты әрі белгілі болған, сену үшін қосымша дәлелді қажет етпейтін діни үкімдер мен қағидалар. Оларға мыналар жатады: Құран Кәрімнің Алла Тағаланың сөзі екеніне сену; Өлгеннен кейін қайта тірілудің және ақырет өмірінің хақ екеніне сену; Намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру және қажылық жасау парыз екеніне сену; Зина жасау, ішімдік ішу, өсім жеу, кісі өлтіру және өтірік айту сияқты істердің харам екеніне сену.
Әрбір мұсылман осы негізгі діни қағидалардың ақиқаттығына еш күмәнсіз сенуі тиіс. Осы аталған және соларға ұқсас ислам дінінің негізгі сенімдері мен қағидаларын түгел қамту мақсатында «иман» термині қолданылады.
Тіл мамандарының көзқарасы бойынша да, діни терминологияда да сенім, ең алдымен, жүрек пен ар-ұжданға қатысты ұғым болғандықтан, оның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі – растау. Алайда бұл жерде мынадай сұрақтар туындайды: растау мен мойындаудың негізі неде? Иманның мәнін құрайтын негізгі құрамдас бөліктер қандай? Иман тек жүрекпен сенуден тұра ма? Әлде тілмен мойындау да қажет пе? Немесе иман осы екеуімен ғана шектелмей, дене мүшелері арқылы орындалатын ізгі амалдарды да қамти ма?Басқаша айтқанда, иман жүректегі сенімнен ғана тұра ма, әлде оған тілмен растау мен ізгі амалдар да кіреді ме? Бұл мәселеге қатысты ислам ғалымдары арасында түрлі көзқарастар мен пікірталастар қалыптасқан.
а) Әһли сүннет ғалымдарының бір тобының көзқарасы бойынша, шынайы иман – жүрекпен растау және тілмен мойындау, яғни Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алла Тағаладан жеткізген барлық хабарларының ақиқат әрі шынайы екеніне сену. Бұл анықтамаға сәйкес, иманның екі тірегі бар: жүрекпен растау және тілмен мойындау. Алайда бұл екі тірек бірдей дәрежеде маңызды емес. Жүрекпен растау – ешбір жағдайда түсіп қалмайтын иманның негізгі тірегі. Ал тілмен мойындау – мылқаулық немесе өлім қаупі сияқты белгілі бір қажеттілік туындаған жағдайда міндеттілігі жойылатын қосымша тірек. Егер иманның негізгі тірегі болып саналатын жүрекпен растау жойылса, адам иманынан айырылады және кәпір болады. Себебі жүрекпен растаусыз иман болуы мүмкін емес. Ал өлім қаупі төнген жағдайда тілмен иманын білдіре алмаған адам иманынан айырылмайды әрі кәпір болып саналмайды. Өйткені оның жүрегі шынайы сенім мен растауға толы. Бұл көзқарас Құран Кәрімнің «Нахл» сүресінің 106-аятында баяндалған. «Әйгілі пікір» деп аталатын бұл көзқарасты кейбір сунниттік теологтар, сондай-ақ ханафи мәзһабының көрнекті ғалымдары Шамс әл-Аимма әс-Сарахси мен Фахрул-Ислам әл-Пәздауи және басқа да ханафи фиқһ ғалымдары қабылдаған. Тіпті, имам Әбу Ханифаның да осы көзқарасты құптағаны айтылады. [1]
ә) Әһли сүннет ғалымдарының көпшілігінің пікірінше, діни сенім жүрекпен сену қажет болған нәрселерді шынайы әрі күмәнсіз растаудан тұрады. Сондықтан иманның жалғыз тірегі – жүрекпен растау. Жүрегінде осындай берік сенімі бар адам Алла Тағаланың алдында шынайы мүмін болып саналады. Бұл көзқарас бойынша, тілмен мойындау иманның негізгі немесе қосымша тірегі де, оның құрамдас бөлігі де болып есептелмейді. Алайда жүректегі сенімді сырттай танудың бірден-бір жолы – оны тілмен білдіру. Өйткені адамның жүрегінде иманның бар-жоғын басқа жолмен анықтау мүмкін емес. Осы себепті тілмен мойындау дүниелік құқықтық үкімдерді қолданудың шарты болып саналады.
Бұл қағидаға сәйкес, жүрегімен шынайы иман келтіргенімен, оны тілімен мойындамаған адам Алла Тағаланың алдында мүмін болып есептеледі. Алайда дүниелік үкімдер тұрғысынан ол мұсылман ретінде танылмайды және оған мұсылмандарға қатысты діни-құқықтық үкімдер қолданылмайды. Құран аяттары да осы көзқарасты қуаттайды:
- «Міне, солардың жүректеріне Алла иманды жазған» («Мүжәдәлә» сүресі, 58:22).
- «Иман әлі жүректеріңе кірген жоқ» («Хужурат» сүресі, 49:14).
Сондай-ақ бұл мәселеге қатысты «Нахл» сүресінің 106-аятында да жүректегі иманның маңыздылығы баяндалады. Бұл көзқарас имам Әбу Мансур әл-Матуридиге де тән. Атап айтқанда, имам Әбу әл-Хасан әл-Ашғари, имам әл-Харамайн әл-Жуәни және имам Фахруддин әр-Рази де осы пікірді ұстанған.[2]
б) Сәләф ғалымдары мен көптеген хадис ғалымдарының, сондай-ақ имам Мәлік, имам Шафиғи және имам Ахмадтың (р.а.) пікірінше, шариғат талаптарына сай иман үш негізден тұрады: тілмен мойындау, жүрекпен растау және дене мүшелері арқылы амал ету. Алайда сәләф ғалымдары мен осы көзқарасты ұстанатын кейбір мәзһаб имамдары діни амалдарды орындамаған адамдарды күнәһар әрі Аллаға бойұсынбаушылар деп санағанымен, олардың иманнан шығып, кәпір болатынын айтпаған. Сонымен қатар, олар амалдарды орындауда кемшілік жіберген мұсылмандарға да діндар және тақуа мұсылмандарға қолданылатын діни үкімдер қолданылады деп есептеген. Шын мәнінде, мұсылман қоғамындағы құқықтық тәжірибеде де осы ұстаным басшылыққа алынған. Бұл ғалымдардың пікірінше, шариғат талаптарына сай иманның мәні екі тұрғыдан қарастырылады. Біріншісі – иманның негізгі мәні. Бұл – адамның жүрегімен растауы немесе жүрекпен растауын тілмен мойындауы арқылы жүзеге асатын сенім. Осындай иман адамға ерте ме, кеш пе Жәннатқа кіруге мүмкіндік береді. Екіншісі – кәміл иман. Бұл – мұсылманды тозақ азабынан сақтап, мәңгілік бақытқа жеткізетін иманның кемелденген түрі. Діни бұйрықтарды орындау, тыйым салынған істерден аулақ болу және ізгі амалдар жасау иманның кемелдігінің маңызды құрамдас бөлігі әрі оның табиғи жемісі мен күтілетін нәтижесі болып табылады.
Қорыта айтқанда, жоғарыда берілген «тілмен мойындау, жүрекпен растау және дене мүшелері арқылы амал ету» деген анықтама иманның негізгі мәнінен гөрі, оның кемелденген сипатын білдіреді. Яғни, бұл – иманның мәні мен ақиқатын емес, кәміл иманды сипаттайтын анықтама. Осы тұрғыдан алғанда, сәләф ғалымдары мен кейбір хадис ғалымдарының көзқарасы мұғтазилиттер мен харижиттердің қатаң ұстанымдарынан ерекшеленеді және қалыпты, қабылдауға болатын көзқарас ретінде бағаланады.[3]
в) Харижиттер мен мұғтазилиттердің көзқарасы бойынша, шариғат талаптарына сай иман тек жүрекпен растау мен тілмен мойындаудан ғана емес, сонымен қатар діни міндеттерді іс жүзінде орындаудан да тұрады. Олардың пікірінше, иманның мәні үш құрамдас бөліктен құралады: жүректің амалы, тілдің амалы және дене мүшелері арқылы жасалатын амалдар. Яғни, ислам сенімінің үш негізгі тірегі бар:
- Жүрекпен растау;
- Тілмен мойындау;
- Дене мүшелері арқылы амал ету, яғни Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Алла Тағаладан уахи арқылы жеткізген діни қағидалары мен шариғи үкімдерін орындау.
Осы үш тіректің біреуі орындалмаған жағдайда, адам толыққанды мүмін болып саналмайды. Мысалы, жүрегімен иман келтіріп, тілімен мойындағанымен, діни міндеттерді орындамаған адамға қатысты харижиттер мен мұғтазилиттердің көзқарастары бір-бірінен ерекшеленеді. Харижиттер мұндай адамды кәпір деп есептейді. Ал мұғтазилиттер оны мүмін де, кәпір де емес, пасық (күнәһар, Аллаға бойұсынбаушы) деп санайды. Олардың пікірінше, мұндай адам иманның маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын амалды орындамағандықтан, иман мәртебесінен айырылады.
Осы ұстанымға сәйкес, мұғтазилиттер үлкен күнә жасаған немесе мұсылманға міндеттелген парыздарды орындамаған адамды толыққанды мүмін деп есептемейді. Мұндай адамдардың жағдайын түсіндіру үшін олар «әл-Манзилату бәйнәл-манзилатәйн» (екі мәртебенің арасындағы аралық орын) деп аталатын әйгілі қағиданы ұсынған. Бұл қағида бойынша, үлкен күнә жасаған адам дүниелік тұрғыдан мүмін де, кәпір де емес, екі мәртебенің арасындағы аралық жағдайда болады. Бұл ұстаным мұғтазилиттердің бес негізгі қағидасының бірі болып саналады. Әһли сүннет ғалымдары аталған көзқарасты қабылдамайды және оған қарсы пікір білдіреді. Ал харижиттердің ұстанымы діни мәселелерде шектен тыс қатаңдық танытуымен ерекшеленеді әрі әһли сүннет ғалымдары тарапынан негізсіз көзқарас ретінде сынға алынған.
е) Каррамия ағымының көзқарасы бойынша, шариғат талаптарына сай иманның бір ғана тірегі бар. Ол – тілмен мойындау немесе ауызша растау. Яғни, олардың пікірінше, адам иманын тілімен білдірсе, мүмін болып саналады. Бұл көзқарас та әһли сүннет ғалымдарының иман туралы ұстанымынан ерекшеленеді. Басқаша айтқанда, бұл көзқарас бойынша, жүрегімен иман келтіргенімен, өз сенімін тілімен мойындамаған және жария етпеген адам мүмін болып саналмайды. Алайда ол осы сенімі үшін ақыретте Жәннатқа кіруі мүмкін. Бұл тұжырымның тағы бір қайшылықты тұсы – жүрегімен сенбесе де, тілімен иман келтіргендей болып көрінетін екіжүзділердің де мүмін деп танылуы. Өйткені бұл көзқарас бойынша иманның жалғыз шарты – тілмен мойындау. Алайда Құран Кәрімде мұндай адамдардың шынайы мүмін еместігі анық баяндалған: «Адамдардың кейбіреулері: “Аллаға және ақырет күніне иман келтірдік”, – дейді. Бірақ олар шын мәнінде иман келтірген жоқ» («Бақара» сүресі, 2:8).
Теолог, PhD, Исатай Бердалиев
[1] Фиқһ әл-Әкбарға» әл-Әли әл-Қаридің түсіндірмесі, 76–77-беттер; «Шарх әл-Мақасид», II том, 182-бет; «Шарх әл-Ақаид ән-Насафия», 436–438-беттер.
[2] Әли Арслан Айдын, «Ислами сенімдер», I том, 164–165-беттер.
[3] Әли Арслан Айдын, «Ислами сенімдер», I том, 160–161-беттер.










