Олардың лидерлері және діни ұстанымдары
Хусит қозғалысының идеялық негіздері, даму кезеңдері мен негізгі мақсаттары 1990 жылдары зайдилік діни дәстүрді ұстанған бір топ жас мұсылманның бастамасымен қалыптаса бастады. Қозғалыстың пайда болуына әсер еткен негізгі себептердің бірі – Йеменде салафилік идеялардың таралуына қарсы тұру және зайдилік діни-идеологиялық дәстүрдің жойылып кетуіне жол бермеу болды.
Қозғалыс өкілдері зайдиліктің діни мұрасын сақтап, оның қоғамдық-саяси өмірдегі орнын нығайтуды көздеді. Хусит қозғалысының қалыптасуы мен дамуында үш жетекші лидерінің рөлі ерекше аталады. Олар – Бадр ад-Дин әл-Хуси, оның ұлы Хусейн Бадр ад-Дин әл-Хуси және қазіргі жетекшісі Абдулмалик әл-Хуси. Олардың барлығы Йеменнің солтүстігіндегі зайдилік дәстүрімен тығыз байланысты әл-Хуси әулетінен шыққан.
Қозғалыстың алғашқы кезеңінде діни-ағартушылық бағыт басым болғанымен, уақыт өте келе ол саяси сипат алып, Йемендегі билік үшін күрестің маңызды қатысушыларының біріне айналды. Хусит қозғалысының жылдам күшеюіне ықпал еткен ішкі факторлардың бірі – Йемен үкіметінің елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі саяси және әлеуметтік мәселелерге назар аударуға мәжбүр болуы. Мемлекеттік басқарудағы қиындықтар, аймақтық қайшылықтар және орталық билік пен жергілікті қауымдар арасындағы келіспеушіліктер қозғалыстың ықпалын арттыруға қолайлы жағдай қалыптастырды.
Сыртқы факторлардың ішінде Иранның хусит қозғалысымен байланысы мен оған көрсеткен қолдауы маңызды орын алады. Бұл қолдау қозғалыстың әскери-саяси әлеуетінің артуына ықпал еткен факторлардың бірі ретінде қарастырылады. Дегенмен, хусит қозғалысының қалыптасуы мен күшеюін тек сыртқы ықпалмен түсіндіру жеткіліксіз: оның дамуына Йеменнің ішкі саяси жағдайы, зайдилік діни бірегейлікті сақтау ұмтылысы және аймақтық қайшылықтар да әсер етті.
Бұл мақаламызда Хусит қозғалысының діни сенімдері мен идеологиялық негіздерін қарастырып, зайдилік діни-құқықтық мектептен бастау алғаны атап көрсетіледі. Атап айтқанда, хуситтердің діни ұстанымдары зайдизмнің әл-Жарудия тармағының кейбір қағидаттарына жақын екені айтылады. Бұл бағыттың ерекшеліктерінің бірі – Әли ибн Әбу Талибтің имаматқа лайықтылығын ерекше атап көрсетуі және алғашқы мұсылман қауымындағы билік мәселесіне қатысты өзгеше көзқарас туралы айтатын боламыз.
Сонымен қатар мақалада хуситтердің кейбір діни тұжырымдары мен он екі имамдық шииттік бағыттың (иснаашарияның) ұстанымдары арасында ұқсастықтар бар екені көрсетіледі. Әсіресе, Әли ибн Әбу Талибтен бұрын билік еткен Әбу Бәкір мен Омар сияқты алғашқы халифалардың саяси-діни мәртебесіне қатысты мәселелерде белгілі бір идеялық жақындықтар байқалады. Алайда зайдизм мен он екі имамдық шииттік бағыттың имамат туралы түсініктері, діни ілімдері және тарихи дамуы арасында елеулі айырмашылықтар бар екенін ескерген жөн. Сондықтан хусит қозғалысының діни көзқарастарын сипаттағанда, оны тұтастай иснаашариямен теңестірмей, зайдилік дәстүрмен байланысын және өзіне тән идеологиялық ерекшеліктерін жеке қарастыру қажет.
Пайғамбарлық, соның ішінде Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығы мәселесі Хусейн Бадр ад-Дин әл-Хусидің еңбектері мен дәрістерінде терең зерттеледі. Барлық пайғамбарлардың, әсіресе Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығына қатысты оның Әһли сүнна уәл-жамаға ұстанымына қайшы келетін пікірлері туралы толыққанды мәлімет берілген. Алайда Құранның жинақталу тарихына қатысты мәселелерде Хусейн Бадр ад-Дин әл-Хусидің Әбу Бәкір мен Осман халифалардың тұсында Құранды жинақтауға байланысты риуаяттарға күмән келтіргені туралы да айтылған.
Құранның түрлі қырағаттарына қатысты ол: «Сөзсіз, бұл – оны жасағандардың қисынсыз әрекеті. Яғни, бұл ғалымдардың жіберген қателіктерінің бірі», – деп пікір білдіреді. Ал Құран аяттарының насхына (үкімінің күшін жоюына) және мансух мәселесіне қатысты Хусейн Бадр ад-Дин әл-Хуси «Бақара» сүресін түсіндіруге арналған алтыншы дәрісінде: «Құрандағы насх туралы естіген пікірлеріміздің барлығы – ижтиһадтың, яғни дербес пайымдаудың нәтижесі», – деп өз пікірін айқын айтады.
Бәдр ад-Дин әл-Хусидің Құдайдың сипаттарына қатысты көзқарастарын талдау оның бұл мәселедегі ұстанымдарының мутазила мектебінің ілімдерімен ұқсас тұстары бар екенін көрсетеді. Мутазилиттер антропоморфизмге, яғни Құдайды жаратылғандарға ұқсатуға жол бермеу және Құдайдың болмысынан бөлек дербес сипаттарды мойындаудан туындайтын ұқсастық мәселесінен сақтану мақсатында Құдайдың сипаттарын Оның болмысымен біртұтас деп қарастырған.
Бәдр ад-Дин әл-Хуси Құранды «мұхдас» (жаратылған, кейін пайда болған) деп сипаттауды дұрыс деп есептейді. Ал Құдайды көру мәселесіне қатысты ол: «Құдай бұл дүниеде де, ақыретте де көрінбейді», – деген пікір білдіреді. Тағдыр мәселесінде Бәдр ад-Дин әл-Хусидің ұстанымы Әһли сүнна уәл-жамағаның көзқарастарымен сәйкес келіп, мутазилиттердің ұстанымынан ерекшеленеді. Ол өзінің «Тахрир әл-әфкар фи мәсәләт әл-қадар» атты еңбегінде бұл мәселеге қатысты былай деп жазады: «Тағдырдың мәні құлдың бағынбауға мәжбүр болуы дегенді білдірмейді. Бағынбау әрекетінің алдын ала жазылуы адамның міндетті түрде бағынбауын білдірмейді; бұл – оның бағынбау әрекетінің жазылғанын ғана көрсетеді. Тағдыр құлдардың әрекеттерінің бастауын білдіреді, бірақ оларды сол әрекеттерге мәжбүрлейтін қозғаушы күш емес. Ал, Жабрия өкілдері тағдырды адам әрекеттерін мәжбүрлеуші күш ретінде қарастырады. Алайда шындық бұған қарама-қарсы».
Ақырет мәселелеріне қатысты Хусейн Бадр ад-Дин әл-Хусидің қабір азабы мен ондағы нығметтер, сондай-ақ жұмақ пен тозақ туралы көзқарастарында қабір азабын жоққа шығарған кейбір харижиттік және мутазилиттік бағыттардың ұстанымдарымен ұқсастықтар байқалады. Оның пікірінше, қабірде азап жоқ.
Хусейн Бадр ад-Дин әл-Хуси салафилердің адам қабірде қайта тіріліп, онда азап шегетіні, сондай-ақ қабірден жұмақ пен тозаққа апаратын екі есік ашылатыны туралы түсініктерін сынға алады. Сонымен қатар ол жұмақ пен тозақтың Қиямет күніне дейін жаратылмағанын және олардың жаратылу үдерісі ақыретте аяқталатынын айтады. Сондай-ақ оның көзқарасы бойынша, жанға азап берілмейді. Ал Қиямет күнінің басталуы мен белгілері, қайта тірілу, махшарға жиналу, амалдардың таразыға тартылуы және есеп беру мәселелерінде Хусейн қозғалысының ұстанымы Әһли сүнна уәл-жамаға және басқа да бірқатар исламдық бағыттардың сенімдерімен сәйкес келетін тұстары бар. Хусейн Бадр ад-Дин әл-Хуси «Уақиға» сүресіне жасаған тәпсірінде: «Уақиға – Қиямет күні. Ал Қиямет күні – ақиқат, оған күмән жоқ», – деп жазады.
Ал күнәһарларға ақыретте шапағат жасалу мәселесіне келгенде, Бәдр ад-Дин әл-Хусидің көзқарасы Әһли сүнна уәл-жамағаның ұстанымынан ерекшеленеді.
Әділеттілік мәселесінде Бәдр ад-Дин әл-Хуси қабілеттілік пен діни міндеттемелердің арақатынасына қатысты Жәһмия және Ашғари мектептерінің ұстанымдарына қарсы пікір білдіреді. Оның пайымдауынша, бұл мектептер міндетті болмаған нәрсені міндеттеу мүмкіндігін мойындайды.
Ал Құдайдың зұлымдық пен әділетсіздікті жаратуы мәселесінде Бәдр ад-Дин әл-Хусидің ұстанымы мутазилиттердің көзқарасымен үндесіп, Әһли сүнна уәл-жамағаның осы мәселедегі түсінігінен ерекшеленеді. Сол сияқты, адамның іс-әрекеттерін жарату мәселесінде де хусит қозғалысының ұстанымы мутазилиттердің көзқарасына жақын деп айтуға толық негіз бар.
Бәдр ад-Дин әл-Хусидің имамат пен халифат туралы көзқарастарынан имамат билігі Хасан мен Хусейннің ұрпақтарына тиесілі болуы керек деген ұстанымда. Имамға қойылатын талаптар жөнінде ол: «Имам өз дәуіріндегі адамдардың ішіндегі кемелдік қасиеттері ең жоғары тұлға болуы керек», – деп жазады. Сондай-ақ бұл ұстаным бойынша, ең ізгі әрі лайықты тұлғаның имамдығын мойындамау құпталмайды.
Бәдр ад-Дин әл-Хусидің еңбектері мен оның ұлы Хусейн әл-Хусидің ілімдерін талдау олардың сахабаларға, сондай-ақ Әбу Бәкір мен Омар ибн әл-Хаттаб бастаған алғашқы халифаларға қатысты көзқарастарын анықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Бәдр ад-Дин әл-Хуси Әбу Бәкірдің халифа болып сайлануын Омар ибн әл-Хаттабтың қателіктерінің бірі ретінде бағалайды. Сонымен қатар ол Әбу Бәкірдің Омар ибн әл-Хаттабты өзінен кейінгі мұрагер етіп тағайындауын да сынға алып, мұны Омардың жауапкершілігімен байланыстырады. Оның пікірінше, мұндай саяси шешімдер мұсылман үмметі кейіннен тап болған қиындықтарға себеп болған.
Мәһдиге деген сенім мәселесінде Хусейн Бәдр ад-Дин әл-Хусидің көзқарастарына Ирандағы Ислам революциясының жетекшісі Рухолла Хомейни ұсынған идеялардың ықпалы болғаны туралы пікірлер кездеседі. Хомейнидің саяси-құқықтық тұжырымдамасы «Уилаят әл-фақиһ» (фақиһтың билігі немесе қамқорлығы) қағидатына негізделген. Бұл тұжырымдама он екі имамдық шииттік дәстүрдегі ғайыптағы имам Мұхаммед ибн әл-Хасан әл-Мәһди туралы сеніммен байланысты. Сонымен қатар «Әл-Мәжд» телеарнасы көрсеткен деректі фильмде кейбір зерттеушілер Хусейн Бәдр ад-Дин әл-Хусидің шиит авторы Әли әл-Курвани әл-Әмилидің «Аср әз-зухур» атты еңбегінен көптеген мәлімет алғанын, Иранға барып, Құм қаласында шамамен екі ай болғанын мәлімдеген. Олардың айтуынша, еліне оралғаннан кейін ол аталған кітапты таратып, ізбасарлары арасында кеңінен насихаттаған. Дегенмен, бұл мәліметтерді тәуелсіз дереккөздерінен көре аласыз.
«Жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю» қағидатына қатысты хуситтік көзқарастарды сипаттағанда, қозғалыстың кейбір өкілдері қарулы күресті осы міндетті жүзеге асырудың бір тәсілі ретінде қарастырғаны айтылады. Сондай-ақ кейбір дереккөздерде қаруды мұсылмандарға қарсы қолдануға жол беріледі деген ұстанымдар келтіріледі. Алайда мұндай пікірлерді бүкіл қозғалысқа телу үшін олардың нақты авторын, айтылған контекстін және дереккөздің сенімділігін тереңірек зерттеуді талап етеді.
Хуситтердің саяси көзқарастарын, әсіресе халықаралық саясатқа және АҚШ пен Израильге қатысты ұстанымдарын қарастырғанда, Хусейн Бәдр ад-Дин әл-Хусидің бұл екі мемлекетті «Ұлы Шайтан» деп атағаны байқалады. Иранға қатысты ол елді исламдық мемлекет әрі үлгі тұтуға болатын саяси күш ретінде бағаласа, Сауд Арабиясын басқыншы держава ретінде сипаттайды.
Хусейн әл-Хусидің ұрандары, сөйлеген сөздері мен саяси көзқарастарында Рухолла Хомейнидің идеяларымен және ұстанымдарымен ұқсастықтарды айта аламыз. Ал қозғалыстың алғашқы буынының өкілдері, соның ішінде Бәдр ад-Дин әл-Хуси, зайдилік діни ілімді терең меңгерген тұлғалар ретінде сипатталады. Олардың ғылыми мұрасы мен зайдилік дәстүрге қатысты көптеген еңбектердің сақталуы осы діни-интеллектуалдық негізді көрсетеді. Ал кейінгі буын өкілдерінің қызметінде саяси мәселелер мен билікке қатысты тақырыптардың маңызы арта түскені байқалады. Бұл өзгеріс Хусейн әл-Хуси мен Абдулмәлік әл-Хуси сияқты қозғалыс жетекшілерінің сөздерінен, сондай-ақ олардың саяси ұстанымдарынан көрінеді. Олардың риторикасында әскери қақтығыстар, қарсылас күштермен күрес және қозғалыстың саяси мақсаттары елеулі орын алады.
Қорытындай келгенде, Хусит қозғалысының еңбектерін саяси мүдделер мен алдын ала қалыптасқан ұстанымдардың ықпалынсыз, бейтарап әрі объективті түрде зерделеп, бағалау қажет деп санаймын. Сонымен қатар осы еңбектерде көрініс тапқан кейбір діни сенімдер мен көзқарастардың мұсылман қауымында кең таралған түсініктерден және Әһли сүнна уәл-жамағаның ұстанымдарынан ерекшеленетін тұстарын ғылыми негізде көрсету арқылы жастардың діни сауаттылығын арттыру маңызды.
Жастарға ықпал ететін хуситтік ақпарат құралдарының мазмұнын сыни тұрғыдан талдау және оларда насихатталатын зорлық-зомбылыққа бейім идеялардың алдын алу қажет. Осы орайда жастарды өмірді бағалауға, бейбітшілік пен қоғамдық жауапкершілік қағидаттарын ұстануға үндейтін, олардың рухани және зияткерлік дамуына ықпал ететін мұсылмандық ақпарат құралдарын дамыту маңызды. Сондай-ақ исламдық құндылықтарды насихаттау мен мұсылман қоғамының болашағына қатысты мәселелерді жауапкершілікпен талқылауға басымдық берілуі тиіс деген ойдамын.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
«Qamaqor-Astana» қоғамдық қорының теолог маманы,
PhD








