Қазақ даласының жер атаулары тек картографиялық белгілер емес. Олар халықтың тарихпен, діниятпен, ата-баба рухымен символ-нышаннама арқылы жасаған өзіндік тілдесу арнасы. Кей атаулар жеңіс пен жеңілісті, тағы бірі табиғат пен тіршілікті бейнелейді. Ал енді біреулері рухани тұлғаның ізін, руханиятқа адалдықтың кодын мәңгіге сақтап жатыр. Арыс қаласы аумағындағы Бақырша елдімекеніде, міне, дәл осындай топонимге жатады.
Монтайтас маңындағы мекен
Бақырша – Түркістан облысы Арыс қалалық әкімдігіне қарасты Монтайтас ауылдық округі құрамындағы шағын ауыл. Арыс қаласынан оңтүстікке қарай 32 шақырым жерде орналасқан. Жүзге жуық қана тұрғыны бар. Бірақ Қожа Ахмет Ясауи мұрасы тұрғысындағы маңызы жағынан басқа ауылдарға қарағанда үлкен мәнге ие десек, артық айтқандық емес.
Неге?
Әсілінде, Арыс аймағы – ежелден тіршіліктің қыж-қыж қайнаған ортасы. Бұл жерлер Сырдария алабының қойнауында, Исламның Қазақстан топырағына енген қақпасының дәл түбінде орналасқан. Түркістан, Сайрам, Отырар сынды ірі діни орталықтарға жақын жатқан бұл маңда мұсылманшылық ерте дамыды, рухани жетекшілер мен қайраткерлер де аса мол болды. Сондықтан бұл жерде де бір кезде сондай киелі адамның тіршілік етуі тарихи заңдылық.
Зікір салған кісі
Ел аузындағы аңызға бергісіз әңгімелерге сүйенсек, ертеректе осы өңірде ерекше бір қарт әулие өмір сүрген. Оның тыныс-тіршілігі халық жадында айқын сақталған. Ақ есегіне мініп, далада жүретін. Бұқараның амандығын тілеп, ел тыныштығын Алладан сұрап, жария зікір салатын болған. Тек мінәжат-дұға мен зікір ғана емес, оның рухани сезімталдығы да ерекше болған. Құдайдың берген бір қасиеті, елге төніп келе жатқан қауіп-қатер, тіптен, дауыл мен жаңбырды күні бұрын сезіп, көпшілікке алдын ала зікір салып жеткізетін.
Халқымыздың дәстүрлі түсінігінде мұндай қасиет Жаратқанға жаққан жанның белгісі. Тақуалықтың, үзіліссіз зікірдің, жүректің тазалығының жемісі.
Қарияның нақты аты-жөні бөлек болған. Алайда ауыл адамдары оны өз атымен атамай кетті. Оның зікір салып, ұдайы хуқайлап айқайлап бақырып жүретініне қарап, ел ол кісіні «Бақырауық ата», «Бақырғыш ата», «Бақырша ата» деп кеткен. «Бақыру» – айқайлау, дауыстап зікір салу. Осы бір қарапайым бейнелі атау оның бүкіл ғұмырлық сұлбасын, бүкіл рухани портретін ұстап қалды.
Зікірдің Ислам дәстүріндегі мәні
Бақырша атаның тағылымын толық түсіну үшін зікірдің Ислам дәстүріндегі орнын білу керек.
Зікір – Алла тағаланы іштей немесе жария түрде риясыз сөзбен, яғни жүрек қалауымен еске алуды білдіретін ғибадаттың бір түрі. Бір сөзбен айтқанда, Алланы үздіксіз есте ұстау. Оның есімдерін тілде, жүректе жаңғырту. Бұл практика көңіл-жүректен, сөзбен және дене қимылы арқылы үш түрлі жолмен орындалады. Құран Кәрімде де: «Раббыңның атын (үнемі) жадыңда ұстап, (күндіз-түні) аузыңнан тастамай зікір ет әрі Оған жан-тәніңмен бет бұр» делінген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) болса зікірді «ең сауабы мол» деп сипаттаған. Сопылық дәстүрде зікір – рухани жолдың өзегі, Аллаға жақындаудың ең тікелей жолы.
Әсілінде, Алланы еске алу – уақыт, жағдай, орын таңдамайды. Тұрып та, отырып та, жатып жантайып та атқарыла береді. Жаратушыға жағымды әрбір амалға өлшем мен шектеу қойылған, тек Хақты еске алып жад етудің ғана шегі жоқ. Бақырша ата да күнделікті тұрмыста дауыстап, айқайлап зікір салған. Бұл сопылық тәжірибеде жариялы «зікір жаһр» деп аталатын ашық ғибадаттың нышаны. Орта ғасырлардан бері Таяу Шығыс, Қапқаз, Орта Азия мен Қазақстан даласында кең тараған бұл тәжірибе Қожа Ахмет Ясауи мектебінің ықпалымен гүлденді. Әзіреті Ясауи баба:
«Ей, ынсапсыз, дүние – жалған, Хаққа қайтқын,
Пенде болсаң, Хақ зікірін жатпай айтқын, – деп өсиет айтқан. Тиісінше, Ясауия жолы да дала жамағатына Ислам дінін жеткізудің бірегей арнасы болды. Сол арнаның тамшысы Бақырша атаның тіршілігінде де көрінеді.
Халықтың тілдегі ризашылығы
Бақырша ата сол өңірде өмір кешті, халқына риясыз қызмет етті, елдің рухани тіршілігінің ұйытқысына айналды. Ол кеткен соң да халық оны ұмытқан жоқ, керісінше, табанының ізі қалған мекенге оның атын берді. Ол төңірек «Бақыршаның ауылы» деп атала бастады. Уақыт өте ол атау тілде жұп-жұмыр болып ұйып, «Бақырша» болып орнықты.
Мұнда атаудың туу заңдылығы айқын көрінеді. Халайық өзі қадірлеген, өзі сыйлаған аяулы жанды ұмытпас үшін оның атын жерге таңбалайды. Бұл ескерткіш тұрғызудан да терең нәрсе. Ескерткіш тозады, бірақ жер атауы тіршіліктің өзімен бірге жасайды. Ауыл аталған сайын, адресте жазылған сайын, жол сілтегенде айтылған сайын Бақырша ата тәлімі мен естелігі де жалған фәни тірлігіне оралып тұрады.
Топонимдердегі рухани із
Бақыршаның тарихы жалпы бір маңызды заңдылықты тағы бір рет дәлелдейді: кей елдімекендер мен топонимдердің уәждеме-негіздемесінде әулиелердің есімі мен қайраткерлігі жатады.
Бұл тек Бақырша ауылына тән жағдай емес. Қазақстан топонимикасында мұндай атаулар баршылық. Айталық, Бабата – Ысқақ бабтың есімінен. Темір – жан тәсілім еткен тақуа әміршінің ізінен. Ал мұндағы «Бақырша» –жатпай-тұрмай зікір салған қарияның дауысынан. Бұл атаулардың барлығы да бір нәрсені анық айтады. Халық қаласа, өзі сүйген рухани тұлғаны жер атауымен де мәңгілендіреді.
Ислам дінінің Қазақстанға таралу тарихы – тек сарайлар мен мешіт-медреселердің тарихы десек, бір жақты болар. Ол осындай Бақырша сынды аталардың да тарихы. Атқа мінбей, жаулап алмай, тек зікір салып, бата-фатиқасын беріп, ел-жұртымен бірге жасаған руханият иелерінің тарихы. Олар Исламды жүрекке зорлықпен емес, мейірім-шапағат, қызметпен һәм уәзипамен сіңірді.
Қорытынды
Бақырша ауылының атауы – бір кезде осы далада ақ есегімен зікір салып жүрген, ел басына туар күн мен дауылды алдын ала сезген, елінің амандығы, заманның тыныштығын Алладан тілеген тақуа қарияның рухани мұрасы. Жай топоним деуге ауыз бармайды. Мәлім болғандай, Жасаған ие құлдарына Өзін еске алуды бұйырды әрі ол үшін қымбат сый уәде етті. Бұл сый – Алла Тағаланы еске алғанның әрбірін Алланың Өзі еске алуы болса, халқы да әулиені әлі күнге ауыл атауы түрінде жадында жаңғыртып жалаулатып келеді. Ой саларлық-ақ жайт!
Өкінішке қарай оның шын есім-сойы ұмытылды. Нақты қай дәуірде жасағанын шамалап та ешкім айта алмайды. Анығы – Ясауи заманынан кейін, жаңа заманға дейін! Дегенмен ғұмыр-тіршілігі ұмытылмады. Түркі-қазақ оны «Бақырша ата» деп атады, ал мекенді – оның атымен атауды абырой көрді. Сол атау бүгін де ресми айналымда жүр. Айтылған сайын ол қарияның зікірі сол даланың үстінде тағы бір рет ара жасап, хуқайлап, сілкіндіріп өткендей болады.
Жер атаулары – халықтың рухани паспорты. Бақырша – соның бір беті. Солай емес пе? Қалай ойлайсыз?
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ









