Сауда-саттық жасау – мұсылманның күнкөріс көзі ғана емес, оның рухани болмысының бір бөлігі. Себебі нәпақа табу – жай ғана кәсіп емес, ол шариғат үкімдерін терең меңгеруді, адал мен арамның аражігін ажырата білуді талап ететін жауапты іс. Өйткені сауда-саттық – пайда үшін емес, Алланың разылығына сай өмір сүрудің бірегей жолдарының бірі.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
…وَأَحَلَّ اللَّهُ البَيعَ وَحَرَّمَ الرِّبا…
«…Алла сауда-саттықты адал, өсімқорлықты арам етті…», – деген («Бақара» сүресі, 275-аят).
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де саудамен айналысқаны жөнінде тарихтан мәлім. Сонымен қатар хазіреті Әбу Бәкір, Осман, Абдуррахман ибн Ауф сынды т.б. сахабалар үлкен дәрежедегі кәсіпкер адамдар болған. Имам Ағзам Әбу Ханифа да (Алла оны рақымына алсын) саудамен айналысып, жағдайы жоқ шәкірттеріне жәрдемдескен. Бұның барлығы – адал саудада береке-жақсылық бар екенінің көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
تِسْعَةُ أَعْشَارِ الرِّزْقِ فِي التِّجَارَةِ
«Шын мәнінде ырыстың оннан тоғызы – саудада», – деп айтқан (имам Бусыйри).
Имам Әбу Хамид әл-Ғазали өзінің «Ихияу улум әд-дин» кітабында саудаға қатысты былай деген: «Біліп қой! Сауда – әрбір мұсылманның (халал) нәпақа табу үшін білуі міндет болған ілім. Өйткені білім талап ету – әр мұсылманға парыз, ал бұл – табыс табуға қажетті білім. Кімде-кім осы ілімді үйренсе, түрлі сауда келісімдері мен мәмілелердегі қателіктердің және күмәнді жағдайлардың алдын алады. Ал егер бұл білімді үйренбесе, онда ол не нәрсенің харам, не нәрсенің халал екенін ажырата алмай, тыйым салынған істерге еріксіз тап болуы мүмкін».
Сауда, жалға беру, серіктестік, қарыз алу мен беру, алдын ала тапсырыспен сауда жасау (сәләм), өсім мен алдаудан сақтану бұлардың барлығы исламда нақты үкімдер мен шарттарға негізделеді. Мұсылман адам осы мәмілелерді үйренбейінше, саудасы шариғатқа сай болмауы мүмкін. Сондықтан сауда жасаудан бұрын қалай сауда жасау керектігін, келісімшарттардың дұрыс болуы, адал мен арамның аражігін ажырату – әрбір мұсылман үшін парыз. Ғалымдарымыз: «Адам тек қана адал табыспен өмір сүруі үшін, алдымен сауданың үкімдерін үйренуі керек», – деген.
Бір сөзбен айтқанда, саудагер – жай ғана кәсіпкер емес, ол – Алланың алдында жауапты тұлға. Егер ол адал ниетпен, шариғаттың шарттарын сақтап, шыншылдықпен сауда жасаса, оның кәсібі құлшылықпен тең болады.
Мұсылманның өмірінде адал ризық табу, еңбек ету, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті атқару – үлкен мәнге ие. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде адал ризық іздеудің маңыздылығы турасында:
طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ
«Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген (Бәйһақи).
Бұл хадис мұсылман адамның намаз, ораза сынды құлшылықтармен қатар күнделікті еңбегі мен табысының да адал болуы тұрғысында айтылған.
Сондықтан бұл тақырып – барша саудагерлерге, кәсіпкерлерге, қызмет көрсетуші мамандарға және адал табысқа ұмтылған барша мұсылманға арналады.
Бірінші: адал кәсіптің артықшылығы
Адам баласы күнделікті тіршілікте мал-мүлікке, табысқа мұқтаж. Ал сол табысты адал жолмен табу – әрбір мұсылманға міндет. Алла Тағала Құранда:
وَلَقَدْ مَكَّنَّاكُمْ فِي الْأَرْضِ وَجَعَلْنَا لَكُمْ فِيهَا مَعَايِشَ قَلِيلًا مَّا تَشْكُرُونَ
«(Уа, адамзат!) Расында, сендерді жерге орналастырып, сендер үшін көптеген тіршілік көздерін жасадық. Сонда да тым аз шүкіршілік етесіңдер», – деген («Ағраф» сүресі, 10-аят).
Аталмыш аятты Ибн Касир өзінің тәпсірінде былайша түсіндіреді: «Алла Тағала Өзінің құлдарына жасаған нығметін еске салып, былай дейді: Ол сендерге Жерді тұрақты мекен етіп берді, оған мызғымас тауларды қадап, өзендерді ағызды, өмір сүруге қолайлы етіп, үй-жайлар мен қоныстар салуға мүмкіндік берді. Оның игіліктерін пайдалануға рұқсат етті. Аспандағы бұлттарды бағынышты етіп, жерден ризықтарыңның шығуы үшін себептер жаратты. Сендерге тіршілік көздерін, яғни кәсіп пен табыс табатын түрлі жолдарды кеңінен жайып қойды. Алайда, осының бәріне қарамастан, адамдардың көбі шүкір етуге сараңдық танытады».
Алла Тағала адам баласының ризығының мол болуына, жер бетіндегі несібесін табуына арнайы берекелі уақытты да берген. Солайша, пенделерінің тіршілік қамы үшін іс-әрекеттерін жасасын деп күндізді жаратқан. Жаратушы Жаббар иеміз Құранда:
وَجَعَلْنَا النَّهَارَ مَعَاشًا
«Ал күндізді тіршілік көзі еттік», – деген («Нәбә» сүресі, 11-аят).
Имам ат-Табари өзінің тәпсірінде:
«النَّهَارَ مَعَاشًا» – «Күндізді тіршілік көзі еттік» деген аятқа: «Бұл – пенделерге арналған Алланың кеңшілігін іздейтін уақыты», – деп түсіндірген.
Адал саудамен айналысу, яғни адал еңбек жасау, адамның өз уақытын берекелі өткізу, ақыретіне де, өміріне де пайдалы іспен айналысу деген сөз. Ізденіп, өнер, кәсіп үйреніп, сауда-саттық жасап, адал ризықпен отбасымды асыраймын деген уайымдағы адамның өзге күнәлі іспен шаруасы да болмайды. Бұны Хакім Абай қырық екінші қарасөзінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті қорлық көрмей ме?» – дейді.
Сахаба ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Расында, мен адамның қол қусырып, дүниесіне де, ақыретіне де пайда беретін іспен айналыспай құр жүргенін құп көрмеймін», – деген екен.
Қисса
Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге отырған болатын. Сол сәтте олар еңбек етуге ерте шыққан, қуаты мен қайраты мол жас жігітті көріп:
– Мынау неткен өкінішті жағдай! Осынша жастық шақ пен күш-қуат егер Алланың жолында жұмсалса ғой, – дейді арасынан біреуі.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұған былай деп жауап берді: «Ондай сөз айтпаңдар! Егер ол жас – өз жанын асырау үшін жүрсе, ол Алланың жолында, егер ол қарт ата-анасын немесе кішкентай, мұқтаж балаларын қамтамасыз ету үшін еңбектеніп жүрсе, ол да – Алланың жолында. Ал егер ол – мақтан үшін, байлық пен атаққа ұмтылып, өзгелерден артық болу мақсатында жұмыс істеп жүрсе, онда ол – шайтанның жолында», – деген екен (имам Табарани).
Лұқман Хакім ұлына: «Уа, балам! Адал кәсіп істеу арқылы кедейліктен арылуға тырыс. Өйткені адам кедейленсе, міндетті түрде мына үш жағдайға ұшырайды: дінінде әлсіздік пайда болады, ақыл-санасы төмендейді, ерлігі мен мәрттігі жоғалады. Бұлардан да ауыр соғатыны – адамдар оны менсінбей, төмен санай бастайды», – деген екен.
Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) ризық табу тұрғысында: «Ешбірің: «Уа, Алла! Маған ризық бере гөр!» – деп, қол қусырып отырмаңдар. Сендер көктің алтын мен күміс жаудырмайтынын білесіңдер ғой», – деген.
Бірде Хазіреті Омар бір сахабаның егістікпен айналысып жатқандығын көреді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) ол кісіге: «Еңбектеніп жатқаның өте дұрыс, осы ісің арқылы адамдарға жалынышты болмайсың, әрі дініңде бекем болуыңа да әсерін береді», – деген екен.
Сол себепті де, еңбек ету – тек дүние табудың емес, жүректі тәрбиелеудің, отбасыға қамқор болудың, шынайы мұсылмандықтың бір көрінісі екенін ұмытпаған жөн. Себебі адал еңбек – иманның жемісі. Қазақ халқы ежелден-ақ еңбекті қадір тұтқан. Атамыз қазақ: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» – деп, тіленшілік емес, тіршілікке лайық еңбек етуге шақырған.
Екінші: сауда-саттықта шынайы әрі әділ болу
Сауда-саттық жасайтын адам әділдікті ұстанып, тауардың айыбын жасырмай, бағасын тым көтермей, таразыда дұрыс өлшеу сынды істерге аса мән беруі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَأَوْفُوا الْكَيْلَ وَالْمِيزَانَ بِالْقِسْطِ
«Таразыда өлшеу мен тартуды дұрыс орындаңдар», – деп бұйырады («Әнғам» сүресі, 152-аят).
Сонымен қатар:
وَيْلٌ لِّلْمُطَفِّفِينَ. الَّذِينَ إِذَا اكْتَالُواْ عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَ. وَإِذَا كَالُوهُمْ أَو وَّزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَ. أَلا يَظُنُّ أُوْلَئِكَ أَنَّهُم مَّبْعُوثُونَ
«Өлшеуде, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да. Қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетінін ойламай ма?» – деп айтқан («Мұтаффифин сүресі», 1-4-аяттар).
Имам Құртуби (Алла оны рақымына алсын): «Бұл сүре Әбу Жухайна деп танылған, шын аты Амр деген кісіге байланысты түскен. Ол кісінің екі таразысы болған. Бірімен өлшеп алатын болса, екіншісімен өлшеп береді екен», – дейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
التَاجِر الصَّدُوق يُحْشَرُ يَوْمَ القِيامَة مَع الصِّدِّيقين و الشُّهَداء
«Шыншыл саудагер қиямет күні шыншылдармен және шейіттермен бірге тіріледі», – деген (имам Термизи).
Қисса
Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір оқиғаны былайша баяндайды:
Ертеде бір кісі екінші біреуден бір жер телімін сатып алады. Көп ұзамай, әлгі сатып алушы жердің ішінен алтынға толы бір сандық тауып алады. Ол жердің бұрынғы иесіне барып:
- Мына алтыныңды қайтып ал. Мен сенен жерді ғана сатып алдым, алтынды емес, – дейді.
Бұған жер сатқан кісі:
- Мен саған жерді және оның ішіндегінің бәрін саттым, – деп жауап береді.
Екі жақ өзара келісе алмай, бұл мәселені шешу үшін үшінші бір адамға жүгінеді. Сол кезде төреші екеуінен де:
- Сендердің балаларың бар ма? – деп сұрайды.
Бірі:
- Менің ұлым бар, – дейді.
Екіншісі:
- Менің қызым бар, – деп жауап береді.
Сонда қазы:
- Ендеше, балаларыңды үйлендіріңдер де, табылған байлықты солардың пайдасына жұмсаңдар, – деп үкім шығарған екен (имам Мүслим).
Үшінші: сауда барысында сатып алушыға зиян келтірмеу
Сауда барысында сатып алушыға зиян келтіретін кез келген әрекеттен сақтану қажет. Саудадағы әділеттілік – мұсылман бауырына зиян тигізбеу деген сөз. Бұл істегі негізгі қағида: адам өзіне қалаған нәрсені өзге бауырына да қалауы тиіс. Егер бір зиян нәрсе өзіне қатысты жасалса, ол оған ауыр тиіп, көңіліне салмақ түсіруі мүмкін. Сол секілді теріс іс-әрекетті басқа біреуге де жасауға болмайды. Адам өз мал-мүлкіне қалай қараса, өзгенікіне де солай қарап, құрмет көрсетуі керек. Имам Әбу Хамид әл-Ғазали саудаға қатысты бірнеше көріністерді айтып өтеді, олар:
- Тауарды мақтап, онда жоқ қасиеттерді қоспау;
- Тауардың ақауларын және жасырын сипаттарын еш бүкпей айту;
- Өлшем мен таразыда ешқандай алдауға жол бермеу.
Төртінші: тапқан табысын қанағат тұту
Мұсылман адам саудагер не өзге кәсіп иесі болмасын, еңбек еткеннен кейін сол еңбегі арқылы тапқан нәпақасына ризалық танытып, қанағат етуі қажет. Қанағат деп адамның өзінде барына шүкір етіп, өзгенің мал-мүлкіне көз сүзбеуін, тойымсыз әрі ашкөз болмауын айтады. Қанағатшыл адамның жүрегіне тыныштық орнап, мал-дүниесіне береке кіреді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَإِذْ تَأَذَّنَ رَبُّكُمْ لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِنْ كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ
«Сол уақытта Раббыларың: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты» деп ескертті», – деп айтқан («Ибраһим» сүресі, 7-аят)
Қазақ халқында да қанағат жайында «Жоқты бар десең – құт болар, Барды жоқ десең – жұт болар», «Қанағат қылсаң, қарның тоқ», «Қанағатшыл қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген мақал-мәтелдер көп.
Сүйінбай бабамыз:
Қолдағыға қанағат-шүкір қылмасаң,
Болады бар да – арманда, жоқ та – арманда, – деп, қанағат етпеген адам қолындағы барынан айырылатынын айтқан. Ыбырай Алтынсарин осыған ұқсас: «Аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың. Азға қанағат қылмасаң – көптен құр қаласың», – дейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
قَدْ أَفْلَحَ مَن أَسْلَمَ، وَرُزِقَ كَفَافًا، وَقَنَّعَهُ اللَّهُ بِمَا آتَاهُ
«Мұсылман болып, жеткілікті ризық-несібесі болған және Алланың бергеніне қанағат еткен кісі табысқа жетеді», – деген (имам Мүслим).
Бір сахаба ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен адамдардың ішінде ең бай адам болғым келеді. Маған жол көрсетіңіз?» – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қанағатшыл бол. Алланың саған берген үлесіне разылық таныт», – деп жауап берген екен.
Бесінші: рухани құндылықтарды сауда-саттықтан жоғары қою
Мұсылман адамның сауда-саттық жасап, кәсіппен айналысуындағы мақсат – ешкімге мұқтаж болып, қол жаймау, дүниеге тәуелсіз болып, алаңсыз құлшылығын жасау. Сондықтан да мұсылман үшін сауда-саттық, дүние мәселесі ешуақыт рухани құндылықтардан жоғары тұрмайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نُودِيَ لِلصَّلاَةِ مِن يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَى ذِكْرِ اللهِ وَذَرُوا الْبَيْعَ ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ. فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلاَةُ فَانْتَشِرُوا فِي الأَرْضِ وَابْتَغُوا مِنْ فَضْلِ اللهِ وَاذْكُرُوا اللهَ كَثِيرًا لَّعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Жұма күні азан айтылып, намазға шақырылған кезде, дереу Алланы еске алуға асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл сендер үшін әлдеқайда жақсы. Намаз өтелген соң, жер жүзіне таралыңдар да Алланың кеңшілігімен ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса Алланы көп зікір етіңдер (еске алыңдар). Сонда құтылып, мұрат-мақсаттарыңа жетерсіңдер», – деген («Жұма» сүресі, 9-10-аяттар).
Бұл аяттарға назар салатын болсақ, мұсылман адам жұма намазына дейін еңбек етіп, яғни саудасын жасап, ал жұмаға азан шақырылған кезде дереу сауда-саттықты тоқтатып, Алла Тағаланың парызын өтеуге асығуы тиіс. Демек, рухани құндылық дүниелік істерден жоғары тұрады. Жұма намазы аяқталысымен қайтадан Алла Тағаланың несібесін іздеп, еңбек етуге кірісіп, нәпақа табу жолына түседі.
Халқымызда «Пайда ойлама, ар ойла», «Адам болам десең, арыңды пұлға сатпа» дейтін нақыл сөздер бар. Мұсылман адам ешуақытта дүние үшін ар-намысын сатпайды. Әсіресе, халық қиын жағдайға тап болған уақытта соны пайдаланып, ақша тауып, дүние қармап қалайын деген пейілде болмайды. Қайта басқаларға көмек қолын созуға мүмкіндігі бар болса, оны сауап алу үшін Алла Тағаланың берген игілігі деп түсініп, өзгелерге қол ұшын созып, көмектесуге тырысқаны жөн.
Құрметті жамағат!
Сауда – тек пайда табудың жолы ғана емес, мұсылманның ар-ожданы мен сенімін айқындайтын маңызды тақырып. Исламда сауда-саттықтың әдептері – пайданы ғана емес, пенденің парасатын, шыншылдығын, тақуалығын айқындайтын өлшем. Әрбір саудагер – тек сатып алушының емес, Раббысының алдында да жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Адал табыс – берекенің кілті, әділ мәміле – қоғамға сенім ұялататын негіз. Екі дүниенің бақытына ұмтылған жан үшін сауда – тек кәсіп емес, екі дүниенің де нығметіне жол ашатын құлшылық. Сондықтан шынайы саудагер – сөзіне берік, таразыға әділ болуы тиіс. Өйткені сауда – пайғамбарлар аманаты, үмбетке қалдырған асыл өнегесі.