Тарихта ұлы шайқастар тек қылышпен ғана жүрмеген. Кейде ең терең шайқас –символдар арасында өтеді. Ұғымдар арасында. Мағыналар арасында. Сол шайқастың бірі – XIV ғасырда Бурса қаласының бір наубайханасында, үнсіз, қансыз, бірақ мәңгілік із қалдырып өтті.
Осман сұлтаны Орхан Ғази 1326 жылы Бурсаны алды. Бұл Византияның тірегі, христиандықтың берік қамалы болған жер. Константинопольдан кейінгі қала десе артық емес. Орхан оны тек әскери күшпен емес, идеямен бағындырмақ болды. Мешіттер салдырды, Ислам академиясын ашты. Қаңлы-қайы ордасымен көшіп, елордасы да қылды. Ал жаңа астана – жаңа рухтың ошағы болуға тиіс еді. Тіптен, қаланың «Пруса» деген ескі атын мұсылман-түркілендіріп, «Бурса» етті.
Бір күні сұлтан наншылар шоғырланып орналасқан Кешіш-Дағ – Монах тауының тік беткейіндегі базарға шықты. Наубайханаларды аралады. Таразыны тексерді, нан қасиеті мен дәмін, құрамын сынады. Ақыры бір дүкеннің есігін ашты. Іші ыстық, жаңа піскен ас атасының иісі аңқиды. Нан сөрелеріне көз жүгіртсе, бәрінде үш тілік. Сұрады.
– Неге нанның бәрінде үш тілік бар?
Наубайшы христиан екен. Жасқанбай жауап берді: үш тілік – Үштік туралы ілімнің белгісі, Әке, Ұл, Киелі Рухтың нышаны. Нанды пісірген сайын, отқа салған сайын, үстелге қойған сайын сол үш тілік өз дінінің уағызын үнсіз жариялап тұр екен.
Мұны ұғыну үшін ұлы ақыл керек пе? Жоқ. Бірақ мұны байқау үшін сергек жүрек керек. Орхан Ғази байқады. Үндемей тұрды. Наубайшы сұлтанның ашуланғанын күтті. «Нем бар еді, енді тыйым салар» деп қорықса да керек.
Бірақ сұлтан сыр білдірген жоқ.
– Сіздің бұл ісіңізге салған мән мені қатты таңқалдырды. Бұрынғыша жалғастыра беріңіз, – деді.
Тыйым салмады, ашуланбады, жазаламады. Өйткені Сүлеймен мен Ертұғырыл, Османның арыстан ұрқы мәселенің тереңін түсінді: сенім-рәмізді тыйымға алу – оны өшірмейді, керісінше күшейте түседі. Ал оған қарсы тұрудың жалғыз жолы – бүркемелеу емес, балама жасау.
Сол күні жұп-жұмыр жарлық шықты: «Бүгіннен бастап барлық мұсылман наубайшылары – жалғыз Алланың бірлігін, таухидті еске алу үшін – нанға бір ғана тілік салсын».
Бір тілік – бір Алла. Үш тілікке балама бір тілік. Күш пен зорлықпен емес, мағынамен, ұғыммен, нышандар тілімен дискурс. Наубайшы өз дінін нанға сіңірген болса, сұлтан да өз дінін нанға сіңірді. Бурсаның нарығында екі дін, екі символ, бірақ бір нан ортада жатты. Бірі – үш тілікпен, бірі – бір тілікпен.
Уақыт өтті. Христиан наубайшылары азайды, ассимиляцияланды, тарихқа сіңді. Ал бір тілік қалды. Күні бүгінге дейін Түркияның кез келген дастарқанындағы нанда сол бір тілік бар. Ол – тарихтың тірі жәдігері, таухидтің үнсіз уағызшысы.
Мұнда бізге үйрететін сабақ бар. Идеологиялық күресте ең берік қару – рәміздік символ. Символды жасаған адам – уақытты жасайды. Орхан Ғазидің жарлығы жеті ғасыр өтсе де өлген жоқ, себебі ол темірге емес, нанға жазылды. Нан – халықтың өзі. Нанға жазылған нәрсе – халықтың жадына жазылады.
Бір тіліктің жеңісі осында!
Саяси ағартушы технолог
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ









