Әлемдерді жаратқан Алла, соңғы діні Исламды Мұхаммед (с.ғ.с) уаһи арқылы жіберіп, бүкіл адамзатты бақытқа жетелеуді мұрат еткен. Жер бетіндегі барша адамзаттың Пайғамбары болған Мұхаммедтің (с.ғ.с) әрбір ісі мен сөзі он төрт ғасырдан бері зерттелуде және ақыретке дейін зерттеле бермек. Біз де бүгін қолымыздан келгенше бір хадистің хикметі туралы жазуды қолға алып отырмыз. Уақытыңыз болса, бірнеше минутыңызды бөліп оқып шығуыңызға кеңес берер едім.
Әбу Сайд Әл-Қудри (Алла одан разы болсын) пайғамбарымыздан мына бір хадисті біздерге жеткізген:
أَنَّ أَعْرَابِيًّا سَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم عَنِ الْهِجْرَةِ، فَقَالَ: (وَيْحَكَ، إِنَّ شَأْنَهَا شَدِيدٌ، فَهَلْ لَكَ مِنْ إِبِلٍ تُؤَدِّي صَدَقَتَهَا). قَالَ: نَعَمْ، قَالَ: (فَاعْمَلْ مِنْ وَرَاءِ الْبِحَارِ، فَإِنَّ اللَّهَ لَنْ يَتِرَكَ مِنْ عَمَلِكَ شَيْئًا).
Бір бәдәуи, Алла елшісінің жанына келіп, көшу (хиджрет) жайында сұрақ сұрады. Сонда, Пайғамбарымыз оған: «Көшу оңай шаруа емес» дегеннен кейін «Сенің зекеті берілген түйелерің бар ма?» деп сұрады. Адам «иә» деді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз былай деп бұйырды: «Олай болса, теңіздердің арғы бетінде болсаң да, өзіңе тиесілі амалды орында. Әлбетте Алла сенің амалыңның ешбірін кемсітпейді». (Бұхари, Зекет 5)
Қасиетті Құран Кәрімде болсын, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде болсын мезгіліне қарай көшуге ынталандырады. Мұсылмандардың күнтізбесі Меккеден Мәдинаға көшумен бастау алып исламда жер ауыстыру өзіне тән ерекшелімен қалыптасқан. Сонымен қатар, қауіпсіз әрі сенімді жерге, мүлкі мен ар-намысын қорғай алатын жерге қоныс аудару – салауаттылықтың белгісі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылған хикметтерге тоқталар болсақ, олар мынадай:
- Адамдар арасында дінге шақыру немесе дінді түсіндіру барысында барлығына бірдей қарау дұрыс емес. Әр адамның өзіне тән әлеуметтік жағдайлары, тәрбиесі, әдеттері және психологиялық жағдайы әртүрлі. Бір адамға оңай нәрсе екіншісіне қиын болуы мүмкін. Бір адамға қиындық тудырмайтын жағдай екіншісіне қиындық тудыруы мүмкін. Міне осы себептен әр адамның жағдайын ескеріп, оларға сәйкес дінді түсіндірген абзал.
- Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ерекше қасиеттерінің бірі – алдындағы адамның не істей алатынын және не істемейтінін анықтаудағы ақылдылығы мен парасаттылығы. Жоғарыда айтылған хадисте, Пайғамбарымыз бәдәуиге көшудің қандай қиындықтар тудыруы мүмкін екенін алдын ала көріп, оны өз жерінде қалуға шақырған. Белгілі болғандай, бәдәуилер – шөл далада тұратын көшпелі араб қауымдастықтары. Олар қала өміріне үйренбеген. Шөлдің қатал климаты олардың табиғатында көрініс табады. Сондықтан олар бір жерде ұзақ тұруға шыдай алмайды. Олар үнемі көшкісі келеді. Егер осындай мінезді біреу көшіп, қалаға қоныстанса, біраз уақыттан кейін қала өмірінен жалыққандық және оған бейімделе алмау сияқты қиындықтар туындайды. Сонымен қатар, егер бұл бәдәуи өз әдет-ғұрыптарын қалаға әкелуге тырысса, қаладағы адамдар арасында тәртіпсіздіктер орын алуы әбден мүмкін. Осының бәрін ескере отырып, Алла Елшісі бәдәуиді өз жерінде, яғни «теңіздердің арғы жағында болса да» тұруға шақырды.
- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл бәдәуиден байлығының зекетін төлеп-төлемегенін сұрады. Зекет төлеу – бай адам кез келген жерде оңай орындай алатын ғибадат. Әлгі адам: «Иә, мен зекетімді төледім», деп жауап бергенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Алла сенің амалдарыңның сауабын кемітпейді», деп қосты. Басқаша айтқанда, бұл амалды шөл далада немесе Мәдинаның ортасында жасасаңыз да, ештеңе өзгермейді; ізгі амал қай жерде жасалса да сауапқа ие болады. Сондықтан, әрбір науқасқа бірдей дәрі жазып беретін дәрігер сияқты әрекет ету дұрыс емес. Біз әрбір адамның қазіргі жағдайында не істей алатынын ескеріп, соған сәйкес рецепт ұсынуымыз керек. Егер адамның дене бітімі көші-қонға төтеп бере алмаса, біз оған көш деп айта алмаймыз. Ал егер бұл адам тұрақтауға шыдай алмаса көшуінің міндетті екенін айтамыз. Бай адамға зекет беру керек екенін, кедей адамға зекет бермеу керек екенін айтатынымыз сияқты.
- Егер бұл адам Мәдинаға көшіп келген болса, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) және басқа сахабалармен бір ортада, бір қалада, бір көшеде болып, үнемі сол ауамен тыныстар еді. Осыған қарамастан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай орта оған жақсы болмауы мүмкін деп ойлап, оны өз жерінде қалуға, көшпеуге шақырды. Бұлай деуінің астарында, мұсылман болып ислам дінін ұстану үшін міндетті түрде Меккеде немесе Мәдинада, қасиетті және киелі деп саналатын жерлерде болу міндетті емес. Сол сияқты, пайғамбармен бір дәуірде өмір сүріп, оның көршісі болуы міндетті емес. Шын мәнінде, бір қалада және бір уақытта тұру кейбір адамдардың діни өміріне кері әсер етіп, жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Олай болса, «Меккеде тұрсам, Қағбада үнемі дұға ету қандай керемет болар еді» немесе «Егер мен Мәдинада тұрсам, мені үнемі Алла Елшісінің қабірі мен оның сахабаларының естеліктері қоршап жүрер еді» деген сияқты тілектерді айту адамды адастыруы мүмкін. Ол жерлерде күнәһарлар тұрмай ма? Сол жерлерде жақсы істер көбейгені сияқты, күнәһарлар да көбейеді. Өйткені адамның сауаптары мен күнәлары берілген нығметтерге байланысты көбейеді. Шынында да, Раббымыз Пайғамбарымыздың мүбәрәк әйелдеріне және мүміндердің аналарына үндеу тастап: «Уа, Пайғамбардың әйелдері! Сендерден кім жария түрде арсыздық істесе, оның жазасы екі еселенеді. Бұл Алла үшін оңай. Бірақ сендерден кім Аллаға және Оның Елшісіне бойсұнып, ізгі іс істесе, Біз оған екі есе сый береміз және оған жұмақта мол ризық дайындаймыз» (Ахзаб 30-31).
- Пайғамбарымыздың бұл хадисінен «Сендердің жаман деп санағандарың сендер үшін жақсы болуы мүмкін, ал сендер ұнатқандарың сендер үшін жаман болуы мүмкін» (Бақара 2:216) аятының мысалы сияқты. Бұл бәдәуи жақсы ниетпен Мәдинаға қоныс аударғысы келді. Ол мұны діни өмірі үшін жақсы нәрсе деп санады. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған жақсы деп санағандары өзі үшін жаман болуы мүмкін екенін айтып, оны бұл шешімнен бас тартуын әдептілікпен түсіндірді. Ол өзі жаман деп санаған өз жерінде қалғаны жақсырақ екенін осылайша көрсетті. Сондай-ақ бұл хадис, бізге біліміне, тәжірибесіне және біліктілігіне сенетін адамдармен кеңесудің өте маңызды екенін көрсетеді. Бізге жақсы, дұрыс және пайдалы болып көрінетін нәрселерде біз назардан тыс қалдырған кедергілер болуы мүмкін. Сол саланың білімді адамдары, бізге мәселенің әртүрлі қырларын көрсете алады.
- Бұл хадистен алатын тағы бір сабағымыз – шешім қабылдаған кезде мәселені бірнеше тұрғыдан бағалау, асығыс шешімдерден аулақ болу және пайда мен зиян арасындағы тепе-теңдікке назар аудару қажет. Біз мәселелердің біз болжай алмайтын өлшемдері мен салдары болуы мүмкін екенін ескеруіміз керек және «Осылай әрекет ету менің дінім мен дүниелік өмірім үшін қандай салдары болады?» деген сұрақты мұқият қарастыруымыз керек. Біздің дінімізде пайда мен зиян (маслахат-мәфсадат) арасындағы тепе-теңдік өте маңызды. Мұнда пайда мен зиян біздің күнделікті өмірімізде, дүниелік және мәңгілік өмірімізге қатысты пайда мен зиянды білдіреді.
- Бұл хадистен келесі қорытынды жасауға болады: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері мен іс-әрекеттерінде шексіз даналық бар. Бұндай хадистерді ескермей, бұл дінді дұрыс түсіну және өмір сүру мүмкін емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі Құран болатын. Пайғамбарымыз жер бетіндегі даналықтың, парасаттылық пен әдептіліктің көрінісі. Оның айтқан әрбір сөзінде даналық, ал әрбір ісінде сұлулық бар.
Сөзсіз, бұл хадистен тағы да көптеген хикметтер шығаруға болады. Раббымыз бізге осындай хикметтерді түсініп, түсіндіруге және оларды өмірімізде көрсетуге мүмкіндік берсін. Ақыретке дейін сақталатын және хикметі таусылмайтын Құран мен хадистерді түсінуде Алла біз бен сізді адастырмасын.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
«Qamqor-Astana» қоғамдық қорының теолог маманы, PhD









