Бір күні тағдыр жолы алты бейтаныс жанды бір жерде тоғыстырды. Олар бұрын-соңды бірін-бірі көрмеген, танымайтын адамдар еді. Алайда күтпеген жағдай оларды бір жерде аялдауға мәжбүр етті.
Мініп келе жатқан көліктері бұзылып, жол ортасында тоқтап қалды. Түн қараңғы, ауа райы қақаған аяз болатын.
Суықтан қорғану үшін бәрі бір оттың маңына жиналды. Жалғыз үміттері – сол әлсіз от еді. Бірақ оттың шоғы сөне бастады. Жалын бәсеңдеген сайын қараңғылық қоюланып, суық үдей түсті.
Отты маздату үшін жаңа отын қажет болатын. Бақытына қарай, әрқайсысының қолында бір-бір тал отын бар еді.
Бірақ… От басында отырған әйел қолындағы отынын тығып қойды. Өйткені айналасындағылардың бірі қара нәсілді адам екенін байқап қалды.
– Мен неге отынымды мынау үшін құрбан етуім керек? – деп ойлады ол.
Жанындағы адам да айналасына көз жүгіртті. Өз ұлтынан ешкімді көрмеді.
– Менің отыным бөтендерді жылытатын болса, бергеннен гөрі өзімде қалғаны жақсы, – деп шешті.
Ол да отынын қыса ұстап отырды.
Үшінші адам ауқатты жан еді. Өмір бойы молшылықта өмір сүрген. Қарапайым адамдармен бір оттың басында отырғанына іштей налып отырды.
– Мен өмір бойы ешкіммен байлығымды бөліскен жоқпын. Ендеше неге мына жалғыз отынымды өзгелер үшін жұмсауым керек? – деді. Ол да отынын отқа тастамады.
Төртінші адам кедей болатын. Ол қасындағы байға өшпенділікпен қарады.
– Осындайлар менің еңбегімді жеп, ақымды бермеді. Мен неге солар үшін от жағуым керек? – деді ішінен. Қолындағы отын сол күйі қалды.
Бесінші адам қара нәсілді еді. Ол өмір бойы көрген қорлығы мен кемсітушілігін есіне алып, айналасындағы ақ нәсілділерге өкпе-назын сақтап жүрген болатын. Қолындағы таяқ өзін қорғайтын жалғыз қаруы секілді көрінді оған.
– Мұны отқа тастай алмаймын, – деді.
Ал алтыншы адам ешқашан ештеңені тегін беріп көрмеген еді. Оған ата-анасы:
– Алған кезде ғана бересің, – деп үйреткен.
Сондықтан ол да қолындағы отынды отқа тастаған жоқ.
Таң атты.
Жолаушыларды іздеуге шыққандар әлгі жерден қорқынышты көрініске тап болды. Сөнген оттың күлінің айналасында қатып қалған алты адамның мәйіті жатты.
Әрқайсысының қолында әлі де отқа тасталмаған бір-бір тал отын бар еді.
Олардың қолдарын қарыған аяз емес еді…
Өзгені ойлауға көнбеген сараңдық қолдарын қатырып тастаған болатын.
Олардың жүректерін суытқан қыс емес еді…
Іштерінде «Өзгеге бергенің – шын мәнінде өзіңе қалғаны» деген ақиқаттың шуағы ешқашан туған емес еді.
Көздерін мұздатқан боран емес еді…
Олар өмір бойы өздерінен басқа ешкімді көріп үйренбеген еді.
Жүздеріндегі жылуды ұрлаған жел емес еді…
«Мен, мен!» деген тәкаппарлық қабығын жарып шыға алмай, мейірім мен жомарттықтың жемісін бермей шіріп кеткен еді.
Сырт көзге оларды өлтірген аяз сияқты көрінді.
Алайда шын мәнінде оларды өлтірген – іштеріндегі суықтық еді.
Өйткені адамның қолын беруден тежейтін сараңдық аяздан да суық.
Адамды өзімшілдіктің тұңғиығына итермелейтін немқұрайлылық түннен де қараңғы.
«Мен ғана!» деген менмендік ең қатал бораннан да қауіпті.
Ал өзгелерді көрмейтін пайдакүнемдік – ең суық қараңғылықтың өзі.
Барлық мұзды ерітетін жылы сөздерді Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) әлдеқашан айтып кеткен еді:
«Бермегенге бер!».
Қараңғылықты жарыққа бөлейтін сөздерді де Ол үйретті:
«Келмегенге өзің бар!».
Өзімшілдіктің тас қамалын қиратып, жүректерді жылытатын ақиқатты да Ол жеткізді:
«Жамандық жасағанға жақсылық жаса!».
Оларды өлтірген сырттағы аяз емес еді.
Оларды өлтірген – жүректеріндегі мейірімсіздік, көздеріндегі соқырлық, қолдарындағы сараңдық болатын.
Ал тірілуді қалағандар нағыз «оттың» қайда екенін түсінді.
Ол от – адамның жүрегін жылытатын иманның, жомарттықтың және бауырмалдықтың оты еді.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ











