Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва және Белуджистан провинцияларында жүргізілген бірнеше операция барысында қауіпсіздік күштері терроризмге қатысы бар деген күдікке ілінген 24 адамды жойды. Қарулы қақтығыстар кезінде төрт әскери қызметші де қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Пәкістан Қарулы күштері баспасөз қызметінің мәліметінше, Солтүстік Вазиристан ауданында 16 адам, оның ішінде Ауғанстанның екі азаматы өлтірілген. Әскери операциялар Мир-Али, Датта-Хель және Али-Хель аудандарында жүргізілген. Қақтығыс орындарынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылған.
Ал Белуджистан провинциясының Колпур ауданында жұмадан сенбіге қараған түні өткен операция кезінде тағы сегіз күдікті, оның ішінде жанкешті жойылған.
Бұдан бөлек, содырлар қаруланған квадрокоптерлерді пайдаланып, әскери патрульге шабуыл жасаған. Салдарынан Белуджистанда екі әскери қызметші қаза тапты. Солтүстік Вазиристандағы қарулы қақтығыстар кезінде тағы екі сарбаз көз жұмған.
Пәкістан әскері шабуылдарға жауапты топтар Үндістанның арнайы қызметтерінің қолдауына ие деп мәлімдеді. Алайда бұл айыптауларға қатысты тәуелсіз растау келтірілмеген.
Әскерилердің хабарлауынша, «Азм-е-Истехкам» ұлттық терроризмге қарсы науқаны аясында операциялар жалғасады.









