Сұрақ: Исламдағы жақсылық жасаудың орны қандай?
Жауап: Алланың ризашылығына апатарын амалдардың бірі – жақсылық жасау. Ол үшін ерекше мүмкіндік немесе үлкен қаражат керек деп пайымдау дұрыс емес. Адам жақсылыққа ниеттің түзулігімен, еңбектенуімен, рухани даму және айналасына пайда келтіруімен жетеді.
Адамның жылы сөз сөйлеуі, мұқтаж адамға көмектесуі, үлкенге құрмет көрсетуі, кішіге қамқорлық жасауы жақсылықтың қарапайым көріністерінен. Осындай кіші игі амалдар адамның жүрегіне үміт, жылу сыйлап, қоғамда сенім мен сыйластықтың дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.
Шынайы ниетпен істелген үлкен-кіші игі амалдарда сауаптар бар. Жақсылықтың адамға қайта оралуын да ескерген жөн. Себебі жақсылықтың қарымтасы – жақсылық. Бүгінгі таңда адамдардың бір-біріне уақыт бөлуі азайып бара жатқан уақытта, кіші жақсылықтың өзінде үлкен сауап бар. Адам әрбір істі шынайы-ізгі ниетпен бастауы, істеген жақсылығы үшін қарымта немесе мақтау күтпеуі, жаман ойлардан, көреалмаушылықтан алыс болуы қажет.
Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Кім бір жақсылыққа жол көрсетсе, сол жақсылықты істеген адаммен тең сауап алады», деген. Демек, адамның жақсылығы жаманды қайтарып, жақсылыққа жол ашады екен.
Икрам АЙТАЕВ









