Сұрақ: Меккеге қажылық жасау үшін жаяу бару дұрыс па?
Жауап: Ислам дінінде мұсылман болған, дені сау, ақыл-есі дұрыс және балиғат жасқа толған мұсылманға шамасы жетсе өмірінде бір мәрте қажылық рәсімін орындау парыз. Әлеуметтік желілерде жолдың машақатына қарамай түрлі елдерден жаяу қажылыққа бара жатқандар кездеседі. Кейбір азаматтар жаяулатып қажылыққа бару сауапты амал және діннің талабы екен деп пайымдайды.
Діни тұрғыдан алғанда алыс жолда қажылыққа жаяу бару міндет амал емес. Ал, жаяу жүру айларға созылып қиындық туғызып, бұл уақыттарда адам отбасын нәпақасыз қалдыруы мүмкін. Қазіргі таңда ұшақ, пойыз, автобус сияқты заманауи көліктер қолжетімді.
Пайғамбарымызда (с.а.у.) өз заманының ең қолайлы көлігі болған түйелер мен аттарды пайдаланғаны белгілі. Ислам діні құлшылық ғибадатында адамның өзіне қауіп төндіруін немесе шамадан тыс қиналуын бұйырмайды. Ислам діні қиындықты емес, жеңілдікті насихаттайды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Уа, адамдар, Алла Тағала сендерге қажылықты парыз қылды, қажылыққа барыңдар!» деген. Демек қажылықтың сауабы жолдың қиындығымен емес, оның ережелерін дұрыс сақтап, әрі ықыласпен орындаумен өлшенеді. Адамның ғибадатта машақатқа түсіп, құлшылық жасауы сауапты арттырмайды.
Икрам АЙТАЕВ









