Әдеп пен этика – өркениетті қоғамның басты құндылықтарының бірі. Өйткені адамгершілік қағидалары әлсіреп, ар-ұят пен жауапкершілік кейінге ысырылған жерде әділет те, береке де, баянды даму да болмайды. Тарих тағылымы тәртіптен айырылған, адамдық мұраттарынан алыстаған қоғамның түбі тоқырауға ұшырайтынын талай мәрте дәлелдеді.
Сондықтан Мемлекет басшысының елді жаңғырту жолында саяси және экономикалық реформалармен ғана шектелмей, қоғамдық сананы өзгертуге, әдеп пен мәдениетті орнықтыруға айрықша мән беруі кездейсоқ емес. Мұның түпкі мақсаты – адалдық пен әділетті ту еткен, заң мен тәртіпті құрметтейтін, әр азамат өз жауапкершілігін терең сезінетін қоғам қалыптастыру.
Осы өзекті мәселе Ұлттық академиялық кітапханада «Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын дөңгелек үстелдің кезекті отырысында кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастыруды мақсат еткен бұл жолғы басқосу «Жаңа қоғамдық сана: әдеп, тәртіп және жауапкершілік» тақырыбына арналды. Жиынға Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, саяси сарапшылар, қаламгерлер мен зерттеушілер қатысып, қоғамдық этиканы қалыптастыру, жауапкершілік мәдениетін орнықтыру және адамгершілік құндылықтарды нығайту жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Жаңа этика – қазақы құндылықтарымыздың бойтұмары
Бауыржан ОМАРОВ,
Президент кеңесшісі
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа этика қалып тастыру туралы бастаманы 2023 жылы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында көтерді. Содан бері бұл жөнінде жүйелі түрде айтып келеді.
Жаңа қоғамға бет бұрған соң, жаңа құндылықтардың орнығуы – заңды нәрсе. Бүгін тілімізге тиек болып отырған жаңа этика мәселесі де – соның құрамдас бөлігі. Өздеріңіз білесіздер, жаңа тұрпатты мемлекет, сапалы ұлт деген ұғымдар біздің өмірімізге дендеп ене бастады. Түркістандағы жиында Мемлекет басшысы: «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі мен тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет», деп нақты міндет қойды. Мұны бағдарламалық міндет деуге болады. Себебі бұл тапсырма Президенттің бұдан кейінгі сөйлеген сөздерінде де тұрақты түрде атап көрсетіліп отырды.
Жаңа этика, әрине, ғасырлар бойы орныққан, бабаларымыз бізге аманаттаған қастерлі құндылықтардан бастау алатыны анық. Әдеп пен әдетті күнделікті өмір салтына айналдырған аға ұрпақтың миятты мұрасы да бұл істе кеңінен пайдаланылады. Жаңа қоғамдық этиканың тағы бір діңгегі – «Таза Қазақстан» акциясы. Бұл – тазалану ғана емес, арылу ұғымымен үндес берекелі бастама.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырау қаласында өткен үшінші отырысында: «Мен қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін үнемі айтып жүрмін. Алайда азаматтарға қандай да бір құндылықты күшпен таңу қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады», деп, не нәрсені ескеру қажеттігін де қаперге салды. Сондай-ақ саяси реформалар заңдарға түзету енгізу, институционалдық өзгеріс жасау арқылы жүзеге асырылатыны, бірақ қоғамдық этикаға келгенде заңдарды өзгертудің жеткіліксіз екені жөнінде де айтылды. Сол жиынға тақырып болып тұрған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген өзара өзектес үш ұғым жаңа құндылықтардың тұғыры ретінде қабылдануға тұрарлық еді.
Жаңа этика – мәйекті мәдениетіміздің, қазақы құндылықтарымыздың бойтұмары. Мемлекет басшысы айтқандай, өркениетті мемлекет құру ісі халықтың мәдениеті биік болғанда ғана жүзеге асады. Мұның ізашар шараларын ертерек қолға алу керек. Сондықтан биылғы Тамыз конференциясында жаңа этика қалыптастыру ісі бала тәрбиесінен басталатыны туралы айтылды.
Таяу арада өткен үш маңызды жиында да жаңа этика мәселесіне баса назар аударылды. Президент Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында: «Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет», деп нақты тиянақтады. Жаңа жасақталған Құрылтайдың бірінші сессиясында: «Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе», деп арнайы атап өткен Президент депутаттардың заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында бұл бастаманы іске асыруды кеңес мүшелеріне де міндеттеді.
«Ұлт болып ұйысып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруымыз қажет». Бұл да – Президенттің байыптамасы. Сондықтан бүгінгі әңгімені «Әдеп, тәртіп, жауапкершілік» ұғымдарының төңірегінен туындатқанды жөн көрдік. Әдеп. Тәртіп. Жауапкершілік. Үздік үлгі. Үлгілі үйлесім. Үйлесімді үштаған. Қазір осы үштағанның үш тірегі туралы сөз сабақтаймыз.
Ұлы Абай өзінің Отыз екінші қарасөзінде: «Ақылды сақтайтын мінез деген сауыт болады», дейді. Дәл осы мінез бен сауыт концепциясы жаңа қоғамдық этиканың өнегелі өлшемі бола алады. Өйткені іс-әрекеттің қалай жүретіні өзіңді ұстауға, мінезіңді тежеуге, сабырыңды сақтауға тікелей байланысты. Басқаша айтқанда, этика туралы ілімді ел арасына барып тоқтаусыз тәпсірлейтіндердің өз этикасы дұрыс болуы керек.
Ендеше, жаңа этиканы қалай қалыптастырамыз? Ол үшін қандай тәсіл қолданамыз? Ал қалыптасқан жағдайда қайтіп көрініс таппақ? Жалпы, жаңа этика дегенді қалай түсінеміз өзі? Міне, бүгін осы сауалдар тұрғысынан ой өрбітеміз.
Заң мен тәртіп – құқықтық сауат өлшемі
Үнзила ШАПАҚ,
Құрылтай депутаты:
– Заң мен тәртіп – құқықтық мемлекеттің іргетасын құрайтын негізгі конституциялық қағидаттың бірі. Осы уақытқа дейін біз конституциялық құндылықтарды құқықтық тұрғыдан бекітуге, қорғауға және оларға кепілдік беруге басымдық бердік. Ендігі міндет – сол құндылықтарды азаматтың санасына, жүріс-тұрысына және күнделікті өміріне орнықтыру. Өйткені Конституцияның қуаты оның нормаларының сақталуымен ғана емес, ондағы құндылықтардың азаматтың ішкі ұстанымына айналуымен де өлшенеді. Басқаша айтқанда, конституциялық құндылықтар қағаз жүзіндегі құқықтық нормалар шеңберінде қалып қоймай, қоғамдық сана мен азаматтық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуы керек.
Осы ретте тәртіп ұғымына кеңірек мән бергеніміз жөн. Тәртіп деген кезде біз көбіне қоғамдық тәртіпті, заң талаптарын сақтауды, құқықбұзушылықтың алдын алуды түсінеміз. Алайда тәртіп ұғымы мұнымен шектелмейді. Ол адамның жеке басына қатысты әдеп қағидаларын, қоғамдық ортадағы жүріс-тұрыс мәдениетін, өзге адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетіне құрметпен қарауды да қамтиды.
Мәселен, елімізде түрлі іс-шара ұйымдастырылған кезде кейбір азаматтардың қоғамдық ортадағы жүріс-тұрыс мәдениетін сақтамауы тәртіптің бұзылуына себеп болып жатады. Халыққа қуаныш сыйлайтын, көпшілік үшін ұйымдастырылған іс-шараларда кейбір азаматтардың бір-бірін итеріп, белгіленген тәртіпті ескермеуі, өзгелердің қауіпсіздігі мен құқығына мән бермеуі қоғамдағы құқықтық және жалпы мәдениет мәселесін алға шығарады.
Біз тәртіп пен мәдениет туралы сөз қозғағанда Жапонияның кезекке тұру мәдениетін, Сингапурдың жеке жауапкершілікке негізделген қоғамдық тәртібін, Финляндияның ұлттық құндылықтар төңірегіндегі ортақ ұстанымын жиі мысалға келтіреміз. Алайда сол елдердің тәжірибесін мысалға келтірумен ғана шектелмей, ондағы тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырған құндылықтарды өз өмірімізге енгізуге ұмтылуымыз керек. Ал қоғамдық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол әр адамның күнделікті дағдысынан, қарапайым әрекетінен, өзгеге деген құрметінен басталады.
Біз өзге елдердің тәртібіне сүйсінетін ғана емес, сол тәртіпті өзіміздің өмірлік дағдымызға айналдырған қоғам болуымыз керек. Жапонияны мысалға келтіру оңай, ал жапондықтардың кезекке тұру мәдениетін өзімізден бастау – нағыз азаматтық жауапкершілік.
Тағы бір ескеретін мәселе – заң мен әдептің арақатынасы. Заң адамның құқықтары мен міндеттерін айқындап, қоғамдық қатынастарды реттейді. Ал әдеп пен мәдениет адамның заңмен тыйым салынбаған жағдайлардың өзінде де өзгелерге құрметпен қарауына, жауапкершілік танытуына ықпал етеді. Сондықтан құқықтық тәртіп пен қоғамдық мәдениетті бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Олар бірін-бірі толықтыратын ұғымдар.
Жауапкершіліктің үлкен-кішісі болмайды
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Құрылтай депутаты:
– Жалпы, қоғамда тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселесінің ауқымы кең. Қазақ халқының өзіндік ұлттық ерекшелігі, тарихи қалыптасқан қарым-қатынас мәдениеті бар. Отбасындағы, ағайын-туыс арасындағы, ұрпақтар сабақтастығындағы, әріптестер арасындағы сыйластықтың өзіндік жазылмаған қағидалары орныққан. Бүгінгі әдеп, қоғамдық сана, жауапкершілік ұғымы осы біздің ұлттық ерекшелігімізден көп алыстамай, ілгері жылжытылғаны дұрыс.
Менің пайымдауымша, Мемлекет басшысы ел халқын, ұлтты амандық-саулықтан бастап, әдебіне дейін түбегейлі өзгертуге кіріскен секілді. Президент әрбір Жолдауында, кездесулерде сөзін ең әуелі осы тақырыптан бастайды. Яғни «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамға дендеп енгізіліп келеді.
Жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру тек жақсы ұрандармен немесе ақпараттық қолдаумен шектелмеуі керек. Ол үшін қоғамдағы нақты әрі жүйелі сұрақтарды шешуіміз қажет. Осы орайда бірнеше мәселеге тоқталғым келеді.
Біріншіден, заңды таңдап орындау мәселесі. Қоғамда қалыптасқан осындай теріс түсінікті жоюымыз керек. Бір заңды орындап, екіншісін елемеуге болмайды. Заң алдындағы жауапкершіліктің үлкен-кішісі жоқ.
Екіншіден, сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстық мәселесі. Бұл да қоғамдық санаға кері әсерін тигізіп отыр. Мұндай құбылыстар мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретеді.
Үшіншіден, қоғамдық орындардағы мәдениеттің төмендігі де алаңдатады. Бұл – қоғамда ортақ жауапкершіліктің қалыптаспауына негіз болатын фактор.
Төртіншіден, мемлекеттік басқарудағы жауапсыздық мәселесіне назар аудару қажет. Мемлекеттік органдардың әрекеті мен қабылдаған шешімдері азаматтардың билікке деген сеніміне тікелей ықпал етеді. Бұл ретте қоғамда резонанс тудырған түрлі оқиға ойландыруға тиіс.
Бесіншіден, әдеп мәселесіне немқұрайды қарау да жұмыс өнімділігі мен қызмет сапасына әсер етеді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі әдепсіздік қоғам үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Бұл қоғамдық сананың қалыптасуына, жауапкершілікке, әдеп пен ибаның сақталуына кері ықпалын тигізеді.
Әлеуметтік желілердегі әдепсіздіктің алдын алу үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіріп, оны іске асыру тетіктерін күшейту қажет. Сонымен бірге тәртіп дегеніміз тек тыйым салу немесе жазалау емес екенін түсінуіміз керек. Тәртіп – адамның ішкі сенімі мен жауапкершілігі, өзінің қоғамдағы орнын түсінуі, айналасындағы адамдарға, қоғамдық қатынастарға және табиғатқа деген саналы көзқарасы. Яғни бұл – әр адамның ішкі мәдениеті мен берік ұстанымының көрінісі. Мұндай құндылықтарды қалыптастыру бір реттік науқандық шарамен шектеліп қалмауы керек. Бұл бағытта қоғамға сөзі өтетін, ел арасында беделі бар азаматтардың, ақсақалдардың, зиялы қауым өкілдерінің және жастар арасындағы белсенді тұлғалардың үлгісі маңызды.
Қысқасы, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру – белгілі бір мерзіммен шектелетін жұмыс емес. Бұл – ұлттың болмысын, қоғамдық мәдениетін және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді үдеріс. Оның нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ жүйелі әрі үздіксіз жұмыс жүргізілсе, міндетті түрде жемісін береді. Жаңа буын келеді, олар көзді ашып, көшке ілескеннен бастап, бойына, сүйегіне сіңдіре алатын нақты жұмыс атқарылғаны абзал. Біз осы жүйелі жұмыстың бастауында тұрсақ, әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кете береді. Алдағы кездерде мұның жемісін көреміз деген ниеттеміз.
Жасұлан БАҚЫТБЕК








