Құранда Алла Тағала: «Түннің азырағында немесе түннің жарымында, яки жарымынан да азырағында, не жарымынан асыңқырағанда тұрып намаз оқы», деп бұйырған. (Мүззәммил: 2-3)
Бұл – тәхәжжуд намазы.
Расында да түнде қала көшесіне шықсаң кептеліс болмағандай, Жаратушыңа да мінәжәт, дұға жасауға кептеліс болмайтын ең оңтайлы сәт – сол уақыт.
Ұстаздарымыз: «Алламен екі ортада сырың болсын», деп айтатын, сондықтан да адам тақуалығын, амалдарын арттырамын десе түнгі намазы, нәпіл оразасы, көрсетпей берген садақасы көп болғаны абзал.
Үңгірде қалған үш жігіттің оқиғасы сияқты жағдайда, яғни адамның басына бір қысылтаяң келгенде: «Иә Алла! Менімен екі ортамызда сырымыз болған амалдарымның қабыл болғаны болса, соның құрметі үшін ісімді жеңілдете көрші», деп Жаратқанға жалбарына алады.
Раббымыздың: «Кімде-кім түйірдей жақсылық істеген болса, оның сыйын да көреді», (Зілзала, 7)деп айтқаны ақиқат екені рас.
Қуат ҚАБДОЛДА








