Ең алғаш Мүфтияттан бұйрық алып, имам болып тағайындалып келген кездерім.Мешітте отырғанымда, басына ақ орамалын таққан аққұба, өңді апай кіріп келді. Өзін таныстырған соң, есепші екенін айтып, жұмыссыздықтан әкімшілік мешітке жібергенін айтты. Мәрия апаймен алғашқы танысқаным осылай басталды.
Сол күннен бастап, бірлесіп жақсы жұмыс істесіп кеттік. Мәрия апай мешіттің тазалығын да бірге жасады. Мешіттің ішін тап-таза қылып ұстап, әдемі гүлдерді ыдыстарға отырғызып, мешіттің ішін гүлдендіріп қоятын.
Ауданға ең алғаш имам болып келгендіктен, Мәрия апаймен, ақсақал молдалармен ақылдасып, мешітке түсетін қаражатты бір тәртіпке салу үшін, типографияға барып квитанция жасатып, молдалардың барлығы өзімнен бастап түскен садақаларды мешітке өткізіп отырдық.
Молдаларға өткізген қаржысынан еңбекақы тысында пайызын беріп отырдық. Ол кезде маған ақылшы, көмекші болып Жұмаш ата, Нұрмұхамбет ата, Ісләм ағалар молдалық жасады.Жастардан бірінші болып Амангелді молда қосылды. Жас балалардан Ринат пен Медет деген балалар жұмалықтарға барып жүрді.
Қызметіміздің ең алғашқы күнінен бастап, мешітте шәкірттер оқыттық. Ең алғашқы шәкірттеріміз – Болат, Талғат, Алтынгүл, Жанар, Нисагүл болды. Олар кейіннен Мерке, Луговой медреселерінде білімдерін жалғастырды. Сондай-ақ мешітімізде Қайырбек аға күзетші болып жұмыс істеді.
Аудандық мешіт болып, аудан көлеміндегі барлық кеңшар молдаларын шақыртып, ауданда емтихан алып, куәлік бердік. Сол кезде мешітімізге бастарына тымақтарын, үстеріне тондарын киген, ақсақалды, иманжүзді Ханнаби молда, Ахат молда, Нияз молда, Қанапия молда, Шәріпхан молда, Әділхан молда, Қажыкен молда, Еренбақ молда,Қозыкен молда, Мырзахмет молда, Қабдрахым молда, Әшімхан молда сынды ақсақалар бас қосты.
Ақсақалдармен танысу сөзімде:
«Құрметті ақсақал молдалар!
Сіздерден емтихан алатын біз емес. Сіздер бір-бірлеріңізден емтихан алып, керек жерлеріңізді жөндеп алыңыздар.
Біздің негізгі мақсатымыз – совет өкіметі кезінде сіздерді қудалап, зейнетақыларыңызды қыйып, салық салды. Ал, біз болсақ, сол кезден осы күнге дейін дінімізді жалғастырып келе жатқан еңбектеріңііз үшін Сіздерге алғыс айтып, ресми түрде молда деген куәлік беріп, ардақтау ниетіндеміз», деп айттым. Бұл сөзді естіген ақсақал молдалар өте қуанып, баталарын берді.
Осы жиыннан кейін сегіз кеңшардағы молдалармен тығыз жұмыс істесіп кеттік.
Есепшіміз Мәрия апай әр кеңшар мешітіне есепші сайлауға көмектесіп, олармен жақсы байланыста болды.
Мәрия апай мешітке түскен қаражатқа аса ұқыпты, адал еді.
Айтпақшы, ол кезде жыл сайын Мүфтиятқа есеп беру үшін Алматыға баратын едік.Алматыда Мәрия апайдың қайнысы Қадылбек аға мен Айжан апайдың үйіне тоқтаушы едік. Ол отбасы ерекше қонақжай адамдар болып, туыстай болып кеттік.
Мәрия апайдың Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында 4 жыл бойы халықты ұйымдастырып, «Байжігіт баба» мешітін салуда ерекше еңбегі сіңді. Бір тиынды шашау шығармай, есебін жасап отырды.
Мешіттің құрылысына көмек жинау үшін мешіттің намазхан апаларымен, Қайша апай, Сара апа, Рахима апай, Шолпан апай, Салкен апай, т.б. бәрімен белсене атсалысты. Тіпті әр кеңшардағы ата-апаларымыз да мешіт құрылысына көмек жинады.
Осы арада ауылымыздың әкімі Шәріпхан аға мен мешіттің құрылыс басшысы болған Кеңесхан ағалардың, сондай-ақ көмек жинаушы Жұмаш ата, Нұрмұхамбет ата, Слямбек ата, Ясин ата, Амангелді бауырымыздың еңбектерін ерекше айта кетуіміз қажет.
Осы көмек жинаған жандардың көбі дүниеден озып кетті.
Алла оларды рақымына бөлесін!
Осылайша, 1994 жылы басталған «халықтық мешіт құрылысы» 1999 жылы аяқталды.
1999 жылы қазан айында «Байжігіт баба» мешітінің ашылу салтанатына наиб-мүфти Асылхан қажы, облыстан зиялы қауым өкілдері, аудан халқы болып қатысып, үлкен той жасалып ашылды.
Алла еселеп-еселеп сауаптардан жазсын!
Мәрия апайдың жеке өміріне тоқталсақ, Шайланов Қабылбай аға екеуі отбасын құрады.Осы отбасында Толқын, Бауыржан, Ержан есімді үш бала дүниеге келеді. Қазір үшеуі де отбасылы, еліне адал қызмет етуде.
Мәрия Құдайгенқызы апайымыз 2016 жылы ақпан айында, біраз сырқаттан кейін дүние салды. Марқұмды арулаған адамдардың айтуынша, марқұм бетіне қан жүгіріп, жүзі нұрланып, жасарып, ерекше күйде болып жатыпты.
Иншалла, хадистерде келген иманды адамның белгілері көрініс тауыпты.
Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі оған болсын): «Адамдардың ең жақсысы – өзгелерге пайдалы болғаны», деп айтқан. (Табарани)
Алла Тағала апайымызды сол адамдар қатарынан болуға жазып, жанын жәннатта етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА







