Ислам діні адамзат баласын әрдайым бейбітшілікке, өзара құрметке және жанашырлыққа үндеп келеді. Адамдар арасындағы татулықты нығайтып, қоғамда ізгілік пен мейірімділікті орнықтыратын ерекше құлшылықтардың бірі – Құрбан айт мерекесі. Бұл – мұсылман қауымы үшін рухани тазару мен жақсылық жасаудың, бауырмалдық пен кеңпейілділіктің мерекесі.
«Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы – белгілі шарттарды орындай отырып, Алла разылығы үшін құрбандық шалу. Яғни мұсылман баласы құрбандық шалу арқылы Жаратушыға жақындап, сауапқа кенелуді мақсат етеді.
Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Намаз оқы және құрбан шал», – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған.
Құрбандықтың тарихына үңілсек, оның түп-тамыры Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Алла әміріне толық мойынсұнуымен байланысты екенін көреміз. Бұл жөнінде «Саффат» сүресінің 102-107-аяттарында былай баяндалады: «Ұлы (Ысмайыл) өзімен бірге жүруге жеткен кезде: «Балақайым! Сені түсімде бауыздағанымды көремін; назар аудар, көзқарасың не?», –деді. Ол: «Әй, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табарсың»,– деді. Сөйтіп әкесі оны маңдайының үстіне жатқызады. Біз, оған: «Әй, Ибраһим!», – деп, дыбыстадық. «Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз» (дедік). Шын мәнінде Бұл бір ашық сынау еді. Оны ірі бір құрбандыққа ауыстырдық».
Қазақ халқы да бұл мерекені ежелден ерекше құрметтеген. Ата-бабаларымыз Құрбан айтты тек діни рәсім ретінде ғана емес, ағайынның басын қосып, татулықты арттыратын рухани мереке ретінде қабылдаған. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқорлық таныту, ренжіскен жандарды татуластыру, мұқтаж жандарға қол ұшын беру – халқымыздың осы мерекедегі басты дәстүрлерінің бірі болған.
Бүгінде де Құрбан айттың тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызы зор. Бұл мереке тек мал союмен ғана шектелмейді. Оның негізгі мәні – адам бойындағы тақуалықты күшейту, мейірімділік пен жанашырлықты арттыру. Адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, сыйлық жасап, мұқтаждарға көмек береді. Осы арқылы қоғамда өзара сүйіспеншілік пен бауырмалдық нығая түседі.
Алла Тағала «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді», дейді. Демек, құрбан шалудағы ең маңызды нәрсе – ықылас пен шынайы ниет.
Шариғат бойынша құрбандық шалу белгілі талаптарға сай болуы қажет. Құрбан шалу төмендегі адамдарға уәжіп саналады: мұсылман болуы; ақыл-есі бүтін және балиғат жасына толуы; Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы; негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.
Құрбандыққа түйе, сиыр, қой және ешкі шалынады. Малдың дені сау болуы шарт. Көзі соқыр, ақсақ, қатты арық немесе мүшелерінің бір бөлігі кем мал құрбандыққа жарамайды. Ал тоқал, мүйізі сынған немесе піштірілген малды құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі.
Ислам діні жануарға қатыгездік жасауға тыйым салады. Сондықтан құрбандық шалуда малды қинамау маңызды. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисте: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рақатына қауыштырсын» (Мүслім, Сайд, 57), – деген.
Құрбандыққа шалынған малдың етін тарату да үлкен сауапты іс саналады. Оны үш бөлікке бөліп тарату мұстахаб амал. Бір бөлігі – туған-туыс пен көршілерге, екінші бөлігі – мұқтаж жандарға, үшінші бөлігі – отбасы мүшелеріне қалдырылады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрбандық етін қалай таратқаны жөнінде Ибн Аббас былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Шариғат бойынша құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін немесе басқа мүшелерін сатып, одан пайда табу құпталмайды. Қасапшының ақысын да құрбандықтың етімен төлеуге болмайды. Бұл жөнінде хазірет Әлиден жеткен риуаятта Алла Елшісінің (с.ғ.с.) құрбандыққа қатысты осындай тәртіпті ұстанғаны баяндалады.
Құрбан айт – адамдарды жақсылыққа, кеңпейілділікке және бауырмалдыққа үндейтін қасиетті мереке. Осындай ұлық күндерде мұқтаж жандарға көмектесіп, айналамызға қуаныш сыйлау – үлкен сауап.
Ж.БАҚЫТБЕК









