Бүгінде ел «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды. Ағайын жақында отырып тістескен, алыста отырып кісінескен» дегенді көп айтатын болды. «Ағайыншылықтан береке де кетті» деп жүргендер бар? Шындығында солай ма?
Осы мақалдарды шығарған қазақтың басқа да оң сөздерін неге ұмытамыз, осы!
Әлқисса, оңтүстік жұртшылығының Кентауында бұған өмірден алып айтатын бір ғибратқа толы үлгісі бар. Оның ұзын-ырғасы былай:
…Қадымда Қаратау күнгейіндегі Шаштөбе мекенінде екі аға-іні өмір сүріпті. Әке-шешеден ерте айырылған жетімдердің үлкені үйленеді. Қызметтері диқаншылық, өнімді жерлерге бидай егіп, диірмен тартады. Өмірі осылайша өте береді. Бірде астықты жинап жатқан кезде мынадай оқиға болады.
Жетімдіктің ауырлығын әбден көрген үлкен аға: «Мен үйлі-жайлымын, інім әлі үйлену керек, оған мен көмек беруім керек», – деген оймен өзінің астығынан оның қырманына он қап бидайын қосып қояды.
Түннің екінші бөлігінде оянған інісі: «Ағам бала-шағалы, оларды бағуға мен көмек беруім керек», – деген оймен өз үлесінен ағасының астығына он қаптай бидай алып барып қосып қояды.
Бұл жағдай бірнеше рет қайталанады. Ағайындардың бір-бірлеріне мейірімділігінен Алла тағаланың құдіретімен олардың екеуіне де береке дарып, үйлері астыққа толып кетеді. Зор бай-бағыландыққа жетіп, абыройлы һәм табысты болады.
P.S. Ағайын – ағайынның айнасы. Ағайының көп болса қоғам бол, бірің оған, бірің бұған бол! Бұдан артық қандай насихат керек!
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ










