Мәдиналық мұсылмандарға «Ансар» атауын Жаратқан Иенің өзі берген. «Ансар» сөзі араб тілінде «жәрдем берушілер», «қолдаушылар» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау Пайғамбарымызға (с.ғ.с) және Меккеден Мәдинаға қоныс аударған мұһажирлерге құшағын айқара ашып, оларды өз бауырындай қабылдаған Мәдинаның жергілікті мұсылмандарына берілді.
Ғайлан ибн Жарир Әнәс ибн Мәликтен (р.а.):
– Сіздерге «Ансар» деген атау бұрыннан қолданылатын ба еді? – деп сұрағанда, Әнәс (р.а.):
– Жоқ, бұл атауды бізге Алла берді, – деп жауап берген.
Шын мәнінде, Құран Кәрімде Алла Тағала мұһажирлер мен ансарларды ерекше мадақтап: «Мұһажирлерден, Ансарлардан алғаш иман келтіргендерге, жақсылық істеумен оларға ілескендерге Алла разы болды, әрі олар да Аллаға разы болды, Алла оларға іргесінен тамаша бұлақтар ағып жатқан жәннаттарды әзірледі, олар онда мәңгі қалады. Әне сол – зор бақыт» («Тәубе» сүресі, 100-аят) деп, олардың мәртебесін айқын білдірді.
Ансарлар – бауырмалдықтың, жомарттықтың, адалдықтың, жанқиярлықтың және өзгені өзінен жоғары қоя білудің теңдессіз үлгісін көрсетті. Олар Исламды тек сөзбен қабылдап қана қоймай, оның барлық жауапкершілігін жүрегімен сезініп, ісімен дәлелдеді.
Ақаба серті және ансарлардың уәдесі
Ансарлардың Ислам тарихындағы орны Мәдинаға һижреттен бұрын басталды. Әус пен Хазраж тайпаларының өкілдері 621 және 622 жылдары қажылық маусымында Меккеге келіп, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) кездесіп, оның үндеуін тыңдады. Исламды қабылдаған олар Ақаба сертінде Алла Елшісіне (с.ғ.с.) және Меккелік мұсылмандарға Мәдинаға келген жағдайда жәрдем беріп, қорғауға уәде етті.
Олар берген серттеріне адал болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін ансарлар мұһажирлерді жатсынбай, өз бауырларындай қабылдады. Үйлерін, мал-мүлкін, дәулетін және ризық-несібесін олармен бөлісуге дайын тұрды.
Олардың осы теңдессіз қасиетін Құран Кәрім ерекше атап өтеді: «Олардан бұрын (Мәдинaдa) мекен деп, иманына берік болғандар (ансарлар) кейін оған көшіп келгендерді (мұсылмандарды) жақын көреді. Оларға берілген нәрселер үшін қызғанып өкпелемейді. Өздері мұқтаждық көрсе де, оларды өздерінен артық көреді. Кімдер сараңдықтан тартынса, солар мұратына жететіндер» («Хашр» сүресі, 9-аят).
Бұл аят ансарлардың рухани болмысын бір ғана сөйлеммен айқын көрсетеді: олар өз қажеттілігінен бұрын бауырының қажеттілігін ойлады.
Ансарлардың ұлы қасиеті
Ансарлар иман мен ғибадатта, білім мен тақуалықта, көркем мінез бен қайырымдылықта алдыңғы қатардан көрінді. Олар ерлерімен ғана емес, әйелдерімен, жастары мен қарттарымен бірге Ислам қоғамының қалыптасуына үлес қосты.
Айша анамыз (р.а.) ансар әйелдерінің білімге деген құштарлығын жоғары бағалап: «Ансар әйелдері қандай керемет әйелдер! Олардың ұяңдығы діни білім алуларына кедергі болмады», – деген.
Бұл сөз ансар әйелдерінің ар-ұятты сақтай отырып, діни білімге ұмтылғанын көрсетеді. Демек, Исламдағы ұят пен білім бір-біріне қарама-қайшы емес, қайта бірін-бірі толықтыратын құндылықтар.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) ансарлардың ерекше қасиетін жоғары бағалап, олардың имандағы орнына назар аударды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Ансарларды жақсы көру – иманның белгісі, ал ансарларды жек көру – мұнафықтықтың белгісі», – деген.
Бұл хадис олардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жасаған қызметі мен Исламға көрсеткен жанқиярлық көмегінің қаншалықты жоғары бағаланғанын аңғартады.
Ансар – бүгінгі ұрпаққа өнеге
Ансарлардың тарихы – өткен дәуірдің ғана шежіресі емес. Ол – бүгінгі адамзатқа да аса қажетті рухани мектеп.
Олар бізге бауырластықтың сөзбен емес, іспен дәлелденетінін үйретті. Қиналған жанға қол ұшын беру, мұқтажбен бар нәрсеңді бөлісу, уәдеге берік болу, өзіңнен бұрын өзгенің жағдайын ойлау – ансарлық рухтың негізгі белгілері еді.
Мұһажирлер Мәдинаға дүние-мүлкін тастап келгенде, ансарлар оларды жат адам ретінде емес, иман жолындағы бауырлары ретінде қабылдады. Олардың арасындағы байланыс қан туыстығына емес, иман туыстығына негізделді.
Сондықтан ансарлардың өнегесі бізге маңызды бір ақиқатты ұқтырады: адамды ұлы ететін – оның байлығы немесе атағы емес, өзгеге қаншалықты пайдасы тигені.
Ансарлар өздерінің ісімен адамзатқа жомарттықтың, адалдықтың, бауырмалдықтың және жанқиярлықтың биік үлгісін қалдырды. Олардың тарихы – «мен не аламын?» дегеннен бұрын «мен өзгеге не бере аламын?» деп ойлаудың тарихы.
Бүгінгі қоғамға да дәл осы рух қажет. Бір-біріне жәрдемдесу, мұқтажға қолдау көрсету, бауырдың қуанышына ортақтасып, қайғысына бірге қайғыру – ансарлардың бізге қалдырған мәңгілік аманаты.
Ансар деген – жай ғана тарихи атау емес. Ансар деген – жүрегінде бауырмалдығы бар, қолында жәрдемі бар, сөзінде адалдығы бар, өзгеге пайдасын тигізуді өмірлік мұрат еткен адам.
Сондықтан ансарлардың өмірі – Ислам тарихының ғана емес, адамгершіліктің де алтын парағы. Олардың өнегесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, адамдарды өзара мейірімділікке, жомарттыққа және шынайы бауырластыққа шақыра береді.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ







