Діни экстремизм туралы сөз болғанда, көпшіліктің көз алдына бірден қару асынған, күш қолдануға дайын адамдар елестеуі мүмкін. Алайда экстремизмнің қауіптілігі оның сыртқы көрінісінен әлдеқайда тереңде жатыр. Ол кейде адамның санасына байқатпай сіңген бір ойдан, орынсыз күмәннан, бұрмаланған түсініктен немесе әлеуметтік желідегі бір ғана видеодан басталуы мүмкін.
Адам санасында әуелі белгілі бір көзқарас қалыптасады. Ой сөзге, сөз әрекетке ұласқанда ғана оның салдары көзге көріне бастайды. Сондықтан діни экстремизмнің алдын алу тек қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етумен шектелмеуі керек. Оның алғашқы белгілерін дер кезінде танып, адамды теріс идеологияның ықпалынан сақтандыру маңызды.
Діни экстремистік идеологияның басты қаупі – адамның дүниетанымын біртіндеп өзгертуінде. Мұндай идеология жақтаушыларын «біз» және «олар» деп бөлуге, өзге көзқарастағы адамдарды жау санауға, қоғамнан оқшаулануға итермелеуі мүмкін.
Әсіресе әлеуметтік желілердегі қысқа бейнероликтер, аудиожазбалар мен эмоционалды жазбалар бұл үдерісті жылдамдатады. Өйткені интернеттегі ақпараттың барлығы бірдей сенімді емес. Діни терминдерді пайдаланып, қоғамдағы мәселелерді біржақты түсіндіретін, өшпенділік пен төзбеушілікті ақтайтын контент адамның ойлау жүйесіне кері әсер етуі ықтимал.
Бір қарағанда зиянсыз көрінген контенттің өзі уақыт өте келе адамның өмірлік ұстанымдарына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан кез келген діни ақпаратқа сын тұрғысынан қарап, оның авторын, мақсатын және мазмұнын тексеру – қазіргі заманның маңызды талабы.
Діни экстремизмнің зардабы тек оған тартылған адамның өзімен шектелмейді. Оның салқыны отбасына, туған-туысына, достарына және тұтас қоғамға тиеді.
Теріс идеологияның ықпалына түскен адам жақындарынан алыстап, бұрынғы ортасымен қарым-қатынасын үзуі мүмкін. Ата-анасының сөзін тыңдамау, достарынан бөліну, қоғамның барлық институттарына күдікпен қарау сияқты өзгерістер бір күнде пайда болмайды. Олар біртіндеп қалыптасады.
Сондықтан отбасының рөлі ерекше. Балаға діни тақырыпта сұрақ қоюға мүмкіндік беру, оның пікірін тыңдау, күмәні мен мәселесін бірге талқылау – алдын алудың маңызды тетігі. Үйдегі сенімді қарым-қатынас баланың сырттан келген күмәнді идеяға тәуелді болып қалуына жол бермеуге көмектеседі.
Адамның сөзі – үлкен күш. Тіл арқылы жақсылық жасауға да, біреудің жүрегіне жара салуға да болады. Сол сияқты араздық пен өшпенділікті қоздыратын сөздер қоғамның тыныштығына сызат түсіруі мүмкін.
Діни экстремистік идеологияда сөздің осындай қуаты жиі пайдаланылады. Белгілі бір ұлтты, дінді немесе әлеуметтік топты кемсіту, өзге адамдарды жау ретінде көрсету, зорлық-зомбылықты ақтау – қауіпті идеологиялық ықпалдың белгілерінің бірі.
Сөзден басталған араздық әрекетке ұласса, оның зардабын қалпына келтіру әлдеқайда қиын. Сондықтан экстремизмнің алдын алу дегеніміз – ең алдымен өшпенділік тілінің таралуына жол бермеу.
Діни экстремизм қоғамның ішкі бірлігіне де елеулі қауіп төндіреді. Әртүрлі дін өкілдері мен әлеуметтік топтардың арасында түсініспеушілік туындаса, қоғамдық келісім әлсірейді.
Тұрақтылық – өздігінен пайда болатын құбылыс емес. Оның артында заңға құрмет, өзара сыйластық, діни сауаттылық және азаматтық жауапкершілік тұр. Сондықтан діни көзқарастардағы айырмашылықты қоғам мүшелерін бір-біріне қарсы қоюдың құралына айналдыруға болмайды.
Зайырлы мемлекетте әр азаматтың ар-ождан бостандығына құқығы бар. Бірақ бұл құқық заң талаптарын бұзуға, өзге адамның құқығын шектеуге немесе қоғамда өшпенділік қоздыруға негіз бола алмайды.
Діни экстремизммен күрес тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес. Бұл – отбасының, мектептің, діни бірлестіктердің, қоғамның және әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Жастардың діни сауатын арттыру, интернеттегі ақпаратты талдай білу қабілетін қалыптастыру, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және қоғамда ашық пікір алмасуға жағдай жасау маңызды.
Ең бастысы – жас адамды қорқытып емес, түсіндіріп тәрбиелеу. Күмәнді ақпаратты көргенде бірден сенбей, дереккөзін тексеруге; түсініксіз діни мәселе туындағанда білікті маманнан сұрауға үйрету қажет.
Өйткені экстремизмнің тамыры кейде көзге көрінбейтін жерде – адамның санасында жатады. Ал сананы қорғаудың ең сенімді қалқаны – білім, сыни ойлау, дұрыс тәрбие және қоғаммен берік байланыс.
Тыныштықтың қадірін оны жоғалтқан кезде емес, бар кезінде түсінген жөн. Діни экстремизмнің алдын алу да дәл осыдан басталады: өшпенділіктің алғашқы ұшқыны тұтанбай тұрғанда оған тосқауыл қоюдан.
Себебі бейбітшілікті сақтау – біреудің ғана міндеті емес, баршамызға ортақ жауапкершілік.
Е.Ерғалиұлы








