Жұма, 3 Шілде, 2026
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Ынсап пен шүкір – нығметті арттыратын қасиет

03.07.2026
- Ислам, Таңдаулы
0
1
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

Адам баласының осы дүниедегі бақыты мен ақыреттегі жетістігі оның жүрек тазалығына, өзіне берілген нығметтеріне деген көзқарасына байланысты. Дінімізде адам баласын қанағатқа тәрбиелеп, ішкі тыныштық сыйлайтын ең ұлы құндылықтардың бірі – ынсап пен шүкір.

Ынсап – өзгенің ақысын білу, барына қанағат ету және нәпсінің шексіз қалауларына тосқауыл қою деген сөз. Ал шүкір Алла Тағаланың берген сансыз нығметтерін жүрекпен сезініп, тілмен айту, іс-әрекетпен (құлшылықпен) көрсету дегенді білдіреді. Бұл екі қасиет тоғысқанда адам өміріне береке кіреді, ал береке бар жерде нығмет еселеніп арта түсетіні сөзсіз.

Жаратқан Алла адам баласына әрдайым шүкір етуді әмір етеді. Бұл туралы қасиетті Құран аяттарында мысалдар көп. Тіпті Нұх, Ибраһим сынды пайғамбарлардың шүкіршіл болғандарын баяндайды. Яғни шүкіршіл пенделерді мадақтап, оларды Алла өзінің таңдаулы құлдарынан екендігін білдіреді. Шүкір еткен пенделеріне ең көркем түрде сый уәде берген. Ал күпірлік етуге тыйым салған. Сондықтан қасиетті Құранда:

 …وَاشْكُرُوا لِي وَلا تَكْفُرُونِ

Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдады

Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдады

03.07.2026
Еліміздегі ең көп кітап оқитын өңірлер

Еліміздегі ең көп кітап оқитын өңірлер

03.07.2026

«… маған шүкір етіңдер, әсте күпірлік етпеңдер», – деген («Бақара» сүресі, 152-аят).

Алла Тағала шүкірді Өзінің кеңшілігі мен нығметінің артуына, сондай-ақ берілген нығметтің сақталуы мен қорғауына негіз етті. Тіпті оларға Өзінің көркем есімдерінің бірінен атау берді. Өйткені Алла – әш-Шәкур (шүкірді қабылдап, аз амалға көп сауап беруші). Міне, Алланың пендесінен қалайтын ең ұлы мақсаттарының бірі – осы шүкірлік. Алайда мұндай шүкір етуші құлдар пенделер арасында өте аз.

Бірінші: ынсап (қанағат) – байлықтың төресі

Байлық мал-мүліктің көптігінде емес, көңілдің тоқтығында. Жұрттан озсам, бәрінен көп жинасам деген нәпсінің тоймайтын ашкөздігін тек ынсап қана емдей алады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Нахл» сүресі, 97-аятында:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Ер не әйелден кімде-кім иман келтірген күйде ізгі амал істесе, Біз оған міндетті түрде жақсы өмір сыйлаймыз. Әрі оларды істеген амалдарынан да көркем сыймен марапаттаймыз», – дейді.

Ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсірінде аяттағы «жақсы өмір» (حَيَاةً طَيِّبَةً) деген сөздің мағынасы туралы: «Ибн Аббас және бір топ ғалымдар: «Бұл – қанағат», – деді. Әли ибн Әбу Тәліптің де жақсы өмірді «қанағат» деп тәпсірлегені риуаят етілді. Ал Әбу Талханың Ибн Аббастан жеткізуі бойынша: «Бұл – дүниедегі адал несібе (ризық)». Сағд ибн Жүбәйр де: «Бұл – адал несібе және қанағат», – деп айтқан», – деді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ынсап пен қанағат шынайы байлық екенін былайша баяндайды:

لَيْسَ الْغِنَى عَنْ كَثْرَةِ الْعَرَضِ، وَلَكِنَّ الْغِنَى غِنَى النَّفْسِ

«Байлық мал-мүліктің көптігінде емес, нағыз байлық – көңілдің байлығы (қанағатшылдық)» (Бұхари, Мүслим).

Имам Суюти (Алла оны рақымына алсын): «Қанағат – қажетті мөлшерден азына да разы болу, қолда жоқ нәрсеге көз тікпеу және барға қанағат етіп, сонымен өзін жеткілікті санау», – деген.

Нағыз байлық сыртқы дүниенің көрінісінде тұрмайды, ол ең әуелі ішкі дүниенің тоқ болуына (ынсапқа) байланысты. Айталық, адам баласының мал-дүниесі көп болғанымен, көзі аш, ынсабы жоқ болса, ол өзін кедей сезінеді. Ондай адам байлықтың соңына түсіп, өмірін қасіретпен өткізеді. Ал жүрегінде шүкірі, ынсабы бар адам, аз нәрсеге де қуанып, өзін бақытты сезінеді.

Қисса

Исрайыл ұрпақтарының арасында бір ғалым адам бар еді. Күндердің күнінде ол ғалымның өмірлік жары дүние салады, бұл оған қатты батады. Көп қайғыра бергеннен төсектен тұра алмай жатып қалады. Оның осы жағдайын сол елдегі бір әйел кісі естиді. Әлгі ғалымның үйіне келіп, есік аузындағы кісілерге: «Менің ғалымға жеке сұрағым бар еді», – дейді. Күзетшілер ғалымға: «Мына жерде сізді бір әйел күтіп тұр. Сізге жолығуым керек. Жеке мәселем бар дейді!» – деп хабар береді. Ғалым: «Келсін», – деп жауап қатады. Әйел ғалымның жанына келіп: «Сізден бір нәрсе сұрағалы келіп едім», – дейді. Ғалым: «Не сұрайын деп едің?» – дегенде, әйел: «Менің көршімнен аманат етіп алған бір алқам бар еді. Оны біраз уақыт тағып, пайдаландым. Кейіннен менен сол алқаны қайта сұрады. Алқаны иесіне қайтарып бергенім дұрыс па?» – дейді. Ғалым: «Әлбетте, дереу қайтарып беруің тиіс», – деп кесімді жауап айтады. Әйел: «Бірақ алқа көптен бері мойнымда тағулы еді. Сондықтан оны қатты жақсы көріп қалған едім», – деп, алқаны бергісі келмейтінін білдіреді. Ғалым сонда: «Оған әбден үйреніп, жаныңа жақын болғанына қарағанда, ол сенде көп тұрып қалыпты. Дереу аманатты иесіне қайтаруың қажет», – дейді. Осыны айтқанда әйел: «Сіз Алла Тағаланың аманат етіп беріп, енді қайтарып алған нәрсесіне қайғырып отырсыз ба? Ол берген аманатын қайта қайтарып алуға сізден қарағанда әлдеқайда лайықты емес пе?» – деп даналық өсиет айтады. Осыны естіген ғалым әйелдің насихатына құлақ асып, Алла Тағалаға шүкір етіп, истиғфар айтып, есін жиған екен.

Біз бұл өмірде иеленіп жүрген бүкіл нығметімізді денсаулығымызды, мал-мүлкімізді, тіпті бауыр етіміз бала-шағамыз бен сүйікті жарымызды да «менікі» деп ойлаймыз. Алайда осы қиссадағы дана әйел айтқандай, бұл дүниедегі барлық нәрсе Алла Тағаланың бізге уақытша пайдалануға берген аманаты ғана. Алла Тағала Өзі берген аманатын күндердің күнінде қайтарып алса, Оған ренжуге, тағдырға налып, ынсаптан айырылуға болмайды. Себебі Ол – мүліктің шынайы Иесі.

Даналарымыз ынсапсыздықты – сор, шүкіршілікті – бақ деп білген. Хакім Абай өзінің қарасөздерінде ынсап жайында: «Егер ісім өнсін десеңіз, ретімен істеңіз. Нәпсінің қалауына ермей, ынсапты серік етіңіз. Ынсап, ұят, терең ой – адамды кемелдікке жеткізетін қасиеттер», – деп адам баласының ішкі мәдениеті мен рухани тазалығын бірінші орынға қояды.

Сондай-ақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы ынсапты адамның басты құндылығы ретінде:

Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл,

Ақ жолдан айнымай, ар сақта, ынсап біл, – деп айтқан. Сондықтан, адамдықтың бірінші шарты мал жинау немесе мансапқа жету емес, жан тазалығын сақтап, елге пайдалы іс қалдыру.

Шәкәрім қажының «ынсап біл» мен Абайдың «терең ой» деген өсиеті бізді адам баласының ең үлкен рухани кеселі ынсапсыздықпен күресуге үндейді. Ал бұл тоймас нәпсі мен ынсапсыздықтың бірден-бір шипасы, емі – шүкірлік.

Екінші: шүкірлік – ынсапсыздықтың емі

Алла Тағала бізге өмір, денсаулық, ризық, отбасы сынды көптеген нығметтерді сыйлады. Ол нығметтерді есептер болсақ, санына әсте жете алмаймыз.  Осы нығметтерді бағалап, қадірін біліп, шүкір ету арқылы пенде Жаратушының бұйрығын орындап, Оның ризалығына кенеледі. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде адам баласына берілген нығметтердің (жақсылықтардың, байлықтың, денсаулықтың) артуы тікелей шүкіршілікке байланысты екенін ескертіп, былай дейді:

وَإِذْ تَأَذَّنَ رَبُّكُمْ لَئِن شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ ۖ وَلَئِن كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ

«Сол уақытта Раббыларың: «Егер шүкір етсеңдер, Оны (нығметімді) міндетті түрде арттырамын. Ал, егер күпірлік етсеңдер (нығметті бағаламасаңдар) шын мәнінде азабым өте қатты!»» («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Ғұламалар бұл аятқа түсіндірме бергенде аяттағы «лә-әзидәннәкум» сөзі араб тілінде ерекше күшейткіш мәнге ие. Тілдік тұрғыдан бұл «Мен міндетті түрде, еш күмәнсіз (нығметімді) арттырамын» деген Алланың уәдесі. Ал, Алланың уәдесі ешқашан өзгермейді.

Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде осы мәселеге назар аударып, былай деген:

لا يَشْكُرُ اللهَ مَن لا يَشْكُرُ الناسَ

«Адамдарға алғыс айтпаған адам, Аллаға да шүкір етпейді» (Термизи).

Шүкір ету дегеніміз тек тілмен «Аллаға шүкір» дей салу емес. Шүкірдің де шарттары бар. Олар:

Жүрекпен бекіту. Барлық жақсылықтың тек қана Алладан келгенін іштей қабылдау. Жүрекпен шүкірлік ету – шүкірліктің ең үлкен түрі. Өйткені шүкірлік тек қана «шүкір» деген сөзден тұрмайды, ол пенденің жүрек түбінен бастау алуы қажет. Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын): «Шүкірліктің ең жоғары деңгейі – адам жүрегінде барлық нәрсенің Алладан екенін мойындау», – деген. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) мынадай хабарды жеткізеді. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Менен осы сөздерді үйреніп, соны іске асыратын немесе оны өзгелерге үйрететін адам бар ма?». Сонда мен: «Уа, Алланың Елшісі! Мен алайын», – дедім. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолымнан ұстап, мына бес нәрсені санап, былай деді:

  1. Арамнан сақтан! Сонда адамдардың ішінде ең құлшылығы көп болғандардың бірі боласың.
  2. Алланың саған нәсіп еткеніне разы бол, шүкірлік ет! Сонда адамдардың ең байы боласың.
  3. Көршіңе жақсылық жаса! Сонда шынайы мүмін боласың.
  4. Өзіңе қалаған жақсылықты басқа адамдарға да қала! Сонда нағыз мұсылман боласың.
  5. Көп күлме! Өйткені шамадан тыс күлу жүректі қатайтып, рухыңды әлсіретеді (Термизи).
  6. Тілмен айту. Сөйлеу – Алла Тағаланың адам баласына берген, өзге жаратылыстардан ерекшелейтін үлкен нығмет. Мұсылман адам осы нығметті игі істерге пайдаланып, тілі арқылы Жаратушысын жиі зікір етіп, берген нығметтері үшін шүкірлік білдіруі тиіс. Тілмен шүкір етуге: «Уа, Аллам! Берген нығметтеріңе шүкір етемін!» – деумен қатар, Жаратушыға мақтау мен мадақ айту.
  7. Амалмен көрсету. Берілген нығметті (байлықты, білімді, күш-қуатты) Алла тыйған күнәлі істерге жұмсамау, яғни Оның разылығына жеткізетін ізгі істерге жұмсау. Ал ынсапсыздық танытып, шүкірді ұмыту (күпірлік) – қолдағы бар нығметтің жойылып кетуіне және Алланың қаһарына ұшырауға себеп болады. Сондай-ақ Алла Тағаланың бұйрықтарына пенденің ризалықпен бағынып, көркем түрде орындауы да оның шүкірлігі деп танылады. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:

أَنَّ النَّبِيَّ  كَانَ يَقُومُ مِنْ اللَّيْلِ حَتَّى تَتَفَطَّرَ قَدَمَاهُ ، فَقُلْت لَهُ: لِمَ تَصْنَعُ هَذَا يَا رَسُولَ اللَّهِ وَقَدْ غَفَرَ اللَّهُ لَك مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِك وَمَا تَأَخَّرَ؟ قَالَ أَفَلا أُحِبُّ أَنْ أَكُونَ عَبْدًا شَكُورًا

«Әдетте Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі намазды ұзақ оқығандығы соншалық, аяқтары жарылып кететін. Бірде мен одан: «Уа, Алланың Елшісі! Неліктен сонша өзіңізді қинайсыз? Алла сіздің өткен әрі алдағы күнәларыңыздың барлығын кешірді емес пе?» – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Уа, айша! Мен Аллаға шүкірлік етуші құлдардан болмаймын ба?» – деп жауап берді», – делінген (Бұхари, Мүслим).

Бұл хадистен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), өзі айтып тұрғанындай, түнгі намаздарды Алланың шексіз мейіріміне, жарылқауы мен кешіріміне шүкір ету үшін жасап жатқанын көреміз. Біздің бұл хадистен алар өнегіміз де орасан. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Раббымыздың өзіне берген айрықша нығметін еске алып, денемен шүкіршілік етіп, құлшылығын бекемдеген болса, біздер де солай әдеттенуге құлшынуымыз керек. Яғни, бұл өмірде біліп-білмей істеп жүрген күнәларды тоқтатуға, ары қарай Алланың мейіріміне лайық құл болуға құлшынып, құлшылықтарымызды толық орындап, Алла әміріне толық бойұсынуымыз керек.

Үшінші: жүректің шүкірлігін оятатын істер

Ғалымдарымыз жүректің шүкірлігін оятатын істердің негізгісі үшеу екенін айтады. Олар:

  1. Алла Тағаланың берген нығметтері турасында терең ойлану. Адам баласы кейде жалғыз отырып, Алла Тағаланың өзіне берген нығметтері туралы терең ойлануы қажет. Бұл іс сөзсіз оның жүрегін шүкірлік, ризалық сияқты рухани құндылықтарға толтырады.
  2. Алла Тағаланың өзіне берген тағдырына риза болу. Пенде Алла Тағаланың пешенесіне жазған тағдырына еш налымай, жүрегімен ризалық танытуы тиіс. Лұқман Хакім өзінің ұлына: «Мен саған Аллаға жақындататын және оның ашуынан алыстататын істі өсиет етемін: Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай құлшылық жаса, саған ұнаса да, ұнамаса да Алланың тағдырына разы бол», – деген екен.
  3. Алла Тағалаға бағыну. Адам баласы Алла Тағаланың шексіз құдіретін жүрегімен сезініп, өзінің әлсіздігін мойындауы керек. Сонда жүрегінде тыныштық орнап, шүкірлік етіп, ақыретте мәңгілік бақытқа қол жеткізушілерден болмақ.

Қисса

Бір күні бір жас жігіт сапарға шығып, кеш қарайғанда бір елді мекенге тоқтап, бір кедей қарияның шаңырағында құдайы қонақ болыпты. Жарлы адам дастарқанға бидай мен су қойып, онымен бірге тамақтанады. Сонда үйдің иесі әрбір тал бидайды жегенде, Алла Тағалаға шүкірлік білдіріп, мақтау-мадақтар айтатынын байқайды. Сонда таңданысын жасыра алмаған әлгі жігіт: «Уа, ақсақал! Алла Тағала сізге сонша көп нығмет беріп тұр ма? Мен сіздің бай екеніңізді көріп тұрған жоқпын, тіпті тамағыңыз да қарапайым. Сонда не үшін шүкір етесіз?» – деп сұрайды. Қария жігіттің қолына бір бидай дәнін ұстатып, оған ойланып қарауды бұйырады. Сосын былай дейді: «Алла Тағала бұл бидайдың дәнін қараңғы жердің астынан шығарып, ылғалмен қамтамасыз етіп, жарық күннің нұрын түсіріп, зиянкестерден қорғап, жайқалтып өсірді. Сондай қамқорлығымен өсірген бидайды менің дастарқаныма әкеліп бергені турасында терең ойланамын әрі оның үлкен нығмет екенін түсінемін. Шүкір етпеген адам Алла Тағаланың өзіне берген нығметін көре алмайды», – деген екен. Ақсақалдың бұл айтқанынан жас жігіт екі дүниесіне пайда берер үлкен өмірлік сабақ алыпты.

Құрметті жамағат!

Алланың бергеніне разы болып, әрбір нығмет үшін шүкір ету – Алла Тағаланың разылығына жетудің негізгі жолдарының бірі. Қазіргі күні уағыз-насихатта шүкірлік, қанағат ету мәселесі қозғалғанда көп адам бұл тақырыптар адамды еңбек етпеуге, әрекетсіздікке шақырады деп түсінеді. Негізінде бұл үлкен қателік. Мұсылман адам бар күш-жігерін салып еңбек етіп, әрекет жасайды, мал-дүние тапқанда тойымсыздық, ашкөздік сияқты істерден сақтанып, Алла Тағаланың берген несібесін қанағат тұтып, шүкірлік етуі тиіс. Ал кім еңбексіз, жалқаулыққа салынып, «мен осы күніме қанағат етіп жүремін» дейтін болса, Алла Тағаланың бұйрығын орындамай, нәпсінің қалауына ерген болады. Сондықтан шүкірлік ұғымын дұрыс түсінуіміз қажет. Алла Тағаланың берген нығметіне шынайы шүкір ете білгенімізде ғана, дүниемізге береке кіріп, несібеміз одан әрі артады.

Бізге берілген әрбір күн, соққан жүрек, ішкен су мен жұтқан ауа – Алланың үлкен нығметі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім таңертең және кешке: «Уа, Алла! Маған немесе Сенің жаратылыстарыңның біріне жеткен қандай да бір нығмет болса, оның барлығы тек Сенен. Сенің ешқандай серігің жоқ. Барлық мадақ Саған тән, әрі барлық шүкір де Саған тән», – деп, таңертең айтса, сол күнінің, ал кешке айтса, сол түнінің шүкіршілігін өтеген болады», – деп айтқан (Әбу Дәуід).

Сондықтан қолда барда алтынның қадірін біліп, әрдайым шүкіршілікті  арттыруымыз керек. Сонда өмірімізге береке кіреді, көңіліміз тоқ болады. Алла Тағала уәде еткендей, нығметін еселеп, арттырып береді.

Жаратқан Алла баршамызды ынсапты құлдарынан етіп, әрбір сәтке шүкір ететін шынайы пенделерінен болуымызды нәсіп еткей!

Таңбалар: нығметшүкірынсап
БөлісуТвитергеБөлісуБөлісу

Ұқсас мақалалар

Дұға жасаудың белгілі бір уақыты бола ма?
Ислам

Уақыт – мұсылманның ең үлкен нығметі

04.04.2026
Алланың нығметтеріне шүкіршілік етпеудің салдары қандай?
Сұрақ-жауап

Алланың нығметтеріне шүкіршілік етпеудің салдары қандай?

21.08.2025
Тағы жүктеу

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Танымал тақырыптар

  • Бір уыс топырақ

    Бір уыс топырақ

    66
  • Діни экстремизм дегеніміз не?

    16
  • Ақтөбе облысы: Байқауға дайындық барысын пысықтады

    15
  • Исламда өмірдің қадірі мен мәні жайлы не айтылған?

    11
  • ТМД-да теңдесі жоқ университет

    10

Соңғы жарияланымдар

Алланың нығметтеріне шүкіршілік етпеудің салдары қандай?
Ислам

Ынсап пен шүкір – нығметті арттыратын қасиет

03.07.2026
Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдады
Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Аида Балаеваны қабылдады

03.07.2026
Еліміздегі ең көп кітап оқитын өңірлер
Инфографика

Еліміздегі ең көп кітап оқитын өңірлер

03.07.2026
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00