Қай халықтың болмасын рухани болмысы мен ұлттық келбеті оның ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарымен өлшенеді. Қазақ халқы үшін сондай мәңгілік құндылықтардың қатарында дін мен дәстүрдің орны ерекше.
Бұл екеуі бір-бірінен ажырамайтын, ұлттың дүниетанымын, мәдениетін, өмір сүру салтын және қоғамдық қарым-қатынасын қалыптастырған рухани негіздер болып табылады. Сондықтан дін мен дәстүрді қарама-қарсы ұғым ретінде емес, бірін-бірі толықтыратын тұтас құндылықтар жүйесі ретінде қабылдау – уақыт талабы.
Қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан кейін ұлттық салт-дәстүрлерін мұсылмандық дүниетаныммен табиғи үйлестіре білді. Соның нәтижесінде халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде қалыптасқан үлкенді құрметтеу, ата-ананы ардақтау, жетім-жесірге қамқорлық жасау, көрші ақысына адал болу, қонақжайлық таныту, уәдеге беріктік секілді асыл қасиеттер исламның ізгілік қағидаларымен үндесіп, халықтың өмір салтына берік орнықты. Осылайша дәстүр мен дін ғасырлар бойы өзара сабақтасып, қоғамның рухани тұтастығын сақтауға қызмет етті.
Ұлттық дәстүрлердің қай-қайсысы да тәрбиелік мәнге ие. Бесікке салу, тұсаукесер, сүндет той, бата беру, асар жасау, шілдехана сияқты ғұрыптардың барлығы адамдар арасындағы сыйластықты, бірлікті, бауырмалдықты нығайтуға бағытталған. Ал ислам діні адамзатты әділдікке, сабырлылыққа, кешірімге, мейірімділік пен жауапкершілікке үндейді. Демек, дін мен дәстүрдің түпкі мақсаты – адамды кемелдікке тәрбиелеу, қоғамдағы татулық пен ынтымақты сақтау.
Бүгінде жаһандану үдерісі мен ақпараттық кеңістіктің ықпалы күшейген сайын ұлттық және діни құндылықтарға қатысты түрлі пікірлер де көбейіп келеді. Әсіресе кейбір жат діни ағымдардың өкілдері қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын дінге қайшы құбылыс ретінде көрсетуге тырысады. Мұндай көзқарас қоғамда түсінбеушілік туғызып, ұлттық құндылықтарға деген күмәннің қалыптасуына себеп болуы мүмкін.
Шын мәнінде, халқымыздың ырымдары мен тыйымдарының басым бөлігі тәрбиелік, танымдық әрі өмірлік тәжірибеден туған қағидалар. «Нанды аяқасты етпе», «Үлкеннің жолын кеспе», «Табалдырықты баспа», «Түнде ысқырма» секілді тыйымдардың барлығы адамды әдептілікке, тәртіпке, тазалыққа, табиғатты аялауға және қасиетті дүниелерді құрметтеуге баулиды. Мұндай қағидалардың қалыптасуына халықтың тұрмыс-тіршілігі, қоршаған ортасы, қауіпсіздік мәселелері мен тәлімдік ұстанымдары негіз болған.
Қазақ халқы ешбір ырымды немесе тыйымды негізсіз қалыптастырмаған. Әрқайсысының астарында өмірлік тәжірибе, тәрбиелік мән немесе белгілі бір қауіптің алдын алу мақсаты жатқан. Сондықтан мұндай құндылықтарды біржақты бағалау немесе ғылыми зерттеусіз жоққа шығару тарихи сабақтастыққа нұқсан келтіруі мүмкін. Этнография, тарих, мәдениеттану және дінтану ғылымдары тұрғысынан ұлттық мұраны кешенді зерделеу ғана оның шынайы мәнін ашуға мүмкіндік береді.
Әрине, ислам сенімінің негізгі қағидаларына қайшы келетін, адамды Алладан өзге нәрсеге тәуелді ететін немесе діни рәсім сипатындағы сенімдер болса, оларды ислам ілімі тұрғысынан бағалау қажет. Алайда осы жекелеген жағдайларды желеу етіп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлерді тұтас жоққа шығару дұрыс ұстаным емес. Өйткені дәстүр – халықтың тарихи жады мен мәдени мұрасы болса, дін – адамның рухани әлемін кемелдендіретін құндылықтар жүйесі. Бұл екеуі өзара үйлесім тапқанда ғана ұлттық бірегейлік нығайып, қоғамдық тұрақтылық беки түседі.
Бүгінгі таңда жастардың бойында ұлттық сана мен рухани иммунитетті қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін дін мен дәстүрдің шынайы мәнін ғылыми негізде түсіндіріп, олардың өзара сабақтастығын кеңінен насихаттау қажет. Себебі ұлттық құндылықтарын құрметтеген, дәстүрін ардақтап, дінін дұрыс түсінген ұрпақ сырттан келген теріс идеологияларға бой алдырмайды.
Сәкен АЛДАШБАЕВ,
«Сыр дидары» газетінің бас редакторы











