БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы үкімет әскерлері мен хуситтер арасындағы қақтығыс жалғасып жатқан Йемендегі жағдайға қатысты жазбаша мәлімдеме жариялады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) қарулы қақтығыстар жалғасып жатқан Йеменде 200 мыңнан астам адамның үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын хабарлады.
ХКҰ Йемендегі жағдайға байланысты жазбаша мәлімдеме жариялады. Елде үкіметтік күштер мен хуситтер арасындағы қақтығыс жалғасып жатыр.
Құжатта: «Йемендегі қақтығыс басталғалы бері жалпы саны 201 217 адам үйлерін тастап, басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп келеді, соған сәйкес гуманитарлық қажеттіліктер де артып отыр. Ал аса мұқтаж жандарға көмек көрсетуге қажетті ресурстар алаңдатарлық жылдамдықпен таусылып барады», – делінген.
Мәлімдемеде дағдарыстың ушығу қарқыны алаңдатарлық деңгейге жеткені атап өтіледі. ХКҰ деректеріне сәйкес, қыркүйек айының ортасында елдегі қоныс аударғандар саны 76 мың адам болған. Айдың соңына қарай бұл көрсеткіш 145 мыңнан асып, қазіргі уақытта 200 мыңнан жеткен.
Мәлімдемеде ХКҰ бас директоры Эми Поуптың сөзі келтірілген:
«Адамдар өз өмірін аман алып қалу үшін қашып жатыр. Алайда олардың паналайтын қауіпсіз жер табуы қиын. Қазір оларға баспана, азық-түлік және қауіпсіздік қажет. Біздің командаларымыз жергілікті жерлерде жұмыс істеп жатыр, бірақ қажетті қаржы жетіспейді. Донорларды дереу әрекет етуге шақырамын», – деді ол.
Поуп әрбір кешігу адам өліміне әкеліп соғатынын атап өтіп:
«Йемен ұмыт қалған дағдарысқа айналмауы керек. Әлемде көмек көрсетуге мүмкіндік бар және сол мүмкіндіктерді дереу пайдалану қажет», – деді.
Йеменде соңғы күндері Иран қолдайтын хуситтер мен үкіметтік күштер арасындағы қақтығыс әсіресе Таиз аймағы мен Баб әл-Мандеб бұғазы маңында күшейді.
Үкімет әскерлері хуситтердің ілгерілеуін тежеу мақсатында «Йемен таңы» операциясын бастады. Ал Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы операцияға әуеден қолдау көрсетіп отыр.








