Бүгінде республика аумағында ислам дінінің дамып, барша мұсылман қауымының игілігіне айналуына барлық мүмкіншіліктер қарастырылған десек, артық айтпаймыз. Қазақстан қазіргі кезде көптеген мұсылман мемлекеттерімен саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынастар орнатып, әлемдік беделі бар ислам ұйымдарының белді мүшелерінің біріне айналды. Бірақ, жалпы жағдай осылай десек те, республика аумағында исламның дамуымен діндар мұсылмандардың санының өсуі, соның ішінде жастардың дінге бет бұруы біршама мәселелердің пайда болуына алып келді. Атап айтқанда, діндар жамағаттың біразы теріс діни жолға түсіп, зайырлы мемлекеттің заң талаптарын мойындағысы келмеді. Осы жағдайлар қоғам ортасында діннің әлеуметтік маңызы мен орнына қатысты көзқарастарды қайтадан салмақтауға алып келді.
Қазір республикадағы мұсылман жамағатының басым бөлігі діни ұстанымы мен көзқарастарында «ханафи» мазхабының ілімін басшылыққа алады. Құлшылық, ғибадаттарында ата-баба жолын ұстанатындықтан, оларды «дәстүрлі мұсылмандық сенімдегілер» деп атау әдетке айналған. Сондай-ақ, ханафи мазхабындағылар қатарына Орталық Азия елдері мен Қазақстанда бұрыннан кең тараған сопылық жолдағылар, түркиялық «сүлейменшілер» мен «нұршылар», «Таблиғи жамағат» діни миссионерлік ұйымының жақтастары енеді. Мазхабта айырмашылықтары болмағанымен, ол жамағаттар бір-бірінен белгілі бір тәртіп, талаптарға бағынуларымен, кейбір діни мәселелерде жеке көзқарастарымен ерекшеленеді.
Сонымен қатар, елімізде сүннилік тармаққа жататын шафи мазхабындағылар, шииттер, «салафизм» ілімін жақтаушылар және көптеген ислам елдерінде қолдау таппаған, ресми тіркеуден өтпеген «Ахмадия» жақтастары, «Құраншылар» өкілдері де кездеседі. Аталғандардың ішінде ханафи мазхабын мойындамайтындары немесе мазхабта жоқтары қазіргі кезде «кері» немесе «теріс» ағымдар, ал олардың ішіндегі мазхаб ұстанса да мемлекеттік құрылысты өзгертуге шақыратын «Хизб-ут-тахрир» сияқты діни-саяси ұйымдар, «бүлдіргі» ағымдар да бар. Сондай-ақ, исламдық ағымдар қатарында ілімі мен әрекеттері мұсылмандықтан тым алыс «Алла аят», «Ата Жолы» мистикалық құрылымдарының да аты аталып қалады. Бүгінде «Таблиғи жамағат», «Хизб-ут-тахрир», «Алла аят», «Ата Жолы» сияқты бірқатар діни ұйымдар мен құрылымдардың Қазақстан Республикасы аумағында қызмет жасауына тыйым салынған.
Десе де, жаңа заң қабылданғанға дейін жұмыстарын кедергісіз жүргізіп, жақтастарын жинап алған сол топтар мен ағымдардың өз әрекеттерін жасырын жүргізіп отырғаны байқалады. Олар өздерінің жымысқы мақсаттарын іске асыруда әртүрлі амалдарға барып, өздерін тақуа мұсылман, Алланың әмірін жеткізу жолында жәбірленушілер етіп көрсетуге тырысуда. Олардың алдап-арбауына түскен азаматтар, соның ішінде жастар теріс жолға түскендерін байқамай да қалуда.
Атап өту керек, қазіргі кезеңде республика аумағындағы діни ахуал өткен жылдармен салыстырғанда бірқалыпты дамуда. Бұл, әрине, мемлекеттің дін саласындағы саясатының, оны жүзеге асырудағы оңтайлы тетіктерді жүзеге асыра білуінің нәтижесі екендігі анық. Діни алауыздық пен радикализмнің жолына тосқауыл қойып, экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермеуде мемлекеттік құзырлы органдар, солардың қатарында Дін істері агенттігінің, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар жұмыла қызмет жасауда.
Республика аумағындағы діни ахуалдың тұрақсыз сипат алуы кері ағымдар мен топтардың, ұйымдардың халық арасында радикалды идеология таратып, қарапайым жандарды адастыруларымен, теріс әрекеттерге итермелеулерімен байланысты болды. Сондай радикалды ағымдар қатарында «салафиттер», кейде «уахаббистер» деп аталатын топтар өздерінің қазіргі қоғамдық-саяси жүйеге, оның заңдарына қарсы көзқарастарымен ерекше көзге түсті. Олардың қатарындағы діннен білімі жоқ немесе таяз жастар теріс пиғылды «ұстаздарының» айтқандарына еріп, өздері өмір сүріп отырған қоғамдық құрылысты «бүгін және қазір» өзгерту керек деген жастық жалынмен «қасиетті амалдар» жолында жандарын қиюға дайын болды.
Ислам дініне қатысты бұл мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты орын алды. Онда Елбасы бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғандығын ерекше атап өтіп, жастарымыздың бір бөлігінің олардың көзқарасын көзсіз қабылдап отырғандығы жастарға тән алып-ұшпа мінез бен олардың бойларында кері ағымдар идеологиясына қарсы тұратын иммунитеттің жоқтығынан деп атап көрсетті. Ол үшін біз шеттен келген әртүрлі жалған әсерлерге беріле бермей, соңдарынан ере бермей, өзіміздің әдет-ғұрпымызға, салт-санамызға, мәдениетімізге негізделген ұлттық сана, соның ішінде діни сананы қалыптастыра білуіміз керек деді.
Кері ағымдар, солардың ішінде «салафиттік» ағымының ықпалы ел аумағын тұтас қамти қоймағандықтан, дәл бүгінгі күні олардың әрекеттері мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен конституциялық құрылысына тікелей қауіп төндірмейді десе де, олардың белсенділіктерінен белгілі бір аумақтардың жалпы ахуалы тұрақсызданып, мемлекеттік қауіпсіздікке айтарлықтай кедергі келтіруде.
Исламдағы кері ағымдар, солардың ішінде салафиттер әрекетінен Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау, Қарағанды облыстарында республиканың өзге аймақтарына қарағанда діни жағдайлардың шиеленісті өрбуі анық байқалады.
«Тура жолды» ұстанушы салафиттердің пікірінше, бүгінгі күнге дейін қазақтардың, дәстүрлі мұсылмандық жолды ұстанып келген өзгелердің де діни түсінік, ұстанымдары дұрыс емес. Олар дінге жаңалық енгізген «бидғатшылар», Аллаға серік қосқан «щирк» жасаушылар. Өз пікірлерін араб елдеріндегі, әсіресе, Сауд Арабиясындағы «шейх» діни ғалымдардың айтқандарымен дәлелдеуді әдетке айналдырған. Яғни, қазіргі мұсылман жамағатының бұрынғы ата-баба діни жолымен жүрем дегені бекершілік. Ол адасуға алып барады дегенді алға тартады.
Осы пікірдегі салафиттер өз арасында шартты түрде «мадхалиттер», «суруриттер» деп бөлінген. Солардың қатарында дәстүрлі ханафи ұстанымдағы діндарларға ашық қарсы шығып, қазіргі мемлекеттік құрылым мен заңдарына қарсы «жихадқа» шақырып жүргендері әрі сол жолда қанды оқиғаларды қолдайтындары – «тәкфиршілдер». Олар үшін атеист адам түгілі, күнделікті бес намазын қаза етпейтін қарапайым мұсылмандардың өзі «адасушы» қатарынан табылуы мүмкін. Олар қазіргі қоғамды тұрақсыздандыруға, өздерінің «жабық» ортасын құруға ұмтылыс жасауда. Тәкфиршілдер үшін ұлттық құндылықтар мен ерекшеліктер, салт-сана, дәстүрдің еш мәні жоқ.
Салафиттер қатарындағы мадхалиттер тәкфиршілдерге қарағанда билікке бағыну идеясын қолдап, мемлекеттік жүйені өзгертуді жақтамайды. Олардың басты идеологиясы адамдарды тура дін жолынан «адасқан», «жаңалық қосушы» деп айыптауға бағытталған. Сондай-ақ, олар Қазақстан аумағында тараған сопылық жолына төзімсіздікпен қарайды. Осы тұрғыдан келгенде біздің еліміз үшін «салафизмнің» қандай түрі болмасын қоғамға жат ұстаным екендігін дәлелдеп жатудың қажеттілігі шамалы деп білеміз. Салафизм идеологиясын қолдаушылар өз қатарын көбейту жолында әртүрлі әдістерді, соның ішінде Интернет жүйесін епті пайдаланып, жымысқы әрекеттерін жалғастыруын тоқтата қоймаған.
Жалған уағыздарымен діндар жамағатты адастырып, қылмыстық жолға итермелеп отырған діни ұйымның бірі – «Хизб-ут-тахрир». Оның әрекеттері қоғамдағы этникааралық (еврей ұлты мен АҚШ азаматтарына қарсы) және конфессияаралық (христиандар мен басқа діндерге қарсы) қатынастарды бұзуға бағытталып, қоғам тыныштығын бұзуды көздейді. Ислам талаптары үстемдік ететін Халифат құру идеясын тықпалап, негізгі жұмыстарын халықтың тұрмысы нашар ортасында жүргізуге тырысады. Сондағы мақсаты – оларға материалдық көмек көрсете отыра, өз қатарын толықтыру.
Діни экстремистік әрекеттердің Қазақстан жерінде бой көрсетуі әртүрлі жағдайлармен түсіндіріледі. Мәселен, ресейлік сарапшы А.Собяниннің пайымдауынша, ислам радикализмін тарату – мұсылман емес елдердің арнайы қызмет орындарының мақсатты ісі. Ал ислам елдері ішінде радикалды исламды араб елдері мен Пәкстан қолдайды.
Сондай-ақ, Қазақстандағы діни ахуалдың өрбуі оның ішкі жағдайымен ғана емес, Орталық Азия және алыс-жақын басқа елдердегі саяси-әлеуметтік ахуалмен де байланысты деген де пікірлер айтылады. Әрине, біз бұл пікірлерді негізсіз деп айта алмаймыз. Сол себептен де біздің кеңестік кезеңде де мұсылмандық сенім әсерінен алыс ажырай қоймаған көрші Орталық Азия елдеріндегі қоғамдық-саяси жағдайдың қалыпты дамуына алаңдаушылықпен қарайтынымыз да рас. Қазіргі уақытта сол елдердің кейбірінде исламдық идеялармен бүркенген күштер мемлекеттік билікке оппозиция құрап, саяси жолмен болсын, қарулы жолдармен болсын, билікті қолдарына алу мүмкіндіктерін қарастырып отырғаны да белгілі.
Исламды зерттеп жүрген ғалым-сарапшылар Қазақстандағы діндар жамағаттың ағымдарға бөліну себептерін, алдымен, әлеуметтік факторлармен байланыстырады. Яғни өмірден орнын таппаған, тұрмыс-тіршілігі нашар адамдар көп жағдайда, көңіл жұбаныштарын діннен табуға тырысады. Осы оңтайлы жағдайларды өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған радикалды идеологияны таратушылар «отқа май құя түсіп», өз орнын таппай жүргендерге Құран сөздерін өздеріне қажетті мазмұнда түсіндіріп миларын улады, осылайша, «тығырықтан шығар жолды» көрсеткен болады.
Діни экстремизмнің пайда болуы мен көріністері бұл күндері жан-жақты зерттеліп, оған қарсы тұрудың саяси-әлеуметтік, құқықтық тетіктері жасалды әрі олар жылдан-жылға жетілдірілуде. Соның нәтижесінде бірқатар кері ағымдар қызметі тоқтатылып, олардың жымысқы әрекеттері жалпы халық алдында әшкереленді. Экстремистік және лаңкестік әрекеттері үшін қаншама азаматтар, солардың қатарында жастар бас бостандықтарынан айырылып, абақтыға жабылды.
Десек те, діни саладағы мәселелерді шешуде 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның пәрменділігі ерекше бағаланды. Соның негізінде Қазақстандағы діни бірлестіктердің қызметі заңды түрде реттеліп, діни топтар мен ұйымдардың өз бетімен әрекет етуінің жолы кесілді. Осы жұмыстарды ойдағыдай жүзеге асыра білген Дін істері агенттігі бүгінде басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып діни саладағы өзекті де өткір мәселелерді шешу жолдарын Қазақстан Республикасы Үкіметі алдына қоюда. Солардың қатарында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс-тіршілігін жеңілдету мәселелеріне баса көңіл бөлінген.
Ғалым, сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта орын алып отырған мазхабты мойындамау, ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығару, «хиджаб» мәселелерінің туындауын діни сауатсыздықтан іздеу қажет. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарды халықтың жалпы діни сауатын ашу, оларға зайырлы қоғам мен діннің ара қатынасын сауатты түсіндіре білуден бастаған жөн дейді. Осы пікірлердің негізсіз еместігіне көзін жеткізген Дін істері агенттігі кең діни ағарту, ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Ондай жұмыстар қоғамның барлық деңгейін қамтып, жоғары және орта оқу орындары студенттері мен оқушылары, қала, аудан, ауыл тұрғындары арасында, әскери бөлімшелерде, түзеу орындарында өткізілуде. Насихат топтарына теолог ғалым, сарапшылардан, қоғамдық пәндер мамандары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының білікті имам, қызметкерлері тартылған. Атап өту керек, осы жүргізген жұмыстар нәтижесінде халықтың біраз бөлігінің кері діни ағымдар мен дәстүрлі ханафи ұстанымы жөнінде дұрыс ұғым қалыптасып, білім деңгейлері өсті.
Көпшілікті қамтитын шаралардың қатарында Дін істері агенттігі мен облыс әкімдіктері бірлесіп өткізіп отырған республикалық конференциялар мен семинарларды, дөңгелек үстелдерді атап өту орынды. Ол шараларға отандық ғалым, теологтармен қатар шетелдерден білікті мамандар шақырылуда. Олар еліміздің алыс аумақтарына дейін барып, дәрістер оқып, «ислам дініндегі мазхаб ұстаудың қажеттігі мен пайдасы», «салафизмнің зияны мен зардаптары», «жихадизм мен тәкфиршілдік идеологиясының исламмен сыйымсыздығы», «матуриди ақидасының ханафилік ілімнің жалғасы» тақырыптарында білімдерімен бөлісуде. Олар Қазақстанның дін саласындағы саясатына ризашылықпен қарап, осы елде қай діннің болмасын тіршілік етуіне қолайлы екендігін жасырмайды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, радикалды идеологияның таралуын құқықтық немесе күш көрсетумен ғана тоқтату мүмкін еместігін орынды түсінген Қазақстан жергілікті діни-руханилықтың бірден-бір жолы дәстүрлі діни ұстанымды кеңінен дамытуға баса көңіл бөлуде. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысының белсенділігін арттыруға, діни қызметкерлері мен имамдары қатарының білікті мамандармен толықтырылуына тиісті қолдау көрсетуде. Мешіт имамдарының біліміне арнайы көңіл бөлініп, тиісті дайындық курстарында діни пәндермен қатар мемлекеттің құрылысы мен заңдарына қатысты пәндерден дәрістер оқытылуда.
Осылайша, діни экстремизм әрекеттері мен діни адасушылыққа жол бермеуде тұрғындар арасында діни ағартушылық тәрбиелеу жұмыстарына баса мән берілуде. Сонымен бірге, атқарылып отырған жұмыстардың әсерлі болуында бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы мен рөлі ескерілуде. Оларда қазіргі күні атқарылған шараларды жарыққа шығарып хабарлаумен қатар, арнайы діни мәселелер, ұлттық құндылықтар төңірегінде бағдарламалар, ток-шоулар ұйымдастырылуда. Ақпараттық заманда өмірдегі келеңсіздіктер мен діни экстремизм идеологиялары, лаңкестікке жол бермеу, олардың алдын алуда БАҚ құралдарының орны мен мүмкіндіктері зор екендігі мәлім. Сондықтан оның жұмысы одан әрі белсендіріле түспек.
Жалпы, радикалды діни идеологияға қарсы тұра білу жан-жақты қарастырылған, кешенді іс-шараларды жүргізуді талап етеді. Осы және Елбасының 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы алға қойған міндеттерін ескере келіп, қазіргі күні «Қазақстан Республикасының 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасы» жасалды. Ендігі ретте онда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асырудың жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылуда.
Қазіргі кезде дінді тек жекелеген адамдарға ғана емес, мемлекет үшін де қажетті деп түсіне білген жөн. Өйткені, қоғамда мүшелерінің бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасып дамуындағы діннің әлеуеті мен тәрбиелік рөлі мемлекет үшін қажетті, сондықтан ол дінді саяси-қоғамдық өмірден ығыстырып шығаруға, қысым көрсетуге ұмтылмайды. Ал мемлекеттің тұрақтылығы мен саяси-экономикалық жағдайының күшеюі діннің де қалыпты дамып, өз міндеттерін атқаруына мүмкіндік беретіні рас әрі ол осыған мүдделі болуы керек. Осындай өзара келісім мен жарасымдыққа қол жеткізгенде біз қазіргі діни адасушылық пен алауыздыққа тойтарыс бере аларымыз анық.