Тәуелсіздікті жариялаумен қатар келген діни ақпараттық соғыстың зардабын енді ғана мойындағандай болдық.

Атеистік қоғамнан шыққан Қазақстан экономикалық тоқырауда тұрмыстық мәселелерді реттеуге күш салды. Жанұямды «Бүгін қалай тойдырсам екен» деп жүрген ата-ана мұңы «балалары немен айнылысады, кімдермен достасып жүргенін» қадағалауға мұрсат болмады.

Бұл көрінбейтін жасырын топтардың сасық пиғылына оңтайлы жағдай жасады. Қазақстан жастарына мейлінше бауырмашылдық, жанашырлық сезімдерін көрсете отырып өз діни жақтастарына алып кетіп жатқанын байқамады да. Шетелге оқуға шақырып, тегін білім алуға мүмкіндік жасады. Жан бағу қиын заманда ата-аналары мұны жеңілдік әрі жақсылықтың нышаны деп ойлады. Жылтырағанның бәрі алтын емес, тегін ас тек қақпанда ғана болатынын жоқшылық ұмыттырған болатын.

Мүфтиятты алғаш құрған Ратбек қажы Нысанбайұлы бастапқы жылдары-ақ бұл қауіптің алдын алу шараларын қамдануға шақырды. Жастарды шетелге діни білім алуға жіберуге болмайтынын, салт-дәстүрімізге, дәстүрлі дінімізге қарама-қайшылықтар, қақтығыстар туындайтынын ескертті. Бірақ оны түсінуге халықтың мұрсаты болмағаны рас.

Ратбек қажы Нысанбайұлы осы саланың алғашқы әрі дәстүрлі дін саласының маманы ретінде көрсетуге тұрарлық адам екенін айта отырып, әлі де ол кісіден тәжірибе алмасудың қажет екенін дінтанушы, исламтанушы мамандар сезінсе екен.

Арабстан, Иран, Түркия, Өзбекстан секілді елдерге кеткен жастар діни сауаттылықтарын сол елдің ұстаздарынан үйренді. Ескерілмеген мәселе дінді түсіну мен қолданудағы ұлтық дәстүр танымы болатын. Ол елдің мамандарының үйреткен ислами дәрістері сол жерге ғана бейімделгенін жастар қайдан ажыратсын.

Шетелге діни сауаттылықты арттыру үшін алғаш өз елінің салт-дәстүрін жетік меңгеруі тиіс еді. Отыз бес немесе қырық жастан асқан мамандарға тән қасиет болатын. Жиырмаға толмаған жастарымыз алғашқы діни сауаттылығын түрлі елде үйреніп оралғаннан соң ғана діни тәрбиеде ақау кеткені байқалды.

Ас жиындарда туындаған мәселе, қойылған сұраққа неше діни маман отырса соншалық түрлі жауап берілетін болды.

Қазаққа жергілікті елдің алауыздығын тудырмай, ақ-қарасын ажырататын маманның қажеттілігі арта түсті. Қазақ халқының ұяң биязы тәрбиесінде дінге, Құдайға тіл тигізуден қорқатын мінезі басым еді. Бірақ күн санап діни алауыздықтар артқан сайын дінге деген сенім құрметі сейіліп келеді. Осы тұста исламтанушы мамандар бір жүйеге түспесе, халық діни имандылықта тоқыруға ұшырауы әбден ықтимал. Ауруын жасырғысы келетін мамандар көп. Ол оң шешім емес. Бүгінде «не істейміз, қалай реттейміз» деген өзекті де шешуші кезеңде тұрмыз.

Дәстүрлі ислам жолындамыз деп айтатын азаматтар кімдер екеніне тоқталайық.

Ата-аналары балаларының, жастардың діни ұстанымдарында салт-дәстүрге қарама-қайшылық барын сезгенде «мен көрген дәстүрлі ислам діні сенің дініңнен бөлек» деп секем алды.

Бүгінде мешітке бес уақыт намазға келушілер арасында имамнан ерекшеленіп намазға тұратын жастар көбейген. Кей мешіттерде тым басымдылық байқалады. Бұл түрлі намаз үлгісінен мешіт имамының жұмысына қаншалықты жауапты атқарғанына көрсеткіш ретінде қарауға болады. Енді ғана намазға қосылғандардың күдікпен сұрақ қоюы заңдылық.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Әшірбек МҮМІНОВ: Қолжазбаны сатып алсақ та сақтап қалайық

Әлбетте мешіт өкілінің жауабы біреу: «Олар теріс ағымдағылар, біз дәстүрлі ислам ұстанушылармыз». Дәл осы жауапты мешітте керісінше намаз оқыған өкілдерге қойсаң: «Біз таза ислам жолын ұстанамыз, мешіт молдалары өкімет ығында адасқандар. Құранды бұрмалап, ақиқатты айтпайды» деген мағынада сөз естиді.

Мұндай екі алуан пікірді алған мешітке жаңадан ғана келген адам не түсінді, қандай шешімге келеді? Екі ой ортасында теңселіп қалмау үшін талдау жасап берген жөн.

Жат ағымдардың дәстүрлі исламнан ерекшеліктері неде? Мешітте ерекше намаз оқтитын топтардың ұстанымы қандай?

Мешіт бекіткен жауапты имам намазға отырса, олар тұрады. Имам намазға тұрса, олар керісінше отырып алады. Өздерін салафи жамағаты санайтын топ өкілдерінің белгісі. Имам намазды аяқтай бере сыртқа шығып кетеді. Белгісіз ұстаздары имамның сөзін естіп сауаты ашылмау және өз уысынан шығармау үшін әдейі жасалған жобаға ұқсаттым.

Киім киюдегі ерекшеліктері. Намазға келгенде киімдерімен ерекшеленіп тұруға тырысады. Салафи-уахаби бағытындағылар шолақ балақпен келсе, түрік жастары галустук пен тақия киіп келеді.

Жеке топ құру. Біздің топ Алланың алдында ең таза әрі адал сенімдеміз, өзгелері адасты деген сенім қалыптастыруда. Бұл әдіс барлық діни топтарда кездесетін ортақ белгі. Басшылыққа жаны құмар жастарды тауып сен осы он, жиырма адамның топбасшысы Алланың сүйікті жетекшісі болдың деп мансап ұсынуға қызықтыруында.

Ширк термині. Қазақтың салт-дәстүрі, кез келген діни рәсімі Арабиядан естіген, үйренген ислам дінінде қарастырылмаған барлық қазақы жоралғы Аллаға серік қосу болады деп қоғамға жиіркеніш туғызу. Бұл салафи жолындамыз дейтін топқа тән болып келеді. Сахабалар олай жасамады, онда біз де жасамаймыз деп түсінеді. Алдымен салт-дәстүрдің ширк екеніне сендіру.  Ширк Алланың ешқашан кешірмейтін жолы, адасу деген Құран үкімімен соттай салады. (Ниса-48)

Намаз оқыңдар деген Құран сөзіне құлақ аспағандарды кәпірге айналдыру. Кімде болса, ата-анасы, бауыры немес жақын достары болса да намаз оқымаса ол кәпір деп сендіреді (Бақара-238). Бұл Такфири жамағатына тиесілі ереже. Құранда кәпірлермен достаспаңдар деген. Осы әдіспен жастар ата-анасымен бірге дастарханда отырудан шектеле бастайды. (Ниса-89).  Келесі аятта кәпірлерді көрген жерде өлтіріңдер де, мал-мүлкін тартып алып иелік етіңдер деген сөзді естуі жағып барады.

Тек бір Алладан ғана көмек сұрау. Осы бір сөзбен жастарды қоғамнан біржола шектеп, қақпанына оңай түсіре алады. Бұл такфири жамағатында жиі кездесетін әдіс. Тек жақтастарынан көмек алса, ол серік емес. Өзге кез келген жерден көмек алу серік қосу дегенді санаға байлап қояды.

Тек қана біздің ұстаз құдайдың сыйы, ең дұрыс ғалымғ өзге кез келген имам, ұстаз бәрі түгел адасқан. Бұл өте көп діни топтарда кездесетін айла. Оларды тыңдау шайтанды тыңдау, бұрынғы күнәһар надандыққа оралу болады деген ойды саналарына құяды.

Мырзахмет ЖҮЗЕЙ,

филосфия магистрі,

дінтанушы, PhD докторанты

Пікір жазу