Бүгінде қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында дінаралық келісімді сақтау – ерекше маңызды мәселе. «Дінаралық келісім – біздің халықтарымыздың бірлігінің негізі», – деді Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазір елімізде дінаралық келісімді сақтау бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жолында үлкен қадамдар жасалып жатыр. Дінаралық келісім – әр түрлі дін өкілдерінің бір-бірінің діни сеніміне төзімділік таныта отырып, бір-біріне өз діни сенімдерін таңбай, өзара сыйластық пен тең құқылы қарым-қатынас жасауы.

Дінаралық келісімнің басты мақсаты – діндердің рухани беделі мен күші арқылы әлемдегі кейбір өзекті мәселелердің оң шешімін табу. Сонымен қатар, қоғамдық қатынастардың ізгілік сипатын арттыруда, әсіресе қазіргі жаһандану заманында алатын орны ерекше. Түрлі дін өкілдерінің өзара мәмілеге келіп, ортақ шешім қабылдауы бірқатар өзекті мәселелердің реттелуіне оң ықпал етеді.

Тәуелсіздік алғалы бері діни институттар көбейіп, сонымен бірге, сапасы жетілуде. Діни бірлестіктер бірнеше есе өсіп, рухани дәстүрлер жаңаруда, жаңа мешіттер, шіркеулер, ғибадат үйлері бой көтеруде. Қазіргі кезде тұрғындардың діни сауаттылығы да артып келеді.

Қазақстан өзгелермен иық тіресіп, дамудың дара даңғылын салып үлгерген мемлекеттердің қатарын бетке алды. Сондай-ақ, елімізде көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстан жұртының мақсаты – бейбітшілік пен тыныштықты ту етіп, халықтар достығына сызат түсірмеу. Әртүрлі ұлттардың басы қосылған елде татулықты сақтап, оларды айрандай ұйытып отыру үшін көрегендік, үлкен қажыр-қайрат қажет. Тұтас бір ел емес, тіпті бір отбасы мүшелерін тәрбиелеп, татулыққа шақыра білу үшін де ақыл-парасат, үлкен сабыр керек.

Еліміздегі ынтымақ-бірлік Елбасымыздың дана саясатынан бастау алып отыр. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген халық даналығы әрдайым жадымызда жүруі тиіс. Еліміздің өркендеп-өсіп, дамыған елдер қатарына қосылуы жолында әрқайсымыздың адал еңбегіміз, маңдай теріміз қажет.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  2021 жыл Қазақстанда діни білім алғандар саны

Біздің дәстүрлі ұстанып келе жатқан дініміз де Отанға деген адалдыққа, сүйіспеншілікке үндейді. Кейінгі ұрпақтың болашағы жарқын болуы, жақсы тұрмыс кешуі, басқалармен терезесі тең болуы да осыған байланысты. Елбасымыз «…Әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін, еркін әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз», – деп атап көрсетті.

Тұңғыш Президенттің ұзақ жылдарға арналған, стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз.

Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп отыр.

Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да – осы!

Әжімбек ШАХМАРДАН,

Қызылорда облысының Дін істері басқармасының

дін мәселелерін зерттеу орталығының

Шиелі ауданы бойынша бөлімше меңгерушісі

Пікір жазу