20-22 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Өркениеттер диалогы форумы өтіп жатыр.
Қазақстан атынан форумға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бастаған делегация қатысуда.
Жиынға ШЫҰ-ға мүше елдердің мәдениет министрлері, салаға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар мен мәдениет қайраткерлері жиналды. Ашылу рәсімінде Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди сөз сөйледі.
Форум аясында өркениетаралық диалог, мәдени әралуандылықты сақтау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған төрт тақырыптық секция ұйымдастырылды.
Айбек Сыдықов өз сөзінде халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың, ұлттық дәстүрлерді сақтаудың және мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызын атап өтті.
Халықаралық мәдени алмасуды кеңейтуге, ұлттық өнерді шетелде танытуға, музей және театр салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, жас мәдениет қайраткерлері мен креативті индустрияларды қолдауға ерекше назар аударылды.









