Өткен мақалаларымызда шетелдіктердің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы ойлары, сондай-ақ шығармалары озық классикалық еңбектер арасына кірген кемеңгерлердің бірі – Й. Гётенің Исламға деген сүйіспеншілігі жайлы жазған болатынбыз.

Бүгінгі мақаламызда әйгілі француз мұхит зерттеушісі, өнертапқыш әрі фотограф Жак-Ив Кустоның Исламға деген қызығушылықтары туралы сөз қозғамақпыз.

Жак-Ив Кусто (Jacques-Yves Cousteau) 1910 жылы 11 маусымда Францияда дүниеге келген. Ол екі мәрте Оскар сыйлығына ие болған кинорежиссер. «Капитан Кусто» (Commandant Cousteau) ретінде танылған оның теңіз бен су астына деген қызығушылығы ерекше болған.

Төрт жасында жүзуді үйренген. 13 жасында өзінің жинаған ақшасына кішкентай камера алып, фильм түсіре бастайды. Ж. Кусто 1936 жылдан бастап теңіз асты әлемін зерттеген сайын оның кереметтілігіне қатты қайран қалады. Зерттеуші үшін ол бір басқа әлем, бір басқа ғажайып дүние еді…

Капитан Кусто канадалық инженер Эмиль Ганьянмен бірігіп 1943 жылы алғаш рет акваланг ойлап тауып, тексеруден өткізеді. 1951 жылы «Калипсо» (Calipso) атты кемені сатып алып, су түбінде көп уақыт қалу үшін кейбір құралдарды жетілдіреді.

Әлемнің барлық теңізінде зерттеулер жасаған капитан, теңіз асты әлеміне арналған фильмдер түсіріп, кітаптар жазды. 1953 жылы жарияланған алғашқы «Le Monde du Silence» (Үнсіздік әлемі) кітабы 22 тілге аударылып, 5 млн-нан аса данамен сатылған. Сондай-ақ, үлкен аквариум мен музейлер құрған.

1957 жылы Монако мұхиттану мұражайының директоры болып тағайындалды. 1961 жылдың 19 сәуірінде Вашингтон қаласында АҚШ президенті Д.Ф. Кеннеди Капитан Кустоны Ұлттық географиялық қоғамның алтын медалімен марапаттайды. 1985 жылы Президент Р.У. Рейганның «Азаттық медаліне» ие болды.

Капитан Кусто туралы алғаш рет түрік баспасөз беттерінде 1982 жылдың мамыр айында «Зафер» (Zafer) журналы оның Ислам дінін қабылдағанын жариялайды. Артынша, кейбір басқа баспасөз ұйымдары бұл хабардың растығына көз жеткізеді.

Алайда, бұлардың кейбірінің пікірінше Кусто, Құранның мұғжизалығы мен Алланың сөзі рас екенін мойындағанын, бірақ дінін ауыстырмағанын алға тартады. Сонымен қатар, оның Ислам дініне үлкен құрметпен қарайтынын да тілге тиек етеді.

Бір газеттің мәліметінше, Францияда католик дінінің ең үлкен дәрежесі (мақам) саналған Париж Архиепархиясы былай баяндаған: «Капитан Кусто, мұсылман болған және дүниеден өткен ұлының қайғысын Ислам діні арқылы сейілтуге тырысқан»[1].

Cол уақытта Түркияда үлкен қызығушылық тудырған теледидар бағдарламалары «теңізге саяхат» арқылы танылған Капитан Кустоның қасиетті Құранды мойындауына себепші болған оқиғаны былай түсіндіреді: «1962 жылы неміс ғалымдары Аден шығанағы мен Қызыл теңіздің шектескен Менден (Menden) бұғазында Қызыл теңіз бен Үнді мұхитының бір-біріне араласпайтынын анықтаған».

«Бұған байланысты біз де Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің суы бір-біріне араласып-араласпайтынын зерттей бастадық. Алдымен, Жерорта теңізінің өзіне тән жылылығы, тұздылығы мен тығыздығы бар жанды нәрселерін анықтадық. Дәл осындай зерттеуді Атлант мұхитында да жасадық».

«Екі су массасы бірнеше жыл Гибралтар бұғазында шектесетін. Бұл жағдайда екі су массасының араласу нәтижесіндегі тұздылық, тығыздық секілді элементтері бірдей немесе ұқсас болу керек еді.

Болмаса екі теңіздің де ең жақын аймағының өзінде теңіз суы өз қасиетін сақтап қалатын еді. Яғни, екі теңіздің шектесу нүктесінде бір су кедергісі, екі теңіз суының бір-біріне араласпауына бөгет қойған еді!».

Бұл жағдайды француз дәрігер-гастроэнтеролог, профессор Морис Бюкайға (Maurice Bucaille) жеткізгенімде, ол: «Бұған таңырқаудың еш қажеті жоқ. Ол Исламның қасиетті кітабы – Құран Кәрімде бұл анық жазылған», – деді. Расында да бұл жағдай, қасиетті Құранда ап-анық баяндалған екен»[2].

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы латын әліпбиінің рөлі

Бұл тақырыпқа байланысты аяттардың мағынасы былай еді:

Алла Тағала «Рахман» сүресінің 19-20 аяттарында: «Екі теңіз қосылған, бір-бірімен шектеседі. Бірақ, араларында бір-бірімен араласпайтын (Алла тарапынан) бір перде бар» делінсе, ал «Фұрқан» сүресінің 53-аятында: «Ол, құдіретті Алла екі теңізді (немесе екі өзенді бір-біріне көрші әрі жақын) тоғыстырған. Біреуі – тұщы, шөліңді қандырса, екіншісі – ащы әрі тұзды. Араларында құдіретті бір дуал және бір-бірімен араласпауға кедергі перде қойылған».

Профессор М. Бюкайдің бұл сөздері Капитан Кустоны қатты таңдандырып, Құранда айтылған бұл аяттарды асқан қызығушылықпен оқығаннан кейін: «Заманауи ғылымның 14 ғасыр бұрын Құранда баяндалғанын, мен Алланың кәләмына шаһадат етемін»[3] дейді.

Құран Кәрім – капитан Кустоны мойындатқан сансыз мұғжизаларға толы қасиетті кітап. Бұлардың анықталуы көптеген Капитан Кустоның иман-сеніміне әсер етеді демек…

Сондықтан «Хаят» (Hayat) журналында тақырыбымызға байланысты жазылғандарға сенбеу – біз үшін мүмкін емес нәрсе. Онда былай делінген: «Күн мен түннің орнауында ғаламшарларды көру және күнделікті өмірде кездесетін көптеген тылсым табиғи жағдайларға дейін ғаламда болып жатқан әрбір оқиғаның Құран Кәрімде айтылғанын жеткізу – әсіресе, мұны Батыс ғалымдарының анықтауы оғаш нәрсе емес пе?!» Қалай ойлайсыз?

Ара-тұра бұқаралық ақпарат құралдарында мұсылмандықты дін ретінде таңдаған, қабылдаған шетелдік ғалымдардың хабарымен бетпе-бет келуіміздің негізгі себебі де осы. Алайда, мұндай хабарлардың бізге қалдырған әсері тіпті басқаша… Бірақ, бір ақиқаты бар…

Капитан Кустоны қайран қалдырған шындықтар алдымен не үшін бізді қайран қылмады деп ойланып көрдік пе? Шынтуайтында, Капитан Кустоның мұсылман болуы мен оған бұл ақиқатты қабыл еткізген аяттардың 1400 жыл бұрын түсірілген Құран Кәрімде орын алуы да назар аударарлық. Бұл – ие болған құндылықтарымыздың қадірін біле алмауымыздың да оғаш бір мысалы..!

Жан Ив Кусто 1997 жылы 87 жасында көз жұмған. Оның өзі құрған «Кусто қоғамы» мен оның Франциядағы «Кусто командасы» әлі күнге жұмыс істеп келеді.

 

[1] «Гүнеш» (Güneş) газеті, 4 маусым 1983 жыл.

[2] «Гүнеш» (Güneş) газеті, 9 маусым 1983 жыл.

[3] «Зафер» (Zafer) журналы, №65.

Пікір жазу