Киелі Маңғыстау жерінің әрбір тасы мен тауы ғасырлар қойнауынан сыр шертеді. Шежірелі өңірде өмір есігін ашып, ер жеткен перзенттің туған жердің қатпарлы тарихы мен бай рухани мұрасына қызықпай өсуі мүмкін емес. Бүгінгі біздің сұхбаттасымыздың тағдыр жолын таңдап, ғылымға бет бұруына да кіндік қаны тамған өлкенің киесі мен тарихи жады өз ықпалын тигізіпті. Таяуда мерейлі 85 жасқа аяқ басқан белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаймен болған әңгімемізде оның ғылымдағы ізденіс жолы, қазақ тарихы мен бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері төңірегінде кеңінен сөз қозғадық.
Академиялық көптомдықтан күтеріміз көп
– Өмірзақ аға, көне өркениеттердің ізі қалған қасиетті Маңғыстау топырағы сіздің тарихшы ретінде қалыптасуыңызға қаншалықты ықпал етті?
– Байтақ қазақ жерінің бір қиыры – Маңғыстау түбегі. Қойнауы тарихқа тұнған өңір – ата-бабамыздың ерлігі мен ерен еңбегінің арқасында қазақ елінің құрамында қалған, қарт Каспийден Үстірт қыраттарына дейін созылып жатқан қасиетті мекен. Бұл өлке өз тарихында талай қиын кезеңдер мен нәубеттерді басынан кешірді. Халқы жан-жаққа босып көшкен жылдары да болды. Өмір сүруге қолайлы, нулы-сулы жердің бәрін отаршылдар басып алып, жергілікті жұртшылық аңызақ желі таңдай кептіретін шөлді шалғайларға ығыстырылды. Патша билігінің озбырлығына көнбеген халықтың шыдам-шегі таусылып, 1870 жылы Иса-Досан көтерілісі, ХХ ғасырдың 30-жылдары Адай көтерілісі бұрқ етті. Бабаларымыз қанша қиындық көрсе де, қолына қару алып, соғыса жүріп, осы жерді жаттың табанында кетуден сақтап қалды. Міне, сол қайсар жігер мен қажырлы еңбектің арқасында бүгінде мұнайы мен газы тасқындаған,жер асты, жер үсті қазыналарына бай байтақ өлке қазақ еліне қызмет жасап жатыр.
Біріншіден, менің жастайымнан тарих ғылымына қызығушылық танытып, халқымыздың жоғын іздеп, жоғалтқанын табуға деген құштарлығым осы туған өлкемнің өткеніне деген ынтызарлықтан бастау алған болса, екінші себеп – әкемнен ерте айырылуым. Мен Маңғыстау өңіріндегі Құрық деген елді мекенде 1941 жылдың 9 маусымында, яғни соғыс басталардан 13 күн бұрын дүниеге келгенмін. Біздің өңірдің тепсе темір үзетін азаматтарымен бірге әкем де алғашқы лекпен майданға аттанған. Оларды «Дағыстан» деген кемеге отырғызып, алдымен Бакуға апарып, сол жерде азды-көпті соғыс қимылдарына дайындаған. Арада бірнеше күн өткенде үш-төрт адамға бір мылтықтан ұстатып майданға аттандырады. «Қалғанымыз не істейміз, қолымызда қару жоқ қой?», деп сұрағандарға: «Мылтықты майданнан тауып аласыңдар», деп жауап беріпті.
Әкем алғашқыда қалмақ даласында, кейін Сталинград, Харьков майдандарында жауға қарсы шайқастарға қатысады. Осы жерде ол кісі туралы ең соңғы хабарды маңғыстаулық Зердебай Бекарыстанов деген азамат елге жеткізген екен. Түнгі шайқас кезінде ауыр жараланған Зердебайды менің әкем шанамен санбатқа сүйреп апарған. Содан ол аман қалады да, соғыс біткенде елге оралған. Осы кездесуден кейін менің әкем туралы ешқандай хабар болмай, із-түзсіз жоғалғандар қатарында кетті. Осылайша әкем туралы көбірек білсем, соғыстың айтылмай қалған ақтаңдақтарын ашсам деген ынтықтығым де менің тарих саласына бет бұруыма түрткі болды.
– Біз отаршылдық қамыты мойнымыздан шешілмей тұрған уақытта тарихынан көз жазып қала жаздаған ұлтпыз ғой. Тәуелсіздік алған соң ғана жеті қат жер астынан, шаң басқан архивтерден жоғалтқанымызды қайта тауып жатырмыз. Сіздің ойыңызша, тарихымыздың қай тұстары әлі де толығырақ зерттеуді қажет етеді?
– Қазақтың сан ғасырлық тарихы әлі күнге толықтай қағаз бетіне түскен жоқ. Ал қағазға түспеген нәрсені сан-саққа жүгіртіп, түрлі бағытта айта беруге болады. Салдарынан біздің тарихымыздың да шындықтан алыстап, бұрмаланып кетіп жатқан тұстары аз емес. Осы кемшілікті жою мақсатында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынған ең маңызды істің бірі деп «Мәдени мұра» бағдарламасының жариялануын айтар едім. Оның аясындағалымдарымыз ертеден жазба мәдениеті сақталған көрші мемлекеттерге арнайы барып, архив құжаттарын елге әкеліп, оны өз тілімізге аударып, бұрын-соңды айтылмаған, жазылмаған құнды деректерді айналымға енгізді. Бұл бағдарламаның отандық тарих саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Ал бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі бастамашы болып, қазақтың ежелден бастап бүгінге дейінгі тарихына жаңаша баға беру, жаңаша көзқараспен қарау ісі қарқынды қолға алынып жатыр. Күні кеше елордамызда Алтын Ордаға қатысты өткен халықаралық жиын соның нақты бір дәлелі. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қазақ мемлекеттілігінің жеті томдық академиялық тарихын әзірлеу жұмысы да аяқталып қалды. Құдай қаласа, ол жақын арада көпшіліктің қолына тиеді деп күтіп отырмыз.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы – тарих», деген екен. Өткенін ұмытқан халықтың болашағы да бұлыңғыр. Біздің тарихымызда бүгінгі өскелең ұрпақ үлгі алатын өнегенің бәрі бар. Батырлық та, қаһармандық та, адамгершілік те, қайырымдылық секілді адами қасиет те қазақтың тұмса тарихында тұнып тұр. Біз соның бәрін кейінгі ұрпақтың қолына аманаттап тапсыруымыз керек.
– Президенттің бастамасымен қолға алынған жеті томдық еңбек туралы айтып өттіңіз. Оның тарих саласына әкелетін жаңалығы қандай болмақ?
– Бұл еңбектен біз үлкен өзгеріс пен үміт күтіп отырмыз. Кеңес заманында хатқа түскен тарихымыз бірыңғай сарында жазылғанын білеміз. Бұратана халықтардың тарихы лайықты дәрежеде көрсетілген жоқ. Көп жері бұрмаланды, айтылуға тиіс тұстары ұрпақтан жасырылды.
Ал мына жаңа еңбектің мақсаты – қазақтың өткен тарихын шынайы көрсету. Есте жоқ ескі заманнан бастап, кейінгі орта ғасырлар, Ресей империясына, кеңес одағына қараған тұстағы тарихтың ақтаңдақ беттерін, ХХ ғасырдағы Алашорда мен оның қатарында болған ұлт қайраткерлерінің, ашаршылық пен қуғын-сүргін секілді халықтың басына төнген нәубеттердің шынайы бағасы беріліп, айтылмған ақиқаттың бәрі көрініс таппақ.
Білімге құштарлық – алаштықтардың басты қасиеті еді
– Алаш қайраткерлерінің ғұмыры мен мұрасын зерделеуге сіздің де көп еңбек сіңіргеніңізді білеміз. Ұлтымыздың сүт бетіндегі қаймағындай болған ұлы тұлғаларымызды біз толықтай тани алдық па?
– Алаш арыстарының өмір жолына зер салсақ, басым көпшілігі өз дәуіріндегі іргелі білім ордаларында, Мәскеу, Петербор, Қазан қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алған сауатты тұлға болғанын көреміз. Тіпті қолы жеткендері шетелге де шығып, білім нәрінен сусындаған. Мысалы, Польша, Үндістан елдерінде оқығандары да бар. Алаш арыстары туралы әңгіме болғанда мен ең бірінші олардың білімге құштарлығын айтамын. Білім олардың дүниетанымын кеңейтті. Туған халқына қызмет жасауға ынтызарлығын оятты. Олар сол алған білімімен, қолындағы нәпақасымен өз отбасының ғана жағдайын жасап, күйін күйттеп жайлы өмір сүруіне болар еді. Алайда алаштықтар елдің жайын бірінші кезекте ойлады, халқының тағдырын бәрінен жоғары қойды. Туған жерін сол уақыттағы әлемнің алды болған мемлекеттермен терезесі тең дәрежеге қалай жеткіземіз деп бастарын бәйгеге тігіп, ақыры көпшілігі сол жолда жанын пида етті. Міне, бұл Алаш арыстарының бізге үлгі болар ең басты өнегесі.
– Ал бүгінгі жастарымыз осыдан қаншалықты тағылым алып жүр? Олардың білімге құштарлығы қалай деп ойлайсыз?
– Шыны керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халықтың әлеуметтік хал-ахуалы алдыңғы қатарға шықты да, әсіресе жастардың білімге деген құштарлығы төмендеп кетті. Оның ең басты көрінісінің бірі – кітап оқу мәдениетінің көзден бұлбұл ұшуы дер едім. Сол уақытта жүргізілген зерттеулерге қарасақ, қазақ қоғамындағы халықтың жартысынан астамы кітап оқымайтыны белгілі болған. Ал Абай шығармаларымен жастардың 10-15 пайызы ғана таныс екенін айтқан. Бүгінде бұл көрсеткіштен қаншалықты жоғары көтерілдік, оны дөп басып айту қиын.
Озат ұлт боламыз десек, кітап оқуға құштарлықты арттыруымыз керек. У.Шекспирдің: «Кітап маған тақтан да қымбат», деген сөзі бар. Француз жазушысы Д.Дидро: «Оқымаған жерде ой тоқырайды», дейді. Ал Абай атамыз: «Артық білім – кітапта», деп оқу мәдениетінің орны жоғары екенін айтып кеткен. Осы орайда елімізде Президенттің тікелей ұйықты болуымен қолға алынған тағы бір жақсы бастама – кітаптың культін көтеру, кітап оқу мәдениетін арттыру. Биыл біз екінші жыл «Ұлттық кітап күнін» атап өттік. Қазір «кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы кеңінен насихатталып, кітап оқушыларды қолдау бастамалары қарқынды жүріп жатыр. Мен мұның бәрін дер шағында қолға алынған, жастарымыздың білім-ғылымға деген ынтасын арттыратын ең өзекті іс деп есептеймін.
Адамзаттың ұлы тұлғаларының ғасырлар бойы көзінің майын тауысып жазған құнды дүниелерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Әбіш ағамыздың: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», деген сөзі бар. Біз қазір алдымызға үлкен мақсат қойған, дамудың даңғыл жолына шыққан ұлтпыз. Өркениетті әлем игілігін көріп отырған табыстарға қол жеткізу үшін одан да әріге ұмтылып, дүние көшін бастайтын мемлекетке айналудың қамын жасай беруіміз керек. Бұл жолда кітап біздің ең басты серігіміз болары анық.
Құрылтайдың құрылуы – уақыт талабынан туған шешім
– Өмірзақ аға, 1995 жылы елімізде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін бұрынғы Жоғарғы кеңес Сенат пен Мәжіліс атты екі палатадан тұратын Парламентке айналды. Сол жылы сіз ел тарихындағы тұңғыш сенаторлардың бірі болып сайландыңыз. Ал биыл елімізде жаңа Ата заң қабылданып, Парламент бір палаталы Құрылтай болып өзгеріп жатыр. Бұл реформаларға қандай баға берер едіңіз?
– Адамзат қоғамы бір орында тұрмайтыны белгілі. Ол үнемі ізденістің, өзгерістің жолындажүреді. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ жоқ іздеген халық», деген сөзі бар. Біз қазіргі күні де қолдағы барымызды базарлы етіп, жоғымызды бар елдерден алып, заман көшіне ілесіп, уақыт талабына сай дами беруіміз керек. Қазіргі саяси салада жүріп жатқан өзгерістер де біздің алға басқан қадамымызды, өркениетті ел болудың жолымен ілгерілеп жатқанымызды көрсететін бастамалар.
Мен алғашқыда Жоғарғы кеңестің депутаты болдым. 1995 жылы Парламент құрылған соң, Сенат депутаты ретінде қызметімді жалғастырдым. Сол кезде «сенатор», «мәжілісмен» деген секілді лексиконымызда болмаған жаңа сөздер тілдік қолданысқа енді. Бұл да сол кезгі уақыт талабынан туындаған шешім еді. Елге қос палаталы Парламент керек болды және ол өткен отыз жылдың ішінде өзінің миссиясын толығымен атқарды.
Ал қазір бабалар қасиет тұтқан «Құрылтай» деген атпен жаңа парламент дүниеге келіп жатыр. Ел тізгінін ұстаған басшыларымыз, ғалымдарымыз бен сарапшыларымыз жан-жақтызерттеп-зерделеп, осындай шешімге келіп отыр. Біз жаңа бастаманы қолдаймыз. Бір палаталы Құрылтай алдағы уақытта еліміздің одан әрі дамып, өркениет көшіне ілесуіне өз септігін тигізеді деп сенемін.
– Сіз ұзақ жыл «Ардагерлер ұйымы» республикалық кеңесінің төрағасы болдыңыз. Бұл ұйым бүгінде қандай іспен айналысып жатыр?
– Иә, мен «Ардагерлер ұйымында» 19 жыл жұмыс істеппін. Алдымен Маңғыстау облыстық ардагерлер ұйымын басқардым. Кейін мені республикалық Ардагерлер ұйымына шақырып, алдымен үш жыл төрағасы, кейін төрағаның бірінші орынбасары болып еңбек еттім. Бұл жерде тер төккен жылдар маған көп нәрсені үйретті, халықпен етене жақын араласып жұмыс істеуіме, көп тәжірибе жинауыма себепші болды.
Жалпы ардагерлер деген кімдер? Олар – елдің асыл адамдары, ақылды даналары. Біз өмір сүріп отырған мына елдің іргетасынан бастап, әрбір кірпішін қалауға атсалысқан кісілер солар. Қазақ елдің үлкендері туралы айтудай-ақ айтқан. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» дейді. Мұқағали ақын: «Араздасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда», деп жырлайды. Еліміздегі Ардагерлер ұйымы да ата-бабадан мұра болған қариялар институтының эстафетасын іліп әкетіп, осы қасиетті жолды жалғастырып жатыр.
Қазір елімізде екі миллионнан астам ардагер бар екен. Олар өздерінің бай өмірлік тәжірибесін елді, қоғамды дамытуға, халықты дұрыс бағытқа бастауға, жастарды тәрбиелеуге жұмсап, ынтымақ пен бірліктің артуына зор үлестерін қосып келеді. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Еліміздің барлық облысында ұйымның филиалдары жұмыс істейді. Оларды сайдың тасындай іріктелген азаматтар басқарып, игі істерге мұрындық болып отыр.
Биыл мамыр айында «Ардагерлер ұйымы» республикалық кеңесінің кезекті съезі өтіп, сонда мен өзімнің өтінішіммен ұйымдағы жұмысымды тоқтату туралы шешім қабылдадым. Қазір ұйым басшылығы жаңарып жатыр. Тізгінді қолға алған азаматтар бұрыннан жинақталған бай тәжірибемізді әрі қарай жалғап, қоғам игілігі үшін үлкен істерді атқара береріне сенім мол.
Тәуелсіздікті тұғырлы ету – әрбір қазаққа міндет
– Елдің ақсақалы ретінде сізді қазіргі қазақ қоғамындағы қандай мәселелер қатты толғандырады?
– Біз дүниенің дамыған техникалық прогресіне ілесуіміз керек. Жаңа Конституциямызда дабілім мен ғылымның, инновацияның маңызы айрықша атап өтілді. Жастарымыз білімге, ғылымға құштар болуы қажет. Қазір оқимын деген адамға барлық жағдай бар. Мемлекет тарапынан шетелде білім алуға да мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан ең алдымен білім мен ғылымды алға оздыруға мән беруіміз керек.
Екінші айтайын дегенім – біз ұлттық мәдениетімізді, тәлім-тәрбиемізді әлі де толыққанды дамытып, қоғам игілігіне айналдыра алмай отырған сияқтымыз. Бір мысал келтірейін. Қазір елімізде 45-тен астам қарттар үйі бар. Алты мыңның үстінде қариямыз сол жерде өмір сүріп жатыр. Оның ішінде қазақтардың үлесі жылдан-жылға көбейіп келеді. Төрт қабырғаға телміріп, немересін сағынған әке-шешесіне бауыр еті балалары айына бір рет қана келеді. Ол – ата-анасының зейнетақы алатын күні. Мемлекет берген ақшаны қалтасына басады да, қымбат көлігіне отырып, тағы да бір айға қарасын батырады. Кең сарайдай пәтерде, бірнеше қабатты коттеджде тұрып жатқан сол балаларының баспанасынан кәрі-құртаң әке-шешесіне бір бөлме бұйырмауы неліктен? Орын жетпей ме, әлде тамақ жетпей ме? Жоқ, ең біріншіден туған әке-шешеге деген сүйіспеншілік, махаббат, тәлім-тәрбие мен перзенттік парыз жетіспей тұр.
Қазір қазақтың ішінде осындай безбүйрек балалардың көбеюі бізді ойландыруы керек. Қай жерден мүлт кеттік? Менің ойымша, бұл – ұлттық мәдениетіміздің, діліміздің, дүниетанымымыздың төменшіктеп кетуінен туған қасірет. Біз оның алдын алып, кемшіліктің орнын толтырып, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған баяғы бекзат болмысымызды қалпына келтіру жағын алдыңғы қатардағы міндет етіп қоюға тиіспіз.
Үшінші айтқым келген мәселе – біз әлі күнге Тәуелсіздігіміздің қадірін жете түсіне бермейтін секілдіміз. Азаттық – Алланың қазаққа берген ең ұлы бақ-байлығы. Дүниеде қаншама халық отансыз, жерсіз, тілсіз босып жүр. Олардың кейбірінің материалдық жағдайы, тұрмыс-тіршілігі бізден де жақсы шығар. Бірақ қанша жерден үлде мен бүлдеге оранып отырса да, көкіректерінде бір зар тұрады. Ол – «Неге менің Отаным жоқ?» деген жауапсыз сұрақ. Ал біз аңсаған азаттығымызды алып, дүниеге аты танылған мемлекетімізді гүлдендіріп жатырмыз. Елімізді, жерімізді, ондағы қалыптасқан татулық пен бірлікті сақтау, Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету – әрбір қазақтың басты парызы болуға тиіс.
– Жуырда ғана мерейлі жасқа толдыңыз. Осы өмірдің биігінен кейінгі буын жастарға, халыққа қандай тілегіңізді айтар едіңіз?
– Сексен бес – қазақтың ұғымында мүшел жас. Құдайдың қолдауымен осы кезге аман-есен жетіп отырмыз. Мен жастайымнан әке тәрбиесін көрмей өскенімді жоғарыда айттым. Бірақ халқымның, ауылдағы үлкен азаматтар мен ақсақалдардың тәрбиесін көріп өстім. Бәрі де мені жетім бала деп маңдайымнан сипап, қамқорлығын аямады. Сол мейірім мен жанашырлықтың арқасында бүгінгі дәрежеге жеттік. Сондықтан ең алдымен халқыма ризашылығымды білдіргім келеді.
Менің де өмірдегі басты қағидам – адамдарға жақсылық жасау. Өзім халықтан көрген жақсылықты өтей аламын ба, оған мүмкіндігім мен уақытым жете ме – ол жағы беймәлім. Бірақ соның бәрін жастарымызға ақыл-кеңес, өнеге ретінде қайтарып, бар білгенімізді мұра қылып қалдырсам деймін. Сол мақсатта көп жыл еңбектендік, әлі де қолдан келгенше іс қылып, ұрпақтың қамы үшін тер төге береміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ










