Белгілі қаламгер, аудармашы, дипломат, филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқали Байменшенің шығармашылығы жан-жақты. Әр еңбегі – толымды сөз айтуға тұрарлық. Әсіресе ғалымның бейімбеттануға қосқан үлесі – бір төбе. Сондықтан Серікқали Ердіғалиұлымен әңгімеміз бірден Биағаңнан басталды.
– Сізді бейімбеттанушы ғалым ретінде жақсы білеміз. Жазушы шығармашылығы жайында бірнеше кітап жаздыңыз. Жалпы, айтулы қаламгер мұрасын зерттеуге қалай келдіңіз?
– Бейімбет тақырыбымен студент кезімнен айналыстым. Ол кезде «Студенттердің ғылыми қоғамы» деген ұйымы бар болатын. Ұстаздарымыз бізге әр ал-уан тақырып беріп, зерттеушілік бейімі бар жастарды ізденіске бағыттайтын. Содан болса керек, 1988 жылы аспирантураға түскен кезімде Қазақ ұлттық университетінің Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ұстазым – бірінші ғылыми жетекшім Тауман Амандосов ғылыми ізденісті Бейімбеттің көсемсөзін жаңаша зерделеуден, оның журналистік еңбектерін біртұтас шығармашылық ретінде зерттеуден бастауды тапсырды.
Бірақ ол уақытта көне газет-журналдың көпшілігі жабық еді. Бір жағынан, Бейімбет шығармашылығының өзі тар кеңестік шеңберде қарастырылатын. Жазушының көп шығармасы белгісіз болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Бейімбетке қатысты тақырып шеңбері кеңейіп, біздің де ізденісіміздің ізі ұзарып, кеңейе түсті.
– Биағаң барлық жанрға қалам тербеп, өнімді еңбек етті. Мол мұра қалдырды. Алайда біртуар тұлғаның біраз туындысының тағдыры бүгінге дейін беймәлім. Осыған тоқталасыз ба?
– Бейімбет Майлиннің 1925 жылдан бастап 1937 жылға дейін қазақша, орысша, ұйғырша жарық көрген 69 кітабын қолыммен ұстап, көзіммен көрдім. Оның 51-і өзінің төл авторлығымен шыққан еңбектері, қалғаны – басқа авторлармен бірігіп жазған шығармалары, әртүрлі жинақтар. Бүгінгі тілмен айтқанда, бәрінде де авторлық құқығы қалған; жазушының көзі тірісінде жарық көрген. Аз өмірінде мұншалықты көп кітап шығарудың сыры әліпбидің ауысуына да байланысты болды. Әуелі араб қарпімен басылған танымал шығармалары кейін латын қарпінде дербес кітап болып жарық көрді. Осы уақытқа дейін қолға түсіре алмай жүргенім – жазушының 70-кітабы деп айтуға болатын «Шапай кәмсамол» жинағы. Бұл 1927 жылы Қызылордада араб қарпімен шыққан. Кітапқа төрт әңгімесі енген. Осының ішінен «Шапай кәмсамол» әңгімесін басқа бір журналдан тауып, бүгінгі қаріпке түсіріп, бас басылымға ұсындым. Газет оны екі нөміріне жариялады. Қалған үш әңгімесін әлі де іздестіріп жатырмын.
Анығында, Бейімбеттен архив қалмаған. Оның еңбектері шыққан кітабында, газет-журналдың бетінде ғана сақталған. Бұлардың да бәрі бірдей түгел жеткен жоқ. Оның үстіне ескі газет-журналдарды тұтынушылардың күтіп ұстау мәдениеті де белгілі: әртүрлі мақсатпен жыртып алған, қиып алған, сызғылап тастаған тұстары аз кездеспейді.
Қазір Бейімбеттің кітаптарына енген жүзге тарта өлеңі мен бірнеше поэмасы, қырыққа жуық көркем әңгімесі, танымал повестері мен романдары, он беске жуық пьесасы, екі жүзге жуық журналистік еңбегі оқырманға белгілі. Кейінгі жылдары ғана оның жоғарыда айтылған «Шапай кәмсамол» әңгімесінен бөлек, ешбір жинағында жоқ «Қарашаш» романының үзіндісін, «Бақыт» әңгімесін, «Екеу едік» деген жүз жыл бұрынғы өлеңін әдеби-ғылыми айналымға қостық. Бұлардан басқа да шығармалары қолымызда бар.
Белгісіз туындыларын табудың бір қиындығы – жоғарыда айтқандай, баспасөз өнімдерінің дұрыс сақталмауы. Мысалы, «Қарашаш» романы журналдың үш нөміріне жарияланса, соның екі нөмірін ғана таптым, үшінші нөмірі құжатхана қойнауынан шықпады. Әлі де іздестірудемін. Бейімбет ұсталғанда НКВД қызметкерлері алты қанарға жазып жүрген қағаздарын тығып, тағы да алты қанарға шкафтағы кітаптарын толтырып, бәрін жүк машинасына тиеп алып кеткен. Бейімбеттің белгісіз мұрасының көпшілігі осы қуғын-сүргін жылдарында қолды болды. Жазушының өзі әйеліне басылмаған «алты романым қалып барады» деп аманат еткен екен.
Кезінде әдебиет пен өнердің асқан жанашыры Өмірбек Байгелді ағаның қолдауымен қаламгердің қуғын-сүргінде тәркіленген, архивтерде сақталуы мүмкін ғой деп саналып келген қолжазбаларын, кітаптарын, басқа да жазбаларын қайтару жөнінде арнаулы органға өтініш жасалды. Сонда архивтер қорында Бейімбетке қатысты қылмыстық істен басқа ешқандай шығармашылық еңбектің сақталмағандығы тағы да мәлім болды. Өйткені ең алғаш рет мұндай өтініш өткен ғасырдың 50-жылдары Бейімбет ақталған бойда зайыбы Күнжамалдың атынан түскен екен. Оған да Бейімбет еңбектерінің архив қорларында сақталмағандығы туралы жауап беріліпті. Осы жайтты бағамдай келгенде, жазушының белгісіз шығармаларын табу жыл санап қиындап келе жатқанын сеземіз.
– Жазушы көп шығармасын бүркеншік есіммен жариялаған. Сіз бір зерттеуіңізде қаламгердің 33 бүркеншік есімі болғанын келтіресіз. Ал кейбір ғалымдар оның санын 74-ке дейін жеткізген. Ғылыми айналымға суреткердің неше бүркеншік есімі енді?
– Бұл – Бейімбет сөзстанының өзгеше сыры. Бейімбет қана емес, ХХ ғасырдың 20–30 жылдары күллі қазақ қаламгері бүркеншік есіммен жазды. Жеке шығармаларын айтпағанда, кітаптарының өзін бөгде есіммен жарыққа шығарған жазушылар бар.
Дегенмен қазақ әдебиеті мен ұлттық баспасөздегі бүркеншік есімдердің пайда болу, қалыптасу тарихы, даму үдерісі осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыда жүйеленбеген. Бүркеншік есім – әлі толық байыпталып болмаған, пайда болуы мен қолданылу сырлары кеңінен ашылмаған зерттеу саласы. Бүркеншік есiммен жазу өткен ғасырдың әсіресе 20–30-жылдары кеңінен дәстүрге айналғанына қарамастан, мұның белгiлi бiр заңдылыққа сүйенген нақты жүйесi болмады. Соған қарамастан ұлттық баспасөздің бастауында туған бүркеншік есім алу үрдісі, оның кейбір үлгiсі уақытпен бiрге жетiлiп, iшiнара өзгерiске түсіп, бүгiнге дейiн жалғасып келеді. Ұлттық сөз өнерiнде қалам iзi қалған тұлғалардың бүркеншiк есiмдерiнiң толық тиянақталған анықтамалығын әзірлеу пісіп-жетілген мәселе деуге болады.
Түгенделмеген бүркеншік есім мәселесін тиянақтауға Бейімбет Майлин шығармашылығы арқылы келудің заңдылығы да осында. Ол басқаларға қарағанда бүркеншiк есiмдi көбірек пайдаланған газеткер-қаламгер. Бейімбеттің осындай есімдерін тізбелей келгенде, бүркеншiк есiм алудың ұлттық тәжірибесі де өздігінен ортаға түседі. Олар мынадай ортақ негізде: автордың туған жерiн, шыққан ата-тегiн, руын көрсетуi; аты-жөнiн қысқартып жазуы, ататегін емес, тек атын ғана көрсетiп жазуы; жер-су, адам аттарын пайдалануы; атқаратын кәсiбін білдіруі; нақты оқиғаны, құбылысты, т.б. жағдайды көрсетуі; адамның түрін, мiнезiн көрсетуі; әйелінің, баласының атын жазуы бойынша қалыптасты. Бүркеншік есімдер біржолғы, уақытша және тұрақты сипатта болды. Бұл Бейімбетке де тән.
Бір мысал айтайын: «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы тұңғыш нөміріндегі «Мырзалар» деген әңгімеге «Шұға» деп қол қойылған еді. Бір зерттеуші осы «Шұғаны» Бейімбет Майлиннің бүркеншік есімі деп жазды, одан көріп, екінші ізденуші солай іліп әкетті кезінде. «Шұға» дегесін, Бейімбеттен басқа кім болуы мүмкін деп ойлаған сияқты, бұлай ойлаумен бүркеншік есімнің мәні ашылмайтыны белгілі. Ал анығында дұрысы «Шоға» еді. Араб қарпінде «о» мен «ұ»-ның дәйекше арқылы ажыратылатын ерекшелігі бар. Журнал қызметкері де дұрысы «Шұға» болар деп өзгертіп жіберген сияқты. Сөйтіп, елдің солтүстік жағын мекендейтін қазақ руларының ішіндегі «Шоға» деген бабасының есімін бүркеншік есім ретінде алған жазушы Әбдірахман Айсариннің еңбегі Бейімбетке теліне жаздады. Бір әрпі өзгертіліп жарияланып кеткен соң, Әбдірахман да бұдан былай «Шұға» деп жаза бастайды.
Мұндай әдісті уақытында «М»-ны көрсе Майлин деп, «Б»-ны көрсе, Бейімбет деп, газет-журналдарда жарияланған белгісіз дүниенің бәрін Бейімбет Майлинге жапсыра бермейік деп ескерткенбіз. Мұның ар жағында ескі басылымдардың ернеуі ашылмаған кезеңдегі бүркеншік есім сырына бойлап болмаған үстірттік жатыр.
Сондықтан 74 есім дегенге күмәнмен қараймын. Өйткені «Жалшы», «Малшы», «Егінші», «Тілші», «Газетшi», «Жорналшы», «Оқушы», «Жолаушы», «Естіген», «Көзі көрген», «Ел аралаған» деген сияқты, т.б. бөгде есіммен жалғыз Бейімбет жазған жоқ. Газеттер мұндай біржолғы есімдерді жиі қолданды. Бір рет қана қолданылатын есімдер болады. Бейімбеттікі деп болжанған дүние ең басты шартқа – қаламгердің біртуар сөз саптауына, табиғи құбылыс дәрежесіне дейін көтерілген өзіндік стиліне тәуелді. Екінші жанама шарт – осы белгісіз шығармалардың жазушының авторлық құқығы мәңгілік сақталып, қуғын-сүргіннен аман қалған, сарғайып тозса да бүгінгі заманға сау жеткен, арабша-латынша қаріптермен жарық көрген өз кітаптарына кірген-кірмегендігі. Егер кітаптарында бар болса, онда сөзсіз Бейімбеттің еңбегі, ал бүркеншік есім – талассыз соған тиесілі. Кезінде профессор Темірғали Нұртазин Бейімбеттің кейбір шығармалары мен бүркеншік есімдерін солай анықтаған.
– Бүгінде қаламгердің қандай қыры зерттелмей жатыр деп ойлайсыз? Сондай-ақ көрнекті сөз зергерін қаншалықты дәріптеп жүрміз?
– Жазушының барлық салада бірдей, бірегей қимылдаған жүрдек қаламның ізінде қалып, танылмай жүрген тұсы – аударушылық тәжірибесі. «Аударушылық» деп тегін айтып отырғанымыз жоқ. Бұл – жаны бар сөз. Өйткені Бейімбет заманындағы қаламгерлер «переводчикті» ешқашан «аудармашы» деп жазбаған, оның дұрыс баламасы – «аударушы» деп білген.
Талантты тұлғаның тәржімелік тәжірибесіне зерттеушілер тарапынан зер салынбай келді. Бейімбеттің бұл бағыттағы шығармашылығы газет-журнал жұмысында, баспа ісінде қалыптасты. Ол аударуға үйрену, үлгі алу мектебі ретінде қарай отырып, әдебиеттің мұндай түрінің жалпы қазақ оқырманын идеялық-саяси, мәдени-рухани тұрғыда жан-жақты жетілуге бастайтын ықпалын да сезе білді. Сол себепті аударма әдебиетті кездейсоқтыққа баламай, қалам қабілетін барынша танытуға тырысты. 20-жылдардың соңынан бастап, 30-жылдардың орта шеніне дейін біраз дүниені қазақшалап, газет-журналдарда жариялап, жеке кітапша-кітап етіп шығарды.
Елімізде Бейімбетті дәріптеуде кемдік жоқ деп ойлаймын. Енді бұл дәріптеуді жаңа қырынан танытуға ұмтылуымыз керек. Мәселен, «Бейімбет» энциклопедиясын (анықтамалығын) шығаратын кез келді. Бұл бір адамның қолынан келетін іс емес, белгілі бір көмек, қолдау керек. Бірақ сол қолдаушылықтың көзге түсуі қиын.
Екіншіден, баспалар Бейімбеттің шығармаларын бірер белгілі әңгімесін атақты хикаятына қосып, «Шұғаның белгісі» деген атпен қайта-қайта шығарып жүрсе де, белгісіз туындыларын жинақтап шығаруда батылдық көрсетпейтіні байқалады. Оның үстіне, осындай жинақтарда шығармаларының жанрлық ерекшелігі де ескеріле бермейді. Үшіншіден, бейімбеттанудағы болашақ зерттеулердің мақсаты – байырғы мерзімдік басылымдарға бойлау, сақталуы мүмкін жазушы еңбектерін іздеу, табу, қайта жариялау. Бұл үзіліссіз, үздіксіз үдеріс болуға тиіс. Осы орайда жас бейімбеттанушылардың бой көрсетпей жүргені де ойлантпай қоймайды.
Ендігі зерттеулерді шығармашылық тарихқа қарай бұрған жөн болады. Мысалы, бір ғасырдан астам бұрын жарық көрсе де, әлі күнге дейін өскелең ұрпаққа ұлылықты ұғындырып келе жатқан «Шұғаның белгісінің» шығармашылық тарихы қандай тағылымды болар еді. Сол себепті Бейімбет еңбектерінің шығармашылық тарихын зерттеу арқылы оның кейіпкерлерінің қилы тағдырына тап боларымыз хақ.
– Енді жеке шығармашылығыңзға ойыссақ. Биыл «Қазақ әдебиеті» газетінде есімдері ел жадынан ұмытыла бастаған қайраткерлер туралы сериялық мақалаларыңыз жарияланды. Солар туралы да айта кетесіз бе?
– Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деп бағаланған өткен жүзжылдықтың шын мәнінде жемісті болғаны рас. Бірақ ғасыр болмысында әлі күнге игерілмеген кеңістік, танылмаған тұлғалар бар. Сен атап отырған дүниелер («Жиенғалым… Жиенғалы… Жиенғали», «Кешіккен Кенжеғали», «Ойыл жақта оқ тиген», «Меңдіқараның Меңетайы», т.б.) солай туды. Әрі бұл жарияланымдардың да Бейімбетпен белгілі бір байланысы бар. Бейімбет жайындағы зерттеулер өрісі оның сыныптас-замандасы жазушы Жиенғали Тілепбергеновтің қаламгерлік өнерін зерделеумен сабақтасты. Нәтижесінде, Алматыда «Елін сүйген ерек жан» деген ғұмырнама, Мәскеуде «Жігер» деген монографиямыз жеке кітап болып шықты. Қазір біздік жиенғалитану бейімбеттанудың бір желісі болып қалыптасты деуге болады. Ал Жиенғали мұрасын мұқияттау барысында оның әріптес-қанаттасы, бұрын аты-жөні әдебиеттанушылар арасында ғана естіліп жүретін Кенжеғали Абдуллин сынды бейтаныс қазақ қаламгерінің өнерпаздық өмірін зерттеуге алып келді. Ол «Ғайып қалам» деген монографиялық еңбегімізде жинақталды. Сөйтіп, алаштың атаусыз жүрген Кенжеғалидай бір ұлының есімін нақтылап елге оралттық.
Мәселен, кейін Қостанайдың, Торғайдың, Ақтөбенің газеттерінде редактор болған Меңетай Жақсылықов – Бейімбеттің өзі тәрбиелеп, газетші етіп өсірген шәкірті еді. Бүгінде оның есімін туған өңірінде де ешкім білмейді. Ал Қостанайдың, Ақтөбенің газеттері тәрбиелеп шығарған ақын Ақбас Дүйсенбаевты кім біледі? Ол Бейімбетпен замандас, сырлас болған танымал қаламгер еді. Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы тұңғыш өкілі міндетін атқарды. Қуғын-сүргін жылдарында, Ойыл аудандық газетінің редакторы болып жүргенде жазықсыз жалаға ұшырады. Оның есімі де беймәлім. Халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің алғашқы әдеби хатшысы болған Мәселе Жаңабаев, Ақымет Ескендіров есімді ақындар өткен өмірден. Екеуі де Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан. Бұлардың есімін, шығармаларын қазір кім біледі?
– Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде қызмет істеген жылдары сонда тұратын қандастар жайында кітап жаздыңыз. Сол ағайынның бойынан қандай ерекшелікті байқадыңыз?
– Ресейде еңбек еткен жылдар ұмытылмайтын өзгеше кезең. Осы жылдар ішінде елден сырт жүрген қандас ағайынның сыры мен шынына, мұңы мен жырына біршама қанықтым ғой деп ойлаймын. «Егемен Қазақстан» газетінің өкіл тілшісі міндетін қоса атқара жүріп, қазақ тақырыптамасын тауып жазуға көбірек көңіл бөлдім. Нәтижесінде, «Мұрагер», «Дәнекер», «Ақжүрек» деген кітаптар дүниеге келді. Өткен жылы «Мезгіл мінезі» деген кітабым жарық көрді.
Біртұтас қазақ тіршілігі шекараның ар жағындағы ағайынды ешқашан ұмытпауды талап етеді. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара Ресей мен Қазақстан арасында. Шекараның екі жағында да қазақтар шоғырлана қоныстанған. Бұл қос тарапқа да дәнекер бола алатын ағайын. Болашақты көздегенде осы аралық байланысты бос қалдыруға болмайды. Шекара маңындағы қандастардың ана тілімді үйренсем, ана тілімде білім алсам, ұлттық дәстүр-салтымды дамытсам деген ішкі ниетін, қоғамдық ұйымдардың қызметін әрдайым қолдап отыру керек. Бізде осы жағы жетіспейді. Қандастармен байланысты дамыту шекара маңындағы облыстардың ғана міндеті болмаса керек, бұған тұтас елдік көзқарас орнығуы керек.
Ресейде қазақтың талай асылдары өмір сүрген, орыс жерінен топырақ бұйырып, талайының асыл сүйегі сол топырақта дамыл тауып жатыр. Елшілікте еңбек еткен жылдары «Казахи в России» деген екі томдық өмірбаяндық жинақ құрастырдық. Оны толықтырып екі мәрте шығардық. Соның өзінде қандастардың бәрін бірдей қамти алмадық.
Бір қауым қазақ өткен ғасырдың 30-жылдардың ортасында, Көкшетау, Қызылжар, Қостанай төсіндегі ежелгі атамекенінен ауып, Батыс Сібірдің орманды даласында көшіп-қонып жүруге мәжбүр болады. Түмен топырағына табаны тиген, ұлттық дәстүр-салтты берік ұстанған қалың қазақ айналадағы ұжымшарлар мен деревняларға сіңісе алмай, орыс орманының ортасында ата-бабасының көшпелі қалпын жалғастырады. Мүмкіндігінше, елді мекендерден алыс, оқшау, оңаша өмір сүруге тырысады. Кеңес билігі қазақтардың Түменнің тұнжыраған қалың орманы арасында ауыл-ауыл болып көшіп жүргенін, Қазақстаннан үдере көшкенін жақсы біледі. Ақыры көшпелі қазақтардың басын біріктіріп, дербес ұлттық қалқоздар құрады. Бүгінде Түмен облысының аумағында тұратын қандастардың басым көпшілігінің ата-бабасы – осы 30-жылдары амалсыз елден ауған, еріксіз қалқозшы болған қазақтар. Ұйымшыл, аузы бір ұрпақтары оларды ұмытпайды, жыл сайын еске алып отырады, ескі қалқоздардың орнына ескерткіштер орнатылған. Түмен қазақтарының жыл сайын өткізетін құрылтайы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады. Ресейдің басқа жерінде мұндай тәжірибе жоқ. Бұл да бір кездегі қазақы қалпы бұзылмаған ата-бабаның дәстүр-салтына сай өсіп жетілген түмендік қазақтардың өлкедегі орны мен беделін, облыс экономикасын дамытудағы нақты үлесін ескеріп, бағалаудан туған. Осы қазақтардың тағдыры қызықтырып, Түменге, қалың орман ішіндегі Төменгі Тавда ауданына барып, «Қиырдағы қазақ жұрты» деген эссе жаздым. Сондағы Түмендегі «Достық» атты қазақ қоғамын басқарған кәсіпкер Қалихан Серғазиновтың сөзі әлі есімде. «Орыс ортасында отырсақ та, Түмен қазақтары ұлттық бет-бейнесін өзгерткен жоқ, діні, ділі, тілі сол қалпында, олар арғы-бергі тарихты біледі, халықтық мәдениетін, салт-дәстүрін сақтайды. Аталардың ақжолына сай өткенді құрметтеуді, үлкенді сыйлауды терең сезінеді. Облыстағы қарттар мен балалар үйлерінде қазақтың бірде-бір шалы немесе тастанды баласы жоқ. Біз кәрі шал мен жас сәбиді жылатып, қазынаның үйіне тапсыруға ешқашан жол бермейміз», деген еді ол.
– Біраз кітабыңыз жарық көрді. Алайда «басты дүнием» жазылды деп ойлайсыз ба?
– Мәскеудегі бұрынғы халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің («ВДНХ») бір павильоны кезінде «Қазақ КСР павильоны» деп аталды. Ол 1949 жылы салынған ғимарат, қазір «Қазақстан Республикасының көрме-сауда орталығы» деп аталып, республикамыздың мәдени, тарихи және басқа жетістіктерін көрсететін орталық болып отыр. Сол кезден бері осы көрменің босағасын екі ұлы қазақтың – Шығанақ Берсиев пен Жамбыл Жабаевтың тас тұлғасы күзетіп тұр. Сталин заманында қазақты әлемге танытқан, таныта беретін тұлғалар деп Шығанақ пен Жамбыл таңдалған. Мəскеу қазақтарынан, жергілікті халықтан сұрай қалсаңыз, екі ақсақалды ішінен Жамбылды біршама таниды да, Шығанақты біле бермейді. Қазір Шығанақты Мәскеу түгілі, еліміздің өз іші жете білмейді. Бұл соғыс кезі болғандықтан, алғашқы күннен Шығанақ Берсиевті таныту ісі жөнді қолға алынбауының салдары еді.
Әлем танып, таңданған, қайталанбас рекорд тудырған ұлы егіншінің еңбек белесіне осы уақытқа дейін ешкімнің жете алмай келе жатқаны «болмайтынды болдырған» Шығанақ тұлғасына жаңа заман көзімен қарау қажеттігін тудыратын тәрізді. Осы оймен өткен жылы «Тары тариххаты» деген жинақ дүниеге келді. Жақында шығанақнамаға қосылуға тиіс жаңа кітаптың қолжазбасы баспаға тапсырылды. Ол басты дүние бола ма, басқа дүние бола ма, оны бір Алла біледі. Ілияс ақын айтқандай, қазақ өз ұлын, өз ерін ескермесе, кемеңгерді қайдан алады? Шын Шығанақ – қазақы ұлылықтың да, кемеңгерліктің де үлгісі. Ұрпақ бойына осыны сіңіре түссек деп ойлаймын.
– Ел алдында жүрген зиялы азаматтың бірісіз. Қазір сізді қоғамда не толғандырады?
– Қай заманда да қоғам қозғалысқа кірген кезде, көсемсөздің туы қоса көтерілген. Қоғамдағы кездесетін алаңдаушылықты осы бұқаралық ақпарат құралдарының тынысынан бағдарлап отырамын. Ал жеке танымға келсек, қоғамда адамның өзіне деген сенімсіздігі артқан тәрізді. Оған қоса, адам бойында жаппай жағымпаздық, біреуді жөнсіз мақтауға, тіпті өзін өзі мақтауға үйірлік, лауазымы жоғарыға жалпақтап, жалтаңдау, сол арқылы қара басыма бір пайда тапсам деген құбылыс дәрежесіне жетіп қалған көрініс бар.
«Тек өзіме болсын» деген жекеменшік пиғыл өсіп барады. Сондай-ақ қоғамда аузына не келсе, соны айтатын, әсіресе жаза салатын әдепсіздік белең алды. Билік басындағының бәрін жау көретін жағымсыз әдет пайда болды. Ал көпшілік ақ-қарасын ашпастан, осындай анайы пікірлерге көбірек құлақ түретін, лезде құлап түседі. Тәрбие бермейтін телехабардың да кері әсері аз емес. Жаңа қоғамда адам санасын тәрбиелеудің тіні босап кеткенін мойындаған жөн. Осының бәріне түбі бір тыйым болатын шығар. Келешекте өзіміз қалайтын тәрбиенің дұрыс бағыты орнығып, адам санасында тұтастай елдік мұрат елеулі енші алатынына сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»









