Бұл – ұстаз бен әке арасындағы даналықты, бала тәрбиесіндегі терең жауапкершілікті көрсететін өте ғибратты оқиға.
Кішкентай Фатих Сұлтан Мехмет сыныпта бір сәтте тыныш отырмайтын: алдында отырған балаларға қалам сұғып, айқайлап тиісе беретін. Ал ұстазы Ақшемседдин ескерту жасаса: «Маған ештеңе деуге қақың жоқ, мен падишахтың ұлымын!» – деп сес көрсететін.
Ақшемседдин мұндай тентектіктен әбден шаршағанымен, қолынан келер қайран болмай шарасыз еді. Бұл мәселемен падишахтың алдына баруға да қысылатын. Сұлтанға өз баласын шағымдану ойының өзі оған ауыр тиетін. Бірақ, ақыры бір күн тәуекелге бел байлап, падишахтың құзырына барды да, болған жайтты жүрексіне отырып баяндап берді.
Падишах бұл сөзді естіп, біраз ойланып отырды да, өзінің ғажайып жоспарын Ақшемседдиннің құлағына сыбырлады. О, Жаратқан-ай, бұл не деген жоспар еді! Мұны іске асыру мүмкін еместей көрінді. Ақшемседдин бұл ұсынысқа тосырқап, қарсылығын білдіргенімен, падишах оны тыңдамады: «Айтқаным болады!» – деп кесіп айтты.
Ертеңінде сабақ үстінде Фатих Сұлтан Мехмет тағы да тентектік жасай бастады. Ақшемседдиннің кезекті ескертуіне баяғы сесін көрсетіп жатқан сәтте, кенеттен есік айқара ашылып, ішке падишах кіріп келді.
Бұл тосын жағдайды көрген Ақшемседдин кейіс білдіріп, падишахқа айқайлап жіберді де, бетінен шапалақпен тартып жіберді! Ол сыныпқа мұндай рұқсатсыз кіруге болмайтынын, алдымен рұқсат сұрауы керектігін айтып, дереу сыртқа шығуын талап етті.
Сұлтан істегеніне өкінгендей мойнын бұрып, кешірім сұрады да, ақырын сыртқа шығып кетті.
Болған оқиғадан Фатих Сұлтан Мехметтің тілі байланып, не істерін білмей сасып қалды. Арқа сүйер, сенген әкесінің өзі ұстаздан шапалақ жеді! Кішкентай Фатихтың бүкіл дүниесі асты-үстіне түсті…
Көп ұзамай есік ақырын қағылып, падишах ішке кішіпейілділікпен кіріп, кешірім сұрады. Жоспар мүлтіксіз іске асқан еді…
Осы оқиғадан кейін Фатих Сұлтан Мехмет ешқашан тентектік жасамады. Өйткені ол сенген асқар тауының өзі еңкейгенін көрген еді…
Міне, Ақшемседдиннің құлағына сыбырланған ұлы жоспар! Міне, бала тәрбиесіндегі шынайы даналық! Олардың тәрбиесі мен біздің тәрбиенің айырмашылығы осындай…
Зор билік иесі болған падишах перзентінің дұрыс тәрбиесі үшін көз жұмбай, ұстаздан шапалақ жеуге де тәуекел еткен еді…
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ











