«Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар, Хақиқат та, дін дағы – тереңінде» деп Абай хакім айтқандай, тереңіне бойламаған бәз-біреулер: «Дін деген дүние – адамзат баласын бөлшектейтін, өз мүддесін қорғайтын бір құрылым; шынтуайтында бұл да бір саяси құрал; Ислам да – сол; жалпы дін атаулы монотропизм идеясына, адамзаттың бірлікте, ынтымақта күн кешуіне кедергі», деген секілді пікірлерін қоғамға таратуда. Шынымен солай ма?
Рас, бір қараған адамға Құрандағы иман келтіргендер мен мүшріктердің, кәпірлердің, екіжүзділердің аттары аталып, оқиғалар келтіріліп, оларға қатысты үкімдердің айтылуы – адам баласын бөлшектегендей, оларды бір-біріне айдап салып жатқандай көрінеді. Ал байыптап қараған адамға: Құран Кәрімді тұтас мәтін ретінде қорыта оқыған, Пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) сүннетін пайымдаған, халифат тарихын (ондағы басқа дін өкілдеріне қатысты қарым-қатынасты) зерделеген адамға шындықтың басқа қыры көрінеді.
Мынандай заңдылық бар: жас ұлғайған сайын, ғұмыр дұрыс сүрілсе, адам «мені» ұлғая береді. Мысалы: ақ некеңді қиып, отау құрған күні «менің» кемі екі есе зораяды. Сенің ішіңе екі «мен» сыйып тұр енді: өзің және жұбайың. Енді Құдай қосқан қосағыңның қуанышы мен мұңы, арманы мен аңсары – саған ортақ, сенікі! Сәбиің дүниеге келген күні «менің» тағы ұлғаяды. Енді «меніңнің» ішінде «біз» бар! Дәл осылай, есі бар жігіттің (қыздың) «менінің» ішінде әке-шешесінің, ата-әжесінің, іні-қарындастарының «мендері» бірге жүреді. Одан да есті жігіттің «ішінде» туыстарының, достарының «мені» жүреді. Ал нағыз Ердің ішінде халқының «мені» қоса жүреді: ұлтының өткенін – тағдыры мен мұң-зарын, бүгінін – қамы мен үмітін, ертеңін – арман-мұратын арқалап жүреді, аялап жүреді! «Өзін ғана ойлаған –жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі», «Жеті атасын білген ұл –жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл – құлағы мен жағын жер» демей ме аталарымыз?! «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол!» деген Абай хакім өсиеті де, Құран аяттары мен хадистердің мән-мазмұны да – осы адами «меннің» зораю Жолының ишарасы…
Адамның рухани өсуінің, жан-дүниесінің зораюының ең биік шыңы – әулиелік деңгей. Өйткені Әулиенің «мені» – адамзаттың, тіпті күллі тіршіліктің «менін» ішіне қамтиды. Ислам ғұламалары, сопылық жолдың білгірлері тура жолдан таймаған мүміннің ұстазының «менімен» бір толқында тербелетінін, одан кейін сүйікті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) «менімен» үндесетінін, одан ары бүкіл ғаламмен, барша жаратылыспен Бірлік күйін сезініп, ең ақырында Алла Тағаланың «меніне» сіңіп-қосылатынын айтады.
Алайда бұл биіктік бірден болмайды. Рухани эволюция жолымен, Алланың жарылқауымен орнайды. Әуелі өзіңді сүйесің, ата-анаң мен еліңді сүйесің. Сосын өзіңнің Адам екеніңді танығанда адамзатты, махаббатпен жаратқан Иеңді танығанда Алла Тағаланы, орны мен қадірін түсінгенде Пайғамбарыңды сүйесің. Басында өз абыройыңды ғана ойласаң, есейе келе әулетіңді уайымдайсың, сосын рудың намысы үшін жаныңды саласың, сосын (дамуың дұрыс болса) ұлт қамын, одан кейін бүкіл адам баласының тағдыр-тәлейін ойлап – «бірігесің»…
Асыл дініміз осыны ишаралайды, дәйектейді. Әуелі иман келтірген адамды өз пенделік «менінен» (нәпсісінен) жоғары көтеруді үйретеді, сосын имани бауырмалдықты – «үмбет» ұғымын ұғындырады. Ең соңында «Бәрің бір ата, бір анадан тарағансыңдар» деген мазмұндағы аяттар арқылы адамзаттық санаға көтереді.
Иә, қасиетті Құран бойынша: Адам – Алла Тағаланың жердегі орынбасары; адамзат нәсілі – бір Ата, бір Анадан тараған бауырлар, артықшылық – ар мен ақылда, мейірім мен сабырда, бір сөзбен айтқанда, адамгершілікте. Ұлттар мен руларға бөліп, «бір-бірімен таныссын, жақсылық жолында жарыссын» деп жаратқан. Дәлелі мына аят: «Уа, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға, ру-тайпаларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуа болғандарың. Шәксіз, Алла – толық Білуші, әр нәрседен Хабар алушы» («Хужурат» сүресі, 13-аят). Осы аяттың қысқаша мағынасын байыптасаңыз: «Барлығың – адамсыңдар, бауырсыңдар, сондықтан бір-біріңді құрметте, жақсы көр – жоғарғы дәреже осы; сосын ұлтыңа қызмет ету – міндетің; адамшылық – ең үлкен құндылық» деп тұр емес пе?..
Мәселенің – дінде емес, оны дұрыс түсіне алмаған, өз дәрежесінде ұстана алмаған пенделерде екенін Шәкәрім қажы былай айтыпты:
Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,
Тексерсең, ойың түгіл жаның сасар.
Әлемдегі діндердің түп мақсұты –
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар.
«Інжіл» «Құран» – бәрі айтып тұрса-дағы,
Адасып, ардан күсіп, қара басар.
Сөйтіп, бұзып, бүлдіріп есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін үйтіп дұспап бол демейді,
Қанеки, бұл сөзіме кім таласар? (Шәкерім Құдайбердіұлы)
Кең мағынасында «дін» дегеніміз – Алла мен Адам арасындағы махаббат, ал иман – Құдіретті де Мейірімді Иеңе сену, сүйену, сүю! Иман арды күшейтсе, ар иманды күзетеді, махаббат екеуін түзетеді! Ар-иман-махаббатпен сәулеленген Ақыл Парасатқа (нұрлы ақылға) айналмақ…
Дін – адам болмысын түсіндіретін, жан-дүниесін тазартатын, рухани жетілдіретін терең Ілім. Дін дегеніміз – әр оқиға мен әр құбылыстың, яки барша өмірдің мәні мен мағынасы бар екеніне, оған мән мен мағына дарытып жаратқан Құдіретті де Мейірімді Иеміздің бар екеніне және құлшылыққа лайық тек Сол ғана екеніне деген Сенім. Дін ұстану дегеніміз – сол ұлы сенімнен, терең танымнан туындаған өмір сүру салты. Ал хақ діннің басты белгісінің бірі – адам жанын ізгілендіріп, рухын асқақтатуы. Шынайы дін – бүкіл Ізгілік ұстындарын бойына жиған, Бақытқа жеткізер Өмір Жолы.
Ислам: тарихи тұғыда – соңғы, мағынауи тұрғыда – бүкіл «тарихи» діндерді ішіне қамтыған Дара Құдайдың Жалғыз діні. Ислам шариғатыт– Жаратушы үкімдерін құрметпен қабыл алуды, Оған бас ию арқылы есендік пен бақытқа кенелуді және осы игіліке бөлену үшін қажетті іс-амалдарды атқаруды білдіреді. Ислам діні – барлық қатынас пен іс-әрекетте орта жолды уағыздайтын дін: дүниеден безу, үйленбеу, монах болып аулақ кету, қоғамнан тыс өмір сүретін діни тап немесе мекеме секілді адам болмысына кереғар дүниелер жоқ. Әр адам жеке және кез келген уақытта, кез келген жерде Жаратушысымен байланысып, құлшылық жасай алады. Хақ дін Исламның үкімдері – адам табиғатымен үйлесімді болып келеді және осы себепті ол «табиғи дін» деп те аталады. Бұл мәселе аятта былай көрініс тапқан: «(Уа, Мұхаммед) Ханиф ретінде жүзіңді Ислам дініне жөнелт. Алла жаратқан адам баласының табиғи болмысы – сондай. Алланың жаратылысы еш өзгермейді. Осы – тұп-тура дін. Бірақ, адамдардың көбі түсінбейді» («Рум» сүресі, 30-аят).
Ислам: барлық діннің – бір қайнардан шыққанын, барлық Пайғамбардың – бір тізбектегі, бір мақсаттағы бауырлар екенін дәйектейді. Соңғы Елші әрі Пайғамбар Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) – күллі адамзатқа және ақырзаманға дейінгі адамзат пен жын атаулының барлығына бірдей жіберілгенін айтады: «Сені – жалпы адам баласына қуандырушы, қорқытушы етіп қана жібердік. Бірақ адамның көбі түсінбейді» («Сәбә» сүресі, 28-аят); «(Мұхаммед, оларға айт:) Уа, адам баласы! Мен барлығыңа жіберілген Алланың елшісімін» («Ағраф» сүресі, 158-аят), «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені бүкіл Әлемге рахмет етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят.)…
Енді бір үзік сүйікті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) өнегесі мен адам баласының бірлігі мен адамзаттық санаға көтерілуге үндеген өсиеттеріне назар салайық: «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға пайдалы болғаны…» (Табарани, Ибн Әбу Дуния) – мән беріңіз: «адамдарға пайдалы болғаны»; «Сендердің маған ең сүйіктілерің – ахлақта жақсы, кішіпейіл болғандарың, адамдарды дос тұта білгендерің және адамдар жағынан дос тұтылғандарың. Сендердің маған ең жеккөрініштілерің – өсек тасығандарың, достардың арасын айырғандарың, жақсыларды қаралағандарың» (Табарани, Бәззар жеткізген) – мән беріңіз: «адамдарды дос тұта білгендеріңіз»…
Ал мына бір аятта діндер сабақтастығы мен ортақ құндылық, ең қымбат жаратылыс иесі мен адамзаттық сана бірлігі ашық, анық көрсетілген: «Осы себепті Исраил ұрпақтарына: «Кім де кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе – барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал енді кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) – барлық адамды тірілткенмен тең», деп жаздық…» («Маида» сүресі, 32-аят) – Мағынасы: әр адам – Жаратушы үшін сондай қымбат: бір адамның құны – бүкіл адамзаттың құнымен пара-пар; ендеше әр адамды қадірле, жақсы көр…
Нұрлы ақылмен терең зерделеген адам: Тәңірдің – Бір-Дара екенін, діндердің – Бір Дін екенін, діндердің танымы, Жолы – түбінде ортақ Ақиқатта түйісетінін түсінеді. Даналар көшінде дара орны бар Абай хакімнің сөзімен ойымызды бір түйіндейік:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!
Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,
Және «хақ жолы осы» деп Әділетті!
Осы үш сүю болады имани гүл,
«Иманның асылы – үш» деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл!..
Иә, Аллаға, періштелерге, Кітаптарға, Елшілерге, тағдырға және Ақырет күніне деген иманымыздың жемісі, гүлі – осы үш сүю! Құдіретті де Мейірімді Иеміз баршамызға кәміл иман, дәреже-ихсан, қабыл болған амалдарды нәсіп етсін!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ