Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Мағди Мақұлұлы: қайраткер һәм қази

12.05.2026
- Ислам, Таңдаулы
0
1
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

Алаш һәм дін қайраткері Мағди қажы Мақұлұлын көпшілік біле бермейді. Біле бермейтін себебі, ол жайында жазылған зерттеу жоқтың қасы. Алаштанушы ғалымдар Ербол Тілешов пен Дихан Қамзабек құрастырған «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығында ол жайында: «Мағди Мақұл – көрнекті дін және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының мүшесі, қазақтың алғашқы діни қазиларының бірі. Оның әзірше қай жылы туғаны белгісіз. Нақақ атылған уақыты, яки шейіт кеткен жылы – 1937 жыл. Саяси репрессия құрбаны. Ол Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. 1923 жылы Қазақстандағы діни істерді қадағалау Бүкілресей және Сібір орталық діни басқармасына (Уфа) тапсырылады. Мағди Мақұл осы басқармаға қараған қазақ қазиы болады», – деп жазылған.

Анықтамалықта «қай жылы туғаны белгісіз» белгісіз десе, «Книга памяти Республики Башкортостан» кітабында Мағдидің 1874 жылы дүниеге келгені көрсетілген. Ел ішіндегі деректерде оның 1905-1917 жылдары Қызылжар уезіндегі мешіттерде молда болғаны айтылады. Алайда нақты қай мешіттерде қызмет еткені әлі де зерттеуді қажет етеді.

Мағди Мақұлұлының есімі «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде кездеседі. «Айқап» журналының 1911 жылғы №5 санына «Қуандым журналыңды білгеннен соң…» деп басталатын арнау өлеңі жарияланған. Ал «Қазақ» газетінің №231 санында Мағди Мақұлұлының Біләл Малдыбаев, Әміржан Қалмұхамедов секілді азаматтармен бірге Қызылжар уездік қазақ комитетінің мүшесі болғаны жазылған. Ақпан төңкерісінен кейін билікке келген Уақытша үкімет Құрылтай жиылысы (Учредителный собрание) сайлауы өтетінін хабарлады. Сөйтіп еліміздің түкпір-түкпірінде сайлауға қызу дайындық басталды. Саяси науқан кезінде сайлаудың Қызылжар уезіндегі ұйымдастыру жұмыстарына мешіт имамы Мағди Мақұлұлы да атсалысты.

Мағдидің нақты қай мешіттерде имам болғаны әзірге белгісіз. Алайда Қызылжар мешітінің имамы болғаны жайлы дерек бар. «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы №19 және №20 сандарында Біләл Малдыбайұлының «Қызылжардан» деген хабары жарияланған. Біләл осы хабарында Қызылжар қаласында имамдар сиезі өткені жайлы айта келіп, осы сиезде «Талап» қауымы ұсынуымен Қызылжар уезінің ахуны және Қызылжар мешітінің имамы болып Мағди Мақұлұлының, ал оның орынбасары қызметіне Ысқақ Бердіқожиннің сайланғанын жазады. Сиезде сондай-ақ Жұмағали Тілеулин, Біләл Малдыбайұлы, Әлиасқар Қуанышев және Мағди Мақұлұлының жаңадан құрылған Игілік қауымына мүше болып сайланғаны айтылған. Осы хабардан-ақ Мағдидің елдік мәселелерге етене араласқанын байқаймыз.

Құрбан айт қандай мейрам?

Құрбан айт қашан басталады?

12.05.2026
Маңғыстауда екі мыңжылдық тарихы бар қала зерттеліп жатыр

Маңғыстауда екі мыңжылдық тарихы бар қала зерттеліп жатыр

12.05.2026

Көп ұзамай Мағди Мақұлұлы Қызылжар уезінің ахуны қызметінен Ақмола облысының қазиі дәрежесіне көтерілді. 1917 жылғы 25 сәуір мен 7 мамыр аралығында Омбы қаласында Айдархан Тұрлыбаевтың төрағалығымен Ақмола облысы қазақтарының сиезі өткені белгілі. Құрылтайға Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Омбы және Қызылжар уездерінен 250-ге жуық өкіл қатысты. Сиезде дін һәм оқу, Құрылтай жиылысы һәм әйел, азық, соғыс, жұмысшы, 25 маусым жарлығы, бостандық қарызы, жер, сот, халыққа зиянды мекемелер, земство, комитет, комиссариат, баспасөз, пошта, ақша мәселелері көтерілді.

Сиез жайында «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №230 санында: «Сиездің екінші күні көптің сынына, талқысына түскен дін мәселесі болды. Дін мәселесі туралы жасалған қаулы Орынборда болған қазақ сиезінің қаулысындай, айырмасы жоқ», – деп жазылды. Ал газеттің №234 санында Ақмолада өткен сиезге жайында: «Бұл сиездің қаулысын түгел жазбай, Торғай облысының сиезінен айырмасын ғана жазуды лайық көрдік.

1) Мектепте әйел балалар еркек балалардан бөлек оқысын.

2) Оқу-оқыту мәселелерін һәм оқу кітаптары жайын реттеу үшін Жалпықазақ сиезі жиылғанда айрықша бір комиссийаға тапсырылып, сол комиссийа бір жерде дайым қызмет ететін болсын.

3) Қазірден мұғалім жетістіру үшін Ақмола облысының қазағы медресе Ғалия, Ишмание, Расулие, Мұхамедие һәм Хұсайниеде 50 қазақ баласына стипендия ашсын.

4) Қазірден Ақмола облысындағы орта дәреже школдарда 50 қазақ баласына стипендия ашылсын.

5) Бойжетпеген қызды ата-анасы күйеуге бермесін, қыз сүйген кісісіне барсын. Қалыңмал һәм неке асы шариғат бойынша тексерілетін болып, мүфтиге қаралсын.

6) Бір ауылнай елде үш кісілік сот болсын.

7) Бостандық қарызына жазылуға қам қылсын», – деген хабар шықты. Сиездің басқа қаулылары Торғай сиезінің қаулысымен бірдей болды.

Жиын қорытындысы бойынша Ақмола облысының Қазақ комитеті құрылды. Комитет төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, мүшелері ретінде Асылбек Сыдықов, Сәдуақас Жантасов, Ерқосай Мұқышев, Бейсейіт Әділов, Ермұхамед Тоқбаев, Мағжан Жұмабаев, Төлебай Нұралин, Қазы Тұрманов сайланды. Мәскеуде өтетін мұсылман сиезіне Ақмола облысы атынан Мағжан Жұмабаев баратын болды. Сондай-ақ сиезде Ақмола облысының дін ісі Орын-бор мүфтилігіне қосылатыны айтылып, Мағди Мақұлұлы Ақмола облысының қазиі болып сайланды. 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында Екінші Жалпықазақ сиезі өткенде Уфадағы қазақ қазилары Ғұмар Қараш, Қайыршаһ Ахметжанұлымен бірге Ақмола облысының қазиі Мағди Мақұлұлы да арнаулы шақырту бойынша қатысты.

Ақмола облысының қазиі қызметіне кіріскеннен кейін Мағди қази өңірдегі діни ахуалды реттеуге, аймаққа қарасты молдаларды сайлауға атсалысты. «Сарыарқа» газетінің №83 санында Мағди қазидің 1919 жылғы 27 мамырда Омбыға барғаны, сонда жиылыс жасап, ол жиынға Омбыда тұратын қазақ рулары арасынан өкіл келіп молда сайлауға ризалығын білдіргенін, ақырында сайлауда көпшіліктің қолдауымен Зияуалдин Аллабергенұлының Омбы қаланың имамы болып сайланғаны жазылған.

Сондай-ақ Астана қаласының мемлекеттік архивінде Мағдидің Ақмола облысының қазиі болғанын растайтын тағы бір дерек бар. Ақмола губерниясының аштыққа ұшырағандарға көмек беру жөніндегі төтенше комиссиясының 1921 жылғы 15 қарашада Ақмола облысының қазиі Мағди Мақұлұлына хат жолдаған. Төтенше комиссия хатында қазидан өзіне қарасты өңірдің мұхтасибтері мен молдаларынан ел ішінен садақа жинау арқылы аштыққа ұшырағандарға көмек беруін сұраған. Әрине, дін адамдары аштық азабын тартқан жұртқа жәрдем бергені анық.

1920 жылғы 16-25 қыркүйек аралығында Уфа қаласында І Бүкілресейлік мұсылман сиезі өтіп, Орталық мұсылмандар діни басқармасы (ОМДБ) құрылды. Діни басқарма төрағасы, мүфти қызметі белгілі дін қайраткері Ризаитдин Фахретдиновке жүктелді. Араға үш жыл салып, 1923 жылғы 10-25 маусымда Уфада ІІ Бүкілресейлік мұсылман сиезі өтті. Сиезде Ризаитдин Фахретдинов ресми түрде басқарма төрағасы, мүфти болып сайланды. Сонымен қатар Кашаф Тәржімани, Зия Камали, Абдулла Сулейманов, Мағди Мақұлұлы және Мухлиса Буби Орталық мұсылмандар діни басқармасының мүшелері, қазилар болып сайланды. Сиезде сондай-ақ Діни басқарманың жарғысы жарияланып, көпшілікке таныстырылды. Жарғы бойынша әр үш жыл сайын құрылтай өткізіп, басқарма құрамын (бір мүфти мен алты қази) сайлап отыру міндеттелді. Жарғыға сай Ресейдің Сібір бөлігі һәм Қазақстанның дін ісі осы Діни басқармаға қарады. Қазақстанның қазиі міндетін атқару Мағди Мақұлұлына жүктелді.

1924 жылдан бастап мүфтилік жанынан «Ислам» журналы (Ислам мәҗәлләсе) шыға бастады. Журналдың редакторы ОМДБ төрағасының орынбасары, қази Кашаф Тәржімани болды. Журналға мүфти Ризаитдин Фахретдиновтің, сондай-ақ қазилар Жаһангир Абызгильдин, Мағди Мақұлұлы, Мухлиса Буби т.б дін қайраткерлерінің мақалалары жарияланып тұрды. «Ислам» журналында Мағди Мақұлұлының «Өзіміздің қазақ ұлтымызға бір-екі сөзім» (№2, қараша, 1924 жыл), «Орталық діни басқармаға қазақ халқының қатынасы» (№2, қараша, 1924 жыл), «Қазақстанда дін оқыту ісі» (№4, қаңтар, 1925 жыл), «Діни басқармаға Жетісу, Сырдария қазақтарының һәм Ойрат республикасында болған қазақтардың қатынасы» (№7-8, сәуір-мамыр, 1925 жыл), сондай-ақ Орал облысының мұхтасибі Қуанай Қосдәулетұлының «Қазақ дін қандастарымызға хитаб» (№1, 1925 жыл), «Әркәни исламия баянында» (№3, 1925 жыл), Тараз қаласының мұхтасибі Мүбашширхан Таразидің «Дін және насихат» (№3, 1925 жыл) секілді мақалалары жарияланған.

Осылардың ішінде Мағди қазидің «Қазақстанда дін оқыту ісі» мақаласы қоғамдық пікір қалыптастырды. Ол мақаласында қазақ халқын балаларын Ислам діні негізінде тәрбиелеуге, ауылдарда мешіт-медресе ұстап, сауатты діни мұғалімдер арқылы оқытуға үндеген насихат айтқан болатын. Мағдидің осы мақаласына Латиф Бекқұлов деген ноғай ақсақалы бірінші болып үн қосқан. Ол «Ислам» журналының 1925 жылғы №7-8 сандарына «Қазақтар туралы» деген мақаласын жариялап, Патша үкіметінің қазақты орыстандыру, дінінен және тілінен айыру саясатын сынай келіп, Мағди қазидің қазақ жастарын білім алуға шақыру насихатына қолдау білдірген.

Алайда Мағдидің жоғарыдағы мақаласына қатысты сын айтқандар да болды. Соның бірі – Нәзір Төреқұлов. Ол 1925 жылғы 23 шілдеде Қазақ атқару комитетінің хатшылары Сұлтанбек Қожанов пен Виктор Нанишвилиге Мәскеуден хат жолдап, қазақтарды Діни басқармадан ажырату қажеттігі туралы жазған. Нәзір хатында Уфадан шығатын «Ислам» журналы жайлы мәлімет бере келіп, Діни басқармадағы қазақ қазиі Мағди Мақұлұлының қазақ арасында діни оқуды жүргізу жөнінде белсенді үгіт жүргізіп жатқанын айтқан болатын.

Мағди Мақұлұлы Орталық мұсылмандар діни басқармасында жүрген кезінде қажылық парызын өтеді. 1926 жылы Мекке қаласында Дүниежүзі мұсылмандарының құрылтайы өткен еді. Тарихта «Мекке конгресі» деген атпен қалған құрылтайға Совет мұсылмандары да қатысты. Меккедегі жиынға баратын Совет делегациясының төрағасы Ризаитдин Фахретдинов, орынбасары Кашаф Тәржімани болды. Сонымен қатар делегация мүшелері ретінде Қырым мүфтиі Хаджи Мусляхиддин, Ташкент діни басқармасының төрағасы Абдулуахид Кариев, татар діндарларынан Тахир Ілияс, Астрахан діндарларынан Абдрахман Умеров, Қазақстан мұсылмандарынан Мағди Мақұлұлы, Мәскеу мұсылмандары атынан Мұса Бигеев таңдалды.

Мекке конгресіне Үндістаннан – 13, Совет одағынан – 8, Хижаздан – 7, Сириядан – 4, Түркиядан – 2, Йеменнен – 3, Суданнан – 2, Недждтен – 5, Явадан – 3, Ауғанстаннан – 3, Палестинадан – 4, Мысырдан – 8, сондай-ақ король Ибн Сауд шақыртқан басқа да дін қайраткерлері қатысты. Құрылтайда жыл сайын қажылық қарсаңында Ислам әлемі жиынын өткізу, мұсылман халықтарын ымыраластыру, діни-рухани байланыстарды арттыру, Мекке мен Мәдинадағы қасиетті орындарды қорғау, Меккеге келетін қажыларға жағдай жасау т.б. мәселелер қаралды. 1926 жылғы 7 маусымда басталған Мекке конгресінің жұмысы 5 шілдеде аяқталды. Хижаз королы Ибн Сауд Совет делегациясын арнайы қабылдап, жылы ілтипат көрсетті. Сондай-ақ жиын қажылық науқаны қарсаңында өткендіктен, Совет делегациясы қажылық парызын өтеді. Осылайша Мағди Мақұлұлы елге қажы болып оралды.

Мекке конгресінен кейін Ресейде кезекті мұсылман сиезі өтті. Негізінде бұл сиез мамыр айында өтуге тиіс еді. Алайда мүфти Ризаитдин Фахретдинов бастаған дін қайраткерлері Мекке конгресіне кеткендіктен, сиездің өтетін уақыты күз айына шегерілді. Сөйтіп 1926 жылғы 25 қазан мен 4 қараша аралығында ІІІ Бүкілресейлік мұсылман сиезі өтті. Сиезге Ресейдің ішкі өлкелері, Сібір және Қазақстаннан 437 делегат қатысты. Сондай-ақ Қырым мен Өзбекстаннан да қонақтар келді. Бұл Ресейдегі ең көп делегат қатысқан ауқымды жиын болды. Деректерде бір ғана Қазақстанның өзінен сиезге 132 делегат қатысқаны айтылады.

Жиында Мағди қажы Мақұлұлы мен Қуанай Қосдәулетұлы баяндама жасады. Зерттеуші Сергей Синенко «Мусульманское духовное собрание» кітабында бұл жайында: «Діни басқарманың №5 бөлімінің жұмысы туралы баяндаманы Мақұлов пен Қосдәулетов жасады. Бұл бөлімге Қазақстан, Түрікменстан және Қарақалпақстанда мұхтасибаттар ұйымдастыру міндеттелген болатын. Осы бағытта Мақұлов аталған өңірлерді аралағанын жеткізді. Ал Қосдәулетов өзінің қарттығын алға тартып, ешқайда бара алмағанын айтты», – деп жазады. Соған қарағанда Мағди Мақұлұлы тек Қазақстанның ғана емес, Түрікменстан мен Қарақалпақстанның да қазиі болған сыңайлы. Бұл да толығырақ зерттеуді қажет ететін тақырып болғалы тұр.

Сиездің соңғы күнінде мүфти сайлауы өтіп, делегаттардың басым дауысымен Ризаитдин Фахретдинов қайта сайланса, Кашаф Тәржімани, Зия Камали, Абдулла Сулейманов, Мухлиса Буби, Мағди Мақұлұлы және Құсайын Байгелді қази болып сайланды. Бұл Орталық мұсылмандар діни басқармасы тарихындағы соңғы сиез болды. Осы сиезден кейін дін қызметкерлерінің басына қара бұлт үйірілді. Себебі 1927 жылдан бастап Совет одағы дінге қатысты салқын саясат ұстанды. Мешіт-медреселерді жапты, дін адамдарын қудалды. Имам-молдалардың дін қызметін жүргізуіне тыйым салынды.

1928 жылғы 23 қаңтарда қазақ қазилары Мағди Мақұлұлы мен Құсайын Байгелдіұлы Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің төрағасы Михаил Калининге хат жолдап, Қазақстандағы ауыр діни ахуал жайында баяндады. Олар хатында 1917 жылғы Мәскеуде өткен мұсылман сиезінің шешіміне сәйкес, Қазақстанның дін ісі бойынша Уфадағы мүфтиятқа қосылғанын, алдымен қазақтың қазиі болып Ғұмар Қараштың, Орал облысы қазақтарының сиезінде Қайыршаһ Ахметжанұлының, Ақмола облысы қазақтарының сиезінде Мағди Мақұлұлының, Торғай облысы қазақтарының сиезінде Ғұбайдолла ишан Ешмұхамедұлының қази болып сайланғанын айта келіп: «Төңкерістен кейінгі кезеңнен бастап 1927 жылдың жартысына дейін Қазақстан мұсылмандарының діни істері жергілікті билік орындары тарапынан ешқандай кедергіге ұшырамай, тыныш жағдайда өтіп келді. Қазақ халқы бұған ерекше қуанып, Кеңес өкіметіне ризашылық сезімде болды. Алайда өткен 1927 жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстандағы мұсылмандардың діни істерінің қалыпты жүруіне кейбір кедергілер байқала бастады», – деп жазды. Сондай-ақ олар Діни басқарма атынан жолданған құжаттардың Қазақстандағы мұхтасибтерге жеткізбейтінін, аудандық мұхтасибтерді сайлауға рұқсат берілмейтінін, Қазақ жерінде дін ісін жүргізуге қарсылық барын, соның ішінде 1928 жылы Семей, Ақмола, Жетісу облыстарына іссапармен барған қазақ қазиі Құсайын Байгелдіұлына қысым жасалып, жұмысына кедергі келтіргенін айтқан болатын. Алайда билік тарапынан дін қызметкерлеріне жасалған қысым көбеймесе, азайған жоқ.

Тіпті Совет билігі мұсылмандар сиезін өткізуге де жол бермеді. Әсілінде, Орталық мұсылмандар діни басқармасының жарғысына сәйкес, 1929 жылы ІV Бүкілресейлік мұсылман сиезі өтуі тиіс еді. Алайда билік сиез өткізуді алдымен 1930 жылға ығыстырды. Бірақ 1930 жылы да, одан кейінгі 1931 жылы да сиез өткен жоқ. Сол себепті Орталық мұсылмандар діни басқармасы 1931 жылғы 30 қарашада Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің Төралқасына хат жолдап, сиез өткізуге тағы да рұқсат сұрады. Сонымен қатар хатта мұсылмандарға жасалып отырған қысым туралы да баяндалды. Атап айтқанда, бұрын мүфтилік жанында 153 мұхтасиб болса, соның жетеуі ғана (оның үшеуі Қазақ жерінде) жұмысын жалғап жатқанын, 34 мұхтасибтің – айдауда, 23-і тергеуде екенін, 24 мұхтасиб қызметінен бас тартып, 8-і өмірден өткенін, тағы 57-сі өз қызметін атқара алмай отырғанын жеткізді. Хатқа мүфти Ризаитдин Фахретдинов, орынбасарлары Кашаф Тәржімани мен Зия Камали, сондай-ақ екі қази Мағди Мақұлұлы мен Мухлиса Буби қол қойды. Алайда билік тарапынан ешқандай жауап болған жоқ.

1932 жылғы сәуірде Дін басқарма сиезді өткізуге рұқсат сұрап, Бүкілресейлік орталық атқару комитеті Төралқасына тағы да хат жолдады. Хатқа жоғарыда айтылған бес кісі қол қойды. Бұл хатқа да тиісті жауап берілмеді. 1933 жылғы мамыр айында төрағаның орынбасары Кашаф Тәржімани Бүкілресейлік орталық атқару комитеті Төралқасына хат жолдап, сиез өткізуге рұқсат сұрады. Оған да жауап болмағасын, 1933 жылғы тамыз айында мүфти Ризаитдин Фахретдинов, Кашаф Тәржімани, Зия Камали, Мағди Мақұлұлы мен Мухлиса Буби қол қойған тағы бір хат жолданды. Бұл хатқа да жауап берілмеді. 1935 жылғы мамыр айында Кашаф Тәржімани тағы хат жолдап, сиез өткізуді сұрады. Алайда Совет өкіметі мүфтиліктің өтінішін жауапсыз қалдырып, дінге қысым жасауды тіптен үдете түсті.

1936 жылы мүфти Ризаитдин Фахретдинов өмірден өтті. Көп ұзамай қазилар Кашаф Тәржімани, Зия Камали, Мағди Мақұлұлы және Мухлиса Буби қамауға алынды. Мағди қажы 1937 жылғы 28 ақпанда тұтқындалды. Оның ісі қылмыстық құжаттарда «ОМДБ ісі» («Дело ЦДУМ») деп аталады. Бұл іс бойынша Кашаф Тәржімани мен Мағди Мақұлұлы «контрреволюциялық панисламистік антисоветтік көтерілісшіл шпиондық-диверсиялық ұйымға жетекшілік етті» деп айыпталды. Сондай-ақ екеуіне «Қазақстанда Совет үкіметін күшпен құлатып, Жапонияның ықпалындағы буржуазиялық ұлтшыл мемлекет құрмақ болды» деген айып тағылды. Қазақ қазиі 1937 жылғы 22 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Мағди қажы Мақұлұлы Қазақстанның қазиі қызметін 1923 жылдан 1936 жылға дейін атқарды. Өмірінің соңына дейін дін үшін күресіп, сол жолда шейіт болды.

Серікбол ХАСАН

Таңбалар: Мағди МақұлұлыСерікбол Хасантарих
БөлісуТвитергеБөлісуБөлісу

Ұқсас мақалалар

VII–IX ғасырларға жататын түркі руникалық ескерткіштердің толық каталогы жарық көрді
Жаңалықтар

VII–IX ғасырларға жататын түркі руникалық ескерткіштердің толық каталогы жарық көрді

04.05.2026
Қазақтың әскери өнері қандай болған?
Қоғам

Қазақтың әскери өнері қандай болған?

17.03.2026
Тағы жүктеу

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Танымал тақырыптар

  • Өте маңызды өсиет

    245
  • Дарын Мубаровқа 865 мың теңге айыппұл салынды

    242
  • VIP қажылық ысырап емес пе?

    131
  • Тек ниет жеткіліксіз, амал қажет!

    111
  • БҚО: Байқоныс ауылында жаңа мешіт ашылды

    104

Соңғы жарияланымдар

Мағди Мақұлұлы: қайраткер һәм қази
Ислам

Мағди Мақұлұлы: қайраткер һәм қази

12.05.2026
Құрбан айт қандай мейрам?
Жаңалықтар

Құрбан айт қашан басталады?

12.05.2026
Маңғыстауда екі мыңжылдық тарихы бар қала зерттеліп жатыр
Жаңалықтар

Маңғыстауда екі мыңжылдық тарихы бар қала зерттеліп жатыр

12.05.2026
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00