Мақтаарал аграрлық колледжінің студенттерімен жастардың діни және ақпараттық сауаттылығын арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, сондай-ақ этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесуге Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Тұрсынханов, Түркістан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы М. Салиходжаев, аудандық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы А. Жолдасов қатысты.
Іс-шара барысында жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру, деструктивті діни идеологиялардың ықпалынан сақтану және олардың қоғамға тигізетін кері әсерінің алдын алу мәселелері қозғалды. Мамандар мұндай ағымдардың белгілері, жастарды өз ықпалына тартуда қолданатын тәсілдері және күмәнді діни ақпаратты ажырата білу жолдары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Теолог маман интернет пен әлеуметтік желілердегі діни мазмұндағы ақпаратты қабылдау кезінде мұқият болуға шақырып, діни мәселелер бойынша сенімді және ресми дереккөздерге жүгінудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ белгісіз тұлғалардың уағыздарына, шығу тегі анық емес бейнероликтер мен аудиоматериалдарға сын көзбен қарау қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында интернет кеңістігіндегі жауапкершілік мәселесіне де назар аударылды. Жастарға заңнама талаптарын сақтау, тыйым салынған материалдарды таратпау, әлеуметтік желілердегі ақпараттың шынайылығын тексеру және күмәнді контентті өзгелерге жолдаудан аулақ болу жөнінде түсіндірілді.
Сонымен қатар этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесі кеңінен талқыланды. Әртүрлі этнос өкілдерінің өзара құрметі мен бірлігі қоғамдағы бейбіт өмір мен тұрақтылықтың маңызды негіздерінің бірі екені атап өтілді. Әлеуметтік желілерде кездесетін арандатушылық сипаттағы жазбалар мен жалған ақпараттардың қоғамдағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін екені түсіндірілді.
Мамандар Мақтаарал аграрлық колледжінің студенттерін қоғамдағы татулық пен келісімді сақтауға, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеуге, ақпаратты саралап қабылдауға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға шақырды.
Кездесу соңында студенттер діни ағымдардың ерекшеліктері, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік, күмәнді діни ақпараттарды анықтау және этносаралық қарым-қатынас тақырыптарында сұрақтар қойып, мамандар тарапынан жан-жақты жауаптар алды.
Осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың діни, құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға, деструктивті идеологиялардың алдын алуға және қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға бағытталған.






