Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен Хатшылықтың XXIV отырысы өтті. Оның жұмысына 20 елден келген әлемдік және дәстүрлі діндердің, халықаралық ұйымдардың 30-дан астам беделді өкілі, сондай-ақ 20 елден келген мемлекеттік және қоғам қайраткерлері.
Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаһандық бейбітшілік қозғалысын құру жөніндегі бастамасының маңыздылығын атап өтті. Оны жүзеге асыруда діни көшбасшыларға және өзара түсіністік пен сенімді нығайтудың маңызды құралы ретіндегі рухани дипломатияның әлеуетіне ерекше рөл беріледі. Осыған байланысты серіктестермен бірлесіп қозғалыстың тұжырымдамалық негіздерін әзірлеу және оны халықаралық деңгейде ілгерілету жөніндегі алдағы қадамдарды айқындау ұсынылды.
XXIV отырыс Съездің даму тарихындағы жаңа практикалық кезеңге жол ашты. Съезд институттары аясында алғаш рет діни лидерлердің қазіргі заманның басты жаһандық сын-қатерлеріне қатысты ортақ ұстанымын айқындайтын, нақты тәжірибеге бағдарланған бірлескен құжаттар қабылданды.
Отырыстың басты нәтижесі ретінде Астана бейбітшілік декларациясы – 2025 құжатын одан әрі дамыту мақсатында әзірленген екі бірдей халықаралық құжат қабылданды:
жаңа технологияларды қолдану барысында адамның қадір-қасиетін, ар-ождан бостандығын, адам жауапкершілігін және рухани автономияны сақтау басымдығын бекітетін «Діни салада жасанды интеллекті пайдаланудың этика кодексі»;
экологиялық жауапкершіліктің, табиғатқа жанашырлықпен қараудың және келер ұрпақ алдындағы парыздың ортақ құндылықтарына арналған алаң қалыптастыратын «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» құжаты.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқармасының төрағасы Гүлсана Қожабай климаттық күн тәртібі және діни салада жасанды интеллектіні пайдалану этикасы жөніндегі құжаттарды таныстырды. «Жасанды интеллект көмекші құрал бола алады, бірақ рухани беделге айналмауы тиіс. Моральдық жауапкершілік әрқашан адамның өзінде қалады», — деп атап өтті Гүлсана Қожабай. Ол сондай-ақ Съездің ерекше миссиясы бүгінгі таңда болашақ ұрпақтың өміріне ықпал ететін шешімдерге адамгершілік және рухани өлшем енгізу екенін атап өтті.
Отырыстың тағы бір маңызды түйіні — Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен бастамасы саналатын Жазылмайтын дертке шалдыққан бала құқықтары хартиясының таныстырылуы болды. Аталған құжат жазылмас дертке ұшыраған балалардың қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауға, оларға мейіріммен қарап, қажетті медициналық әрі психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге, отбасына қолдау білдіруге, сондай-ақ баланың рухани және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескеруге бағытталған.
Осылайша, XXIV Хатшылық алғаш рет Съездің үш өзекті бағыты — жасанды интеллект этикасы, экологиялық жауапкершілік және ең осал санаттағы балалардың қадір-қасиетін қорғау бойынша халықаралық практикалық бастамалар кешенін қалыптастырып отыр.
Қабылданған шешімдер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен VIII Съезд қатысушылары атап өткен бастамаларды халықаралық деңгейде іс жүзінде жүзеге асыруға тың серпін беріп, діни лидерлер, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара ықпалдастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қабылданған шешімдердің практикалық бағыттылығын әлемнің жетекші діни институттарының өкілдері қолдады. Мұсылман ақсақалдары кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдельсалам ортақ құндылықтарды келісуден оларды іске асыру тетіктеріне көшу қажеттігін атап өтіп, жасанды интеллект этикасы, адам қадір-қасиетін қорғау және ар-ождан бостандығы салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударды. Англикан қауымдастығының өкілі епископ Джо Бейли Уэллс климат пен жасанды интеллект жөніндегі құжаттарды іс жүзінде жүзеге асыруға баса назар аударуға шақырды. Ол бұл сын-қатерлер ұлттық және конфессиялық шеңберден шығатын кең ауқымды ынтымақтастықты талап ететінін атап өтті.
Пікір алмасу барысында қатысушылар Съездің рухани дипломатияның халықаралық тетігі ретіндегі рөлі артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Бұл алаң діндер мен мәдениеттер арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, өзекті жаһандық мәселелерді шешудің практикалық тәсілдерін де қалыптастырады.
Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімінің төраға орынбасары, протоиерей Игорь Выжанов Съезд бен Халықаралық орталықтың қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша діни қауымдастықтардың келісілген ұстанымдарын қалыптастыратын диалог алаңы ретіндегі маңызын атап өтті.Қытай діни делегациясының басшысы, Қытай буддистер қауымдастығы төрағасының орынбасары Цю Шуан климаттық жауапкершілік, жасанды интеллект этикасы және жазылмайтын аурулары бар балаларды қорғау мәселелерін діни көшбасшылардың адам қадір-қасиетін, бейбітшілік пен орнықты болашақты қамтамасыз етудегі ортақ жауапкершілігімен байланыстырды.
Қабылданған құжаттарды негізгі халықаралық мінберлерде, соның ішінде БҰҰ-да, жаһандық климаттық және технологиялық форумдарда, сондай-ақ діни ұйымдар, сараптамалық құрылымдар мен өзге де халықаралық серіктестер арасында ілгерілету көзделіп отыр.
Алдағы кезеңде, яғни 2027 жылғы 6 қазанда Хатшылықтың мерейтойлық XXV отырысы өтеді. Ал 2028 жылы Съездің 25 жылдығына орай Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IX Съезі ұйымдастырылады.
Алдағы іс-шаралар Съездің қолға алған практикалық бағдарын жалғастырып, аясын кеңейте түспек, сондай-ақ, бұл қадамдар оның бейбітшілікке, адамның қадір-қасиеті мен келешек алдындағы ортақ жауапкершілікке сүйенетін рухани дипломатияның тұрақты халықаралық тетігі ретіндегі мәртебесін одан әрі бекіте түседі.









