Сұрақ: Исламда тәртіптің орны қандай?
Жауап: Тәртіп бар жерде береке-бірлік болатыны белгілі. Ислам дінінде тәртіп мәселесі маңызды рөл атқарады. Адамның өмірін тек құлшылықпен шектеу дұрыс түсінік емес. Ислам күнделікті тұрмысқа, қоғамдағы тәртіпке, жауапкершілікке, әділдікке, уақытты Алланың берген нығметі деп дұрыс пайдалануға үндейді.
Өмірдің әрбір сәті тәртіп пен белгілі бір уақыт өлшемдеріне негізделген. Күнделікті бес уақыт намаз белгілі бір сағаттарда оқылатыны, рамазан айындағы ауыз бекіту мен ауыз ашу уақыттары және қажылық амалдарының реттілігі және басқа да құлшылықтар тәртіппен орындалады. Исламда әдеп негіздері толығымен тәртіп пен тәрбиеден тұрады. Кімнің тәртібі берік болса, оның әдебі көркем болатыны белгілі.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Алла Тағала сендердің атқарған істеріңді мұқият әрі кемел түрде (тәртіппен) орындағандарыңды жақсы көреді» деген.
Ал, дін атын жамылған ағымдар қоғамда бүлік болса екен деп ниеттенеді. Мұндай жалған ниеті бұзық ағымдардан сақ болғанымыз абзал. Тәртіпсіздік жайлаған қоғамда бүлік пен берекетсіздік болады. Демек, елдің тұрақтылығы мен қоғамдық тәртіп ережелерін сақтау әр азаматқа міндет екен.
Икрам АЙТАЕВ









